Иммундық жүйенің әрекеті. Егер организмге әлдебір бөтен зат — антиген ене калса, оны иммундық жүйенің лимфа сұйығы лимфалық органдарға жинайды. Ол жерде макрофаг антигенмен мұқият жанасып, антигеннің" бөтен" бөлшектерінің (детерминантының) құрылысы туралы мағлұматты егжей-тегжейлі "есіне жазып" алады. Бұл антиген организм үшін бөтен болғандықтан артынша макрофаг оны жұтып жібереді (макрофагтың клеткасының ішінде кез келген антигенді ыдыратып, қорыта алатын ферменттер жетіп жатыр). Макрофаг детерминанттың құрылысы туралы есіне сақтап алған хабарды Б-лимфоцитке, сонымен қатар көмекші Т-лимфоциттерге береді. Осыдан кейін көмекші Т-лимфоцит антигеннің детерминанты туралы мәлімет алып үлгірген Б-лимфоцит пен өлтіргіш Т-лимфоциттерді іске қосады. Осы айтылған клеткалар өздерінен ерекше лимфокиндер деп аталатын пептидтер (немесе шағын белоктар) бөледі және солар арқылы бір-біріне әсер етіп, иммундық клеткалар бірін-бірі іске қосады. Қазіргі кезде лимфоциттер бөлетін 100-ден аса лимфокин белгілі. Жоғарыда айтылған клеткалар өздерінен интерлейкин деген лимфокиндер бөліп шығарады. Макрофаг өз клеткасынан интерлейкин-1 деген имфокинді бөліп шығарады. Осы лимфокинмен байланысқан көмекші Т-лимфоцит бөліну жолымен көбейіп, ол да өзінен интерлейкин-2 лимфокинін бөле бастайды. Интерлейкин-2 Б-лимфоциттер мен өлтіргіш Т-лимфоциттерге әсер етіп, олардың тез бөлініп, көбеюіне мүмкіндік береді (интерлейкиндердің клеткаларды іске қосу әдісі қазір жан-жақты зерттелуде). Міне жоғарыда айтылған бұйрықтар осындай ерекше белоктар — лимфокиндер арқылы беріледі.
Макрофаг Б-лимфоцитке антигеннің бір түрінің ғана детерминанты туралы хабар береді, яғни бір лимфоцитке үсті-үстіне бірнеше антигендер түрі (мысалы, белок, вирус, полисахарид) туралы хабар бере алмайды. Осының артынша интерлейкин-2-нің әсерінен антиген туралы бар алған Б-лимфоциттер тез көбейіп, әлгі антигеннің бір түріне қарсы антиденелер жасайтын плазмоциттер деп аталатын клеткаларға айналады (плазмоциттер секундына 3000-ға дейін антидене молекулаларын жасай алады). Сонымен плазмоциттердің міндеті — антигеннің бір түріне қарсы антиденелердің бір түрін жасау. Организмге белок, вирус және бактерия түрінде үш антиген енеді делік. Бұл жағдайда макрофаг бір лимфоцитке тек белоктың, екінші лимфоцитке тек вирустың және үшінші лимфоцитке тек бактерияның детерминанты туралы мәлімет береді. Яғни Б-лимфоциттерден пайда болған плазмоциттердің бір тобы — белокқа, ал екінші тобы — бактерияға қарсы антиденелер жасайды.
Сонымен, денеге антиген түскен кезде иммундық жүйеде өте күрделі процесс жүреді, соның нәтижесінде осы антигенге қарсы антидене молекулалары жасалады, өлтіргіш Т-клеткалар бөтен клеткаларды жоюға дайын түрады. Антидене барлық деңгейдегі антигендерге қарсы бірдей қарқынмен жасалады. Лимфа немесе қан тамырларының ағысына түскен антидене өзіне сәйкес антигенді іздейді. Егер әлдебір органда немесе тканьде ондай антигенді тапса, онымен лезде байланыса кетеді. Антидене молекула түріндегі антигендермен байланысқан кезде ең алдымен ол антигенді негізгі қызметінен айырады. Мысалы, жыланның уында клетканы қоршап тұрған мембрананы ыдырататын ферменттер көп (жыланның уы қан тамырына енгенде ферменттер қан клеткаларын жоя бастайды). Егер сол фермент өзіне сәйкес антиденемен байланысса, қан клеткасын ыдырататын қабілетінен айырылады.
Иммунологиялық реакциялардың көп түрлілігі Т мен Б лимфоциттердің және макрофагтардың одақтасуының нәтижесінде антиденелердің (иммуноглобулиндердің) пайда болуымен байланысты. Антиденелер синтезі плазмоциттерде өтеді, олар Б-лимфоциттерден пайда болады. Б- және Т-лимфоциттердің сыртқы қабатында иммуноглобудиндік табиғаты бар рецепторлар орналасқан, Б-лимфоциттерде олар ондаған, жүздеген есе көп. Рецепторлар — клетка үстіндегі макромолекулалық құрылымдар, олардың көмегімен клеткалар антигендерді танып біледі. Сондықтан арнаулы рецепторлар проблемасы иммунологияда ең негізгілердің бірі болып табылады, себебі генетикалык жағынан "өзінікін" және "басқаны" ажырату осыған байланысты. Б-жүйесі көптеген бактериялық инфекцияларда антитоксиндік иммунитетке, анафилаксияға, жылдам типті аллергияларға, кейбір аутоиммундық ауруларға көбірек жауапты. Т-жүйесі көптеген вирустық инфекцияларға, туберкулезге, бруцеллезге, орган алмастыру және ісікке қарсы иммунитетке жауапты. Б-лимфоциттер гуморальдық иммундық жауапты, ал Т-лимфоциттер клеткалық типтегі иммундық жауапты іске асырады.
Эволюциялық жолмен үш түрлі: Конституциялық, фагоциттік және лимфоидтық иммуногендік жүйелер қалыптасты.
Конституциялық жүйе немесе конституциялық иммунитеттің ең ежелгі түрі. Ол күллі тіршілік иелеріне ортақ, ал микробтар мен өсімдіктерде иммунитеттің бірден – бір түрі. Фагоциттік жүйе немесе фагоциттік иммунитет, омыртқасыз жануарларда пайда болады. Ал омыртқалы жануарларда иммунитеттің үшінші ең жетілген түрі – лимфоидтық жүйе пайда болады.
Иммунитеттің конституциялық жүйесі. Конституциялық иммунитет жануарлардың әрбір түріне тән қасиет болған соң, ертеректе түрлік иммунитет деп аталады. Конституциялық иммунитеттің өзін мынадай топтарға ажыратамыз:
1.Таксондар иммунитеті. Ол туа біткен табиғи төзімділікті жануарлардың әрбір түрінен бастап ең жоғарғы таксономиялық топтарына (отряд, класс, тип, т.б.) қатысты қарастырады.
2.Түр ішіндегі иммунитет. Бір түрге жататын әртүрлі нәсілдің (адамға қатысты) немесе тұқымның (малға қатысты, орысша –порода) иммунитеті.
3.Индивидуумның (жеке жануардың, не адамның), иммунитеті. Жеке жануарлардың иммунитеті кез келген инфекцияда байқалады. Қандай бір жұғымтал аурудың еңбір жаппай білінген кезінде де барлық мал 100 пайыз ауруға шалдықпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |