Қан тамырлардың құрылысы. Қан тамырлары артерияларға, веналарға және осы екеуін бір-бірімен жалғастырып тұратын капиллярларға бөлінеді. Аталған қан тамырлары қанды мүшелерге жеткізіп, ұлпа мен қан арасындағы зат алмасуды қамтамасыз етеді.
Атқаратын қызметіне қарай қан тамырлар қабырғасының құрылысы әр түрлі болады. Артерия мен веналардың қабырғасы негізінен ішкі интима, ортаңғы медиа және сыртқы адвентиция қабықтарынан түрады. Ішкі интима қабығы үш қабаттан түзілген. Олар: қан тамырлары мен жүректің ішкі бетін астарлап жатқан эндотелий, оның астындағы эңдотелийастылық және ішкі эластикалық жарғақ (мембрана) қабаттары. Соңғы қабат тек артерияда болады. Ортаңғы медиа қабығы бірыңғай салалы ет пен серпімді тығыз дәнекер ұлпа талшықтарынан тұрады. Сыртқы адвентиция қабығы борпылдақ дәнекер ұлпадан түзілген.
Қан тамырларының қабырғаларында оларды қоректік затпен қамтамасыз ететін тамырлары және қызметін реттейтін жүйкелері болады.
Тамыр тамырлары негізінен адвентиция мен ортаңғы медиа қабығында орналасып, қан және лимфа тамырларына бөлінеді.
Тамыр жүйкелері жүйке жүйесінің симпатикалық бөлігіне жатады. Олар эфференттік (қозғалтқыш), афференттік (сезімтал) жүйке талшықтарынан, әр түрлі жүйкелік тораптардан (периваскулярлық, перимускулярлық және интрамускулярлық) және кейбір қан тамырларында орналасқан рефлексогендік аймақтардан тұрады. Аталған жүйкелік қүрылымдардың қатысуымен қан тамырлар қуысының тарылуы мен босаңсып кеңеюі, қанның химиялық құрамының өзгеруі мен қысымының реттелуі жүзеге асады.
Артериялар жүректен қанды алып шығатын тамырлар. Олар қанды тасымалдаумен қатар, оның қан тамырларымен қозғалысын да қамтамасыз етеді. Басқа қан тамырларына қарағанда артериялардың қабырғасы қалың және созылмалы келеді. Қан қысымы мен ағысы өте жоғары, жүрекке жақын орналасқан артериялардың (қолқа, өкпе артериялары) қабырғалары қалың, қуысы кең болады. Ал, қан тамырлары жүректен алшақтаған сайын, ондағы қан қысымы мен онын ағу жылдамдығы азаяды. Осыған байланысты артериялар қабырғасының құрылысы да өзгереді.
Артериялар қабырғасы құрылысына қарай үш түрге бөлінеді. Олар: серпімді (эластикалық), аралас және етті артериялар. Эластикалық түрінде, оның медиа қабығы негізінен эластикалық дәнекер ұлпадан құралады. Сондықтан, бұндай артерияның қабырғасы резеңке тәрізді созылғыш келеді. Эластикалық артерияларға қолқа, өкпе, ұйқы артериялары мен иық-бас бағаны жатады. Аталған қан тамырлары жүрекке жақын орналасқандықтан, олардағы қан қысымы жоғары болады. Артериялар жүректен қашықтаған сайын, олардағы қанның қысымы да төмендей бастайды. Осыған байланысты артерия қабырғасында эластикалық талшықтар азайып, оларды бірыңғай салалы ет талшықтары ауыстыра бастайды. Олар қан тамырының медиа қабығында аралас орналасып, бір-бірінен басым болуына қарай эластикалық етті немесе етті-эластикалық сияқты артериялардың аралас түрлері ажыратылады.
Артериялардың етті түрі негізінен жүректен қашық ағзаларда орналасады. Олардың қабырғасындағы бірыңғай салалы ет ұлпасының жиырылуы арқасында қанның қысымы күшейіп, қозғалысы артады. Оларға ішкі мүшелер мен аяқтарға қан тасымалдайтын көптеген артериялар жатады.
Капиллярларға жақындаған сайын артериялардың қабырғасы жұқара бастайды. Ал, капиллярларға ауысар алдында жұқа қабырғалы артериялар - артериолаларда ішкі эндотелий қабатынан басқа, бірыңғай салалы ет ұлпасынан тұратын сыртқы бір ғана қабат қалады.
Капиллярлар өте жіңішке қоректендіргіш қан тамырлары. Олар артерия мен веналардың шеткі ұштары - артериолалар мен венулаларды өзара байланыстырып, қан тамырлар жүйесін тұйықтайды. Сонымен қатар, капиллярлар мүшелер мен ұлпаларды қанмен қамтамасыз етілуін реттеп отырады. Мида олар тек жүйке жасушаларына қажетті заттарды ғана өткізіп, тосқауыл (барьер) қызметін атқарады.
Капиллярлардың қабырғасы бір қабат жұқа эндотелий ұлпасынан құралған. Кейбір ірі капиллярларда эндотелий сыртынан негіздік жарғақпен (мембрана) және ерекше жасушалар - перициттермен қапталған. Капиллярлардың диаметрі 4-8 мкм, ал ұзындығы 0,6-2 мм.
Веналар жүрекке қанды алып келетін қан тамырлары. Олардың қабырғасы да, артерия кабырғасы сияқты үш қабықтан құралған. Бірақ олар жұқа, қуысы кең болады. Веналардың интимасында ішкі эластикалық жарғақ болмайды. Ондағы вена қақпақшалары қанның жүрекке қарай бір бағытта ағуын қамтамасыз етеді. Олар негізінен аяқ веналарында, қақпақты веналар жүйесінде, бауыр, бүйрек, ми, жұлын, сүйек веналарында болмайды. Қақпақшасыз веналардағы қанның ағысын арнаулы қысқыштар (сфинктерлер) реттеп отырады. Бұңдай веналарды дроссельды веналар деп атайды.