Өкпе артериясының тромбоэмболиясы (ӨАТЭ) - өкпе артериясы бағанының немесе өкпе артериясы тарамдарының үлкен қан айналымы шеңберінің веналарында немесе жүректің оң жақ қуыстарында пайда болған тромбпен бітелуі.
ӨАТЭ тарау жиілігі 100 000 : 1. Өкпе артериясының жедел эмболиясы кенеттен болатын өлім себептерінің ішінде ЖИА және инсульттан кейін үшінші орын алады. ӨАТЭ-нан болатын өлім жиілігі 30% құрайды. Науқас адамдардың орташа жасы 53-60 жас.
Этиологиясы және патогенезі. Өкпе артериясы эмболиясының көзі – 75-95% жағдайда төменгі қуыс вена жүйесінің (негізінен илеоцекальді сегменті) тромбтары, 5-25% жағдайда оң жақ жүрекше мен оң жақ қарынша тромбтары, 0,5-2% жағдайда – жоғарғы қуыс венасы жүйесінің тромбтары.
Тромбтың пайда болуында жетекші рөлді қан ағысының баяулауы, қан ұю жүйесінің күшеюі және тамыр қабырғасының жарақаттануы (вирхов триадасы) атқарады. Бұл факторлар жүрек әлсіздігінде, жүрек аритмиясында, ұзақ уақыт төсекте болғанда, іш қуысы мен жамбас қуысында болған операциядан кейін, гиперкоагуляциялы қан ауруларында, васкулиттерде, венаға катетер салғанда және венаға сұйықтар құйғанда кездеседі. Мұнымен қатар, тромбтардың көздері флеботромбоздар да болады.
Бекіген орнынан тромбтың үзіліп бөлінуіне іш және кеуде қуыстарындағы қысымның тербелісі (күшену, жөтел), денеге күш түсу (қан ағысының көлемді жылдамдығы көбейеді) және жүргек ырғағының бұзылуы (жүрекше ішілік тромбтар үшін) жағдай туғызады.
Өкпе артериясының және оның тарамдарының механикалық бітелуі (обструкциясы) өкпе тамырларының рефлекторлы – спастикалық реакциясын тудырады. Рефлекторлы реакциялардың түрлері: өкпе ішілік ваза – вазальды реакция прекапиллярларды жүйелі тарылтады; өкпе-тамыр реакциясы – үлкен қан айналысы жүйесінде гипотония тудырады; өкпе-жүрек реакциясы – жүректі лезде тоқтатады; өкпе-бронх реакциясы бронхоспастикалық синдром тудырады, альвеолярлық – тамыр реакциясы Эйлер-Лильестранд рефлексін тудырады.
Өкпе артериясының жедел эмболиясы рефлекстердің және гуморальды факторлардың (серотонин, гистамин, катехоламиндер мен кининдер) әсерінен бір немесе бірнеше өкпе артерияларының механикалық бітелуін және вазоконстрикция тудырады. Өкпе артериясындағы гипертонияда оң жақ қарыншаға күш түсіп, жедел өкпе-текті жүрек дамиды. Үлкен қан айналымы шеңберінде гипотонияның пайда болуына өкпе-тамыр рефлекторлық реакциясының көмегі тиеді.
Өкпе артериясындағы эмбол фибринолиз факторлары мен қан ұюға қарсы жүйенің белсенділігінің арқасында тромболизиске ұшырайды немесе бітелген тамыр зонасында (тамыр қуысы 70-75% тарылса) жедел қан айналысы бұзылуына байланысты (геморрагиялық апоплексия) эмболизациядан кейін 2-3 тәулік өткен соң өкпе инфарктісін қалыптастырады. Өкпе инфарктісі жиі геморрагиялық плеврит және перифокальды қабынумен (инфаркт – пневмония) асқынады. Инфаркт – пневмония, плеврит және рефлекторлы бронхоспастикалық синдром тыныс жетіспеушілігін тудырады.