Сан есімді оқыту. Заттың санын білдіретін сөздер оқушыларға математика сабақтарынан жақсы таныс. Сандарды санау таңбалары ретінде, қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарының объектілері ретінде ұғынады. Ал олардың сан есім екенін, затқа қатысты сөздердің өзінше бір грамматикалық тобы екенін білмейді. Сондықтан 2-сыныпта сан есімдер негізгі сөздердің бірі ретінде қаралып, оның есептік, реттік түрлерінен алғашқы мағлұмат беріледі. Заттың санын білдіретін сөздерге неше? қанша? нешінші? деген сұрақтар қойдыру арқылы сан есімдердің аталған екі түрін танытамыз. Осы мақсаттағы жаттығуларды орындау барысында оқушылар сан есімдерге сұрақ қоя білуге, олардың зат есімдермен байланысын аңғаруға, мәтіннен сан есімдерді таба білуге үйретіледі. Сондай-ақ зат есімдер заттың санын, ретін білдіретінін ұғады. Сан есімді оқытудағы тағы бір назар аударатын мәселе – оның емлесі. Яғни бір таңбалы сан бір сөзбен, екі таңбалы сан екі сөзбен жазылатынын игерту керек. Бұл үшін сандарды сөзбен жазу талабы қойылды.
Есімдіктерді оқыту. Есімдер тобына жататын сөз табының бірі – есімдік. Есімдіктер заттың атын, сынын немесе санын білдірмейді, бірақ солардың орнына жұмсалады. Есімдікпен бастауыш сынып оқушылары 4-сыныпта алғаш рет танысады. Бұл тақырыпты оқытудың негізгі міндеттері мынадай:
есімдік туралы алғашқы түсінік беру, есімдіктің тілде атқаратын қызметін байқату, оқушыларды есімдікті сөйлеу тәжірибелерінде саналы түрде қолдана білуге үйрету;
оқушыларды қажет жағдайда зат есімдерді есімдікпен алмастырып қолдануға дағдыландыру;
жіктеу есімдіктерімен таныстыру, олардың үш жақта айтылатынын білдіру;
жіктеу есімдіктерінің септелуін меңгерту.
Ең алдымен, есімдіктің зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына қолданылатын сөз табы екенінен мағлұмат беріледі. Есімдік осы аталған сөз таптарының орнына жұмсалатындықтан, оған қойылатын сұрақтар да солармен бірдей болып келетіні байқатылады. Бұл үшін мынадай сөйлемдер талданады: 1. Сәуле дүкенге келді. Ол кітап сатып алды. 2. Бұл кісіні жақсы танимын. 3. Айдын кітапханадан бірнеше кітап алды.
Бірінші сөйлемдегі ой иесі – Сәуле екендігі, оған жалғас сөйлемдегі ол сөзі Сәуле сөзінің орнына жұмсалып тұрғандығы түсіндіріліп, оған кім? сұрағы қойылатыны байқатылады. Екінші сөйлемде бұл сөзіне назар аударылып, оның қай? сұрағына жауап беріп, сын есімнің орнына қолданылып тұрғаны, ал үшінші сөйлемдегі бірнеше сөзі қанша? сұрағына жауап беріп, сан есімнің орнына жұмсалып тұрғаны сұрақ-жауап әдісмен түсіндіріледі. Осы мысалдарды талдау нәтижесінде оқушылар есімдердің орнына жұмсалатын сөздер есімдік деп аталады деген қорытындыға келулері қажет.
Есімдік туралы түсінік берілгеннен кейін мәтінмен жұмыс жасап, ондағы есімдіктердің қай сөздің орнына жұмсалып тұрғанын тапқызған жөн.
Сөз таптарын оқыту барысындағы тіл дамыту жұмысы
Бастауыш сынып оқушыларының сөз мағынасын түсінуі – оның сол сөз туралы түсінігі, ұғымы пайда болуының кепілі. Сондықтан оқушыларға сөз таптарын оқыту барысында кездескен мағынасы түсініксіз сөздердің жеке тұрған кездегі мағынасын да, сөйлем ішінде тұрған мағынасын да бірдей түсіндіру керек. Жаттығулардағы кейбір сөздерге мағынасы жуық сөздерді немесе оған мағынасы қарам-қарсы сөздерді тапқызу, белгілі бір сөздерді қатыстырып сөйлем құратып отыру қажет. Сол арқылы оқушылардың сөздік қорын байытып, тілін дамытуға қол жеткізіледі. Осы бағытта мынадай тапсырмалар ұсынуға болады:
1-тапсырма. “Сыртқа шықсақ даланы қараңғылық басыпты”.“Көңіл қараңғылығын кім ашады, кім сәуле шашар екен” деген сөйлемдердегі “қараңғылық” сөзінің мағынасын ажыратыңдар.
2-тапсырма. Қараңғылық басыпты деген сөз тіркесіндегі “қараңғылық” сөзінің қандай мағыналық жағы “көңіл қараңғылығы” сөз тіркесінде қолданылып тұр.
3-тапсырма. Қараңғылық сөзі мына сөздердің қайсысымен тіркесе алады: тау, жолдас, жануар, түн. Себебін түсіндір.
4-тапсырма. “Надан” сөзіне мына сөздерден мәндес сөздер іріктеп жаз: ақымақ, ақылды, жақсы, әдемі, басы істемейді, күшті, оқымаған. Себебін түсіндір.
6-тапсырма. Мына сөздердің қайсысы “киім” сөзімен тіркесе алады. Себебін түсіндір. Ежелгі, ескі, көне.
7-тапсырма. Берілген “қанат” сөзінің әр әрпіне мәндес сөздер ойлап тауып, жазыңдар.
Мысалы, Қ - қайратты, қажырлы т.б.
А - ақкөңіл, ақжарқын, адал т.б.
Н - намысшыл, намысқой т.б.
А - ақылды, аңғарымпаз т.б.
Т - тапқыр, талантты т.б.
Осы сөздерді пайдаланып сөйлемдер құраңдар. Сөйлемдерден мәтін жазып, оның атын қойыңдар.
Оқытылатын сөз табының әрқайсысына сай келетін осындай үлгідегі тапсырмалар арқылы тіл дамыту жұмысын нәтижелі жүргізуге әбден болады.
Тапсырмалар мен сұрақтар
Сөз таптарын оқыту әдістемесі қандай мәселелерді қамтиды?
Бастауыш сыныптарда сөз таптарын оқытудың міндеттерін ата.
Сөз таптарын оқытуға бағытталған тапсырмаларды ата.
№ 11. Дәріс тақырыбы: Синтаксисті оқыту әдістемесі
Достарыңызбен бөлісу: |