24.Көркем образдың тарихи жағдайға, ортаға тәуелділігі. «Мәңгілік бейнелер» сыры Ғалымдар образдарды ғылыми-суретті, фактографиялық және көркем образ деп ажыратады. Көркем образ спецификасы оның ойдан шығару, қиял арқылы жасалуымен байланысты.
Теориялық оқулықтарда бұдан басқа көркем образдардың нақты, шартты, абстрактілі, модернистік, ассоциативтік, символикалық т.б. түрлері бар.
Әдеби шығармалардағы тақырыпты талдау барысында оны шартты түрде екіге жіктеуге болады: мәңгілік және тарихи тақырыптар. Нақты-тарихи тақырыптар белгілі бір елде әлеуметтік-тарихи жағдайлар нәтижесінде туған оқиғаларды суреттейді. Олар нақты сол тарихи уақыттың шеңберінен тыс қайталанбайды. Мысалы, жоңғар шапқыншылығы, репрессия мен аштық тақырыбы, Ұлы Отан соғысы тақырыптары. Мәңгілік тақырыптар түрлі ұлттардың тарихында, барлық дәуірлер мен кезеңдерде, түрлі ұрпақтардың өмірінде кездесе беретін, қайталанатын жағдайларды қамтиды. Мысалы, әке мен баланың қарым-қатынасы, ұрпақтар сабақтастығы тақырыбы, махаббат пен достық немесе еңбек тақырыптары. Кейде әдеби шығармадағы тақырыптар жүйесі нақты-тарихи және мәңгілік мәселелерді де бірдей қамтуы мүмкін. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы. Енді осы тақырыптардың әр түріне жеке тоқталайық. Жаһандық көркем әдебиеттің даму тәжірибесіне мойын бұрсақ, ықылым заманнан бері болмыс пен жаратылыстың құпия да жұмбақ мәселелерін ұңғыған тұрақты тақырыптар бар. Ең алдымен, олар - өмір мен өлім, махаббат пен зұлымдық, жарық пен түнек, ақ пен қара, от пен су, жақсылық пен жамандық, жастық пен кәрілік және т.б. жалпыадамзаттық табиғи бастауларды, мәңгілік әмбебап ұғымдарды қамтиды. Бұл өнердің «онтологиялық тақырыптар» кешенін құрайды .
Антропологиялық тұрғыдан қарастырсақ, мәңгілік тақырыптар сан алуан. Тақырыптың антропологиялық аясы адам болмысының рухани бастауларын (жатсыну мен сіңісу, тәкаппарлық пен мойынсыну, күнәқарлық пен тақуалық); адам жаны мен тәнінің ұмтылыстарын, инстинкттерін, материалдық байлыққа, билікке ұмтылуын; адамның жынысы мен жасына қатысты ұғымдарды (балалық, жастық, егделік, кәрілік); адам өміріндегі тұрмыстық жағдайларды (еңбек пен демалыс, жай күндер мен мейрам, қарама-қайшылық пен үйлесім, бейбіт өмір мен соғыс, туған үй мен жат жер т.б.) қамтиды. Аталған болмыс бастаулары өнер туындыларына көшіп, мәңгілік тақырыптарды құрайды. Мәңгілік тақырыптардың архетиптілік, мифологиялық сипаттары басым, бағзы замандардан бастау алады және барлық дәуірлер мен барлық елдердің әдебиетіне тән. Олар кейбір шығармаларда басты тақырыптың қызметін атқарады немесе мифопоэтикалық мән алып, туындының көркемдік құрылымындағы қосымша желіде жанама тақырып ретінде көрінеді. Түйіндесек, әдебиеттің мәңгілік тақырыптарды бейнелеуде онтологиялық бағыттағы философиямен және адам табиғаты туралы ілім – антропологиямен сабақтастығын, жақындығын көреміз. Көркемөнердегі мәңгілік тақырыптардың көрінісін романтизм дәуіріндегі философтар, мифологиялық және неомифологиялық мектептердің өкілдері, З.Фрейд пен К.Юнгтың еңбектеріне сүйенген психоаналитикалық өнертану жіті зерттеді.
Мәңгілік тақырыптармен қатар әдебиет пен өнер мәденитарихи шындықты да бейнелейді. Өнер туындысындағы жалпыадамзаттық мәңгілік мазмұнмен бірге жеке адамдар болмысына мезгілдік, мекендік сапалық белгілер тән. Әдебиет өзіне тән мәдени-тарихи ерекшеліктері бар халықтың, ұлттар мен ұлыстардың, діни қауымдардың, мемлекеттік құрылымдардың, елдердің өмірін бейнелейді. Барлық дәуірдің суреткерлерін өз ұлтының дініне, тіліне, діліне қатысты өзекті мәселелер қызықтырып отырған. Олар халқының тарихын суреттеу арқылы оның рухани дүниетанымын, ұлттық салт-санасын, өткен дәуірлердің тұрмыстық-моральдық нормаларын танытады. Көркем шығармаларда белгілі тарихи дәуірлердің оқиғалары мен құбылыстары, халықтың мәдени дәстүрлері, сан ғасырлық тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өзіне тән ойлау жүйесі көрінеді. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы жеке адам, ақын тағдыры арқылы қазақ халқының ХІХ ғасырдағы елу жылдық көшпенділік өмірін, тұрмыс-тіршілігін, тарихын, бай дәстүрін бейнелейді. С.Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарындағы аумалы-төкпелі дәуір шындығынан бастап, жаппай ашаршылықты, елге төнген нәубет пен асыра сілтеу науқанын, қазақы дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып ала жаздаған заман құқайын, тағдыр тауқыметін шынайы бейнелейді. «Ақ боз үй», «Мінәжат», «Жалған дүние» кітаптарынан тұратын трилогия кеңес дәуірінің жетпіс жылдай өмірінің шындығын, көлеңкелі тұстары мен келеңсіз құбылыстарын бүкпесіз бейнелейді.