1.2.Картографияның басқа ғылым салаларымен байланысы.(Геодезия. Топография)
Геодезия (грек тілінен аударғанда geodaisia, ge- жер daio –бөлемін-Жердің пішіні мен мөлшерін анықтауда, оның бетін картада бейнелеуде, сондай-ақ инженерлік жұмыстарды жобалауда, жүргізуде және оны пайдалануда қолдаылатын әр түрлі өлшеу тәсілдері туралы ғылым. Геодезия— жоғары геодезия, космостық геодезия, топография, фототопография және аэрофототопография, инженерлік (қолданыстағы) геодезия болып бірнеше ғылми пәнге бөлінеді. Геодезиялық тірек пункттерінің торын құру (триангуляциялық, полигонометриялық, трилатерациялық, нивелирлік, космостық) және оны өңдөу жоғары геодезияда зерттеледі. Тірек пункттері — топографиялық түсірудің және карта салудың негізі. Жоғары геодезияда Жердің пішіні мен мөлшерін зерттеу тәсілдерін жетілдіру, жер қыртысының вертикаль және горизонталь бағыттағы ығысуын бақылау, мұхит пен теңіз денгейлерінің айырмасын және оның өзгеруін зерттеу мәселелері де қарастырылады. Жердің құрлықтағы беті, мұхит пен теңіздердің беті Жер пішінін құрады. Кез келген нүктесіндө тіктеуіш сызықтың бағытын тік бұрыш жасап қиын өтетін, материк астынан ойша жүргізілген деңгей бет Жердің негізгі беті ретінде қабылданады, Осы деңгейлік беттің пішінін геоид деп атайды. Жердің пішіні мен мөлшері жер бетінде арнаулы программа бойынша жүргізілетін астрономия-геодезиялық тордың көмегімен немесе ауырлық күші арқылы анықталады. Жердің пішіні мен мөлшері туралы ілім жоғары геодезияда, астрономияда, геологияда, геофизикада, космостық кеңістікті зерттеуде, Жердің жасанды спутнигін ұшыруда кеңінен пайдаланылады. Барлық геодезиялық өлшеулердің нәтижелері негізгі деңгей бетке — іс жүзінде, жер эллипсоидының бетіне — келтіріледі. Әр түрлі геодезиялық есептерді шығару және геодезиялық торларды математикалық тәсілмен өңдөу осы жер эллипсоидының бетінде орындалады.
Триангуляция тәсілі геодезиялық торды үшбұрыштар арқылы құруға негізделген. Белгілі нүктелерге бекітілген үшбұрыш төбелері тор пункттері деп аталады; әрбір үшбұрыштың үш бұрышын өлшеу арқылы тор пункттерінің координаталары табылады.