Жүрек физиологиясы
Жүрек қызметінің екі фазасын бөліп көрсетуге болады: систола (жиырылу) және диастола (босаңсу). Жүректің жиі жиырылуы кезінде әр фазаның қызметі төмендейді, әсіресе диастоланың. Жүрекшелердің диастоласы кезінде атривентрикулярлы клапандар ашық және сәйкес тамырлардан келетін қан, қарыншаларды да толтырады. Жүрекшелердің систоласы кезінде қарыншалар толығымен қанмен толады. Осы кезде қанның қуыс және өкпе көктамырларына кері ағысы болмайды. Қарыншалар систоласының аяғында олардағы қысым аорта мен өкпе өзегіндегі қысымдардан үлкен болады. Бұл айшықты клапандардың ашылуына себепші болады, ал қан қарыншалардан сәйкес тамырларға ағады. Сөйтіп жүрек клапандарының ашылып- жабылуы жүрек қуысындағы қысымдардың өзгеруімен байланысты.
ЭЛЕКТРОКАРДИОГРАММА(ЭКГ) --- дененің әр бөліктеріне орналастырылатын электродтар көмегімен жүректің электрлік белсенділігін графикалық тіркеу әдісі .
ЭКГ әдісі арқылы
Жүрек жұмысының жалпы белсенділігін
Жүректегі қозудың таралу динамикасын
ЭКГ-дағы өзгерістер арқылы жүрек ақауларын т.б анықтауға болады
Электрокардиографияның нәтижесінде электрокардиограмма алынады. Электрокардиограмма (ЭКГ) — жүрек жұмысы нәтижесінде туындайтын және дененің бетінде жүргізілетін потенциалдар айырмасының графикалық көрінісі.
ЭКГ-да негізінен 5 тізшені ажыратуға болады: P, Q, R, S, T. Кейде U толқынын да байқауға болады. P тізшесі жүрекшелер миокардының қозу үрдісін көрсетсе, QRS кешені — қарыншалар систоласын, ST сегменті және T тізшесі қарыншалар миокардының реполяризация үрдісін көрсетеді. U тізшесінің түзілу табиғаты жайлы зерттеушілердің көрқарастары ажырайды. Бірқатары осы тізшенің түзілуі папиллярлы бұлшық еттердің немесе Пуркинье талшықтарының реполяризациясымен сипатталады деп есептесе, басқалары – диастола кезінде миокард жасушаларына калий иондарының кіруіменен байланысты деп есептейді.
Реполяризация үрдісі (Repolarization) — жасуша мембранасынан әрекет потенциалы өткеннен кейінгі осы мембрананың тыныштығының бастапқы потенциалы қалпына келу фазасы
Жүрек бұлшықеті қозғыштыққа, қозуды өткізуге, жиырылуға қабілетті.
Қозғыштық. Жүрек бұлшықетінің қаңқа бұлшықетіне қарағанда қозғыштығы төмен. Жүрек бұлшықетінде қозудың пайда болуы үшін қаңқа бұлшықетімен салыстырғанда күшті тітіркендіргішті қолдану қажет. Жүрек бұлшықетінің реакциясының шамасы берілетін тітіркендіру күшіне (электрлік, механикалық, химиялық және т.б.) байланысты болмайтындығы анықталған.
Өткізгіштік. Қозу толқыны жүрек бұлшықетінің талшықтары және жүректің арнайы тіні арқылы әртүрлі жылдамдықпен тарайды. Қозу жүрекшелер бұлшықеттерінің талшықтарымен 0,8—1,0 м/с жылдамдықпен, қарыншалар бұлшықеттерінің талшықтарымен 0,8—0,9 м/с жылдамдықпен, ал жүректің арнайы тіні арқылы 2,0—4,2 м/с жылдамдықпен таралады. Жиырылғыштық. Жүрек бұлшықетінің жиырылуының өзіндік ерекшелігі бар. Алдымен жүрекшелер бұлшықеттері жиырылады, содан соң – папиллярлық бұлшықеттер мен қарыншалар бұлшықетінің қабаты жиырылады. Ары қарай жиырылу қарыншалардың ішкі қабатын қамтиды, ол қарыншалар қуыстарынан қанның аорта мен өкпе өзегіне ағуын қаматамасыз етеді. Жүрек бұлшықетінің физиологиялық ерекшелігі – созыңқы рефрактерлі периоды мен автоматиясы болып табылады
Достарыңызбен бөлісу: |