Сабақты жоспарлаудың мақсаты: •Жұмыс кезеңдерінің дәйекті ұйымдастырылуы;
•Әрбір сабақ үшін оқу мақсаттарын белгілеу;
•Оқу нәтижелерін өлшеу әдістемесін анықтау;
•Осы нәтижелерге қол жеткізу мақсатында жоспарланған оқыту мен оқу жаттығуларын көрсету;
•Оқудың әрбір кезеңінің басынан бастап соңына дейін алға ілгерілеудің болуын қамтамасыз ету;
•Барлық оқушыларды қамтуға бағытталған статегиялық жоспарлау.
Ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлау арасындағы өзара байланыс. Оқу бағдарламасын әдетте білім саласындағы саясатты қалыптастыратын адамдар мен мектеп әкімшілігі жоспарлайды. Бір топ адам оқу бағдарламасын сыныпта сабақ беру тәжірибесінде бағдарламаның барлық жеті модулі ықпалдастырылған тізбектелген сабақтар топтамасына айналдырса, сол орта мерзімді жоспарлау болады. Өз кезегінде әрбір жеке мұғалім орта мерзімдік жоспарды әрбір жеке сынып үшін сабақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау үшін пайдаланады.
Қысқа мерзімді жоспар орта мерзімді жоспардың құрамындағы бір тақырыпқа байланысты, оқушыға арнап құрылған сабақ жоспарының формасы немесе үлгісі. «Қысқа мерзімді жоспар құрған кезде мұғалімге төмендегі ұсыныстарды басшылыққа алуға болады:
– сабақты ұйымдастыру кезінде оқу бағдарламасында және оқу жоспарында көрсетілген мақсаттарды басшылыққа алу;
– орта мерзімді жоспарда ұсынылған барлық іс-әрекеттерді ұйымдастыру;
– мұғалімнің қалауы бойынша іс-әрекет түрі қажеттілігіне қарай толықтырып отыру;
– тілдік оқу мақсаттары – терминдермен жұмыс жасау;
– саралау: білім алушыларға қолдау көрсету қалай жоспарланады? Қабілетті білім алушылардың алдына қандай міндеттер қою жоспарлануда? Білім алушылардың материалды меңгеру деңгейін қалай тексеруге болады?
– денсаулығы мен қауіпсіздігін, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарымен және АКТ-мен байланысын қамтамасыз ету.
Жаңа форматты сабақ балаларды оқыту үдерісіне белсенді тартуды, олардың талқылауларға қатысуын, өткен материалды талдау және қорытуын, зерттеу жүргізуін, бағалау пікірлерін айту, өзін-өзі бағалау және т. б. көздейді.
«Қазақ тілі» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері Білім мазмұнын мектепте тиімді оқытып, оның басты мақсатын жүзеге асыру оқытуды оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Осыған орай қазақ тілі пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалады.
1.Әліппе оқулығы – 1 сынып
2. Ана тілі оқулығы – 1 сынып
3.Қазақ тілі (оқулықтар) – 2,3,4 сыныптар (1,2 бөлім).
5.Қазақ тілі. Оқыту әдістемесі (әдістемелік нұсқау) 1-4 сыныптар
6. Қазақ тілі. Жұмыс дәптері – 1, 2, 3, 4 сыныптар
7. Диктанттар жиынтығы - 1-4 сыныптар.
8. Қазақ тілі. Аудио таспа – 1-4 сыныптар
Оқу-әдістемелік кешенде оқу бағдарламасы мен оқулықтың алатын орны ерекше.
Жаңартылған оқу бағдарламасы оқушының іс-әрекетіне, күнделікті өмірде қажетіне жарата білуіне қарай бағытталған. Аталған бағдарлама оқушының тек тілді меңгеруіне ғана емес, сонымен қатар жан-жақты дамуына жол ашады және таңдап алынған тақырыптар күнделікті өмірімен сабақтасады. Бағдарлама – оқытудың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асырудың, пән бойынша білім берудің стратегиялық бағыттарының тактикалық шешілуі жолдарын нақтылы көрсететін біртұтас әдістемелік жүйе. Бағдарламаның құрылымы негізгі үш бөлімнен тұрады: 1) Түсініктемеде оқытылатын пәннің мақсаты анықталып, оны жүзеге асыру міндеттері көрсетіледі. 2) Білім мазмұнында тақырыптарды, ереже, ұғым, анықтама материалдарын игеруге қажетті білім, дағды көрсеткіштері анықталады. 3) Әдістемелік нұсқауында пәнді меңгеруге байланысты қолданылатын әдіс-тәсілдер, оқу құралдары, көрнекіліктер мен әдебиеттер тізімі, дидактикалық материалдар анықталады, сонымен қатар білім, білік, дағдыны тексеру түрлері мен бағалау нормалары көрсетіледі.
Оқулық мектеп ұсынатын оқу материалының базалық (инварианттық) деңгейіне сай жасалады, яғни оқулықта бастауыш сатыдағы бала психикасының әр жасқа сәйкес ерекшеліктері ескеріліп, тартымды, түсінікті, стилистикалық жағынан сауатты жазылған мәтіндер берілуі керек. Солардың ішінен «Қазақ тілі» пәніне қысқаша тоқталып өтейік. Бұл оқулыққа қандай жаңалық енгізілді? Ең алдымен оқулыққа енген материалдардың берілу реті өзгерді. Синтаксис материалдары морфологиялық тақырыптардың алдына шығарылды. Оның себебі – пән ішілік интеграцияны және балалардың байланыстырып сөйлеуін дамытуды іске асыруға мүмкіндік жасау. Екіншіден тілдің қарым-қатынас құралы екенін байқату мақсатында «Тіл мен сөйлеу» тақырыбы енгізілді. Үшіншіден, «Сөз тарауы» оқушыларға алғашқы лексикалық ұғымдар беру, яғни сөздің лексикалық мағыналарын таныстыра отырып, оның грамматикалық мағынамен байланысын, ара қатынасын аңғарту мақсатында қарастырылды. Төртіншіден, байланыстырып сөйлеуді дамытуға, ойлау қабілетін жетілдіруге бағытталған «Мәтін» тарауы оқулыққа жаңадан қосылды. Мәтінмен жұмыс оқушылардың сөйлеу дағдысы мен машығын қалыптастырудың негізі бола отырып, өтілген тілдік объектінің лексикалық және грамматикалық жақтарын тереңірек түсіндіріп, талдай, жинақтай білуіне, олардың өзара бірлікте болатынын аңғартуға мүмкіндік береді. Ребустар мен сөзжұмбақтардың енгізілуі де – оқулықтың бұрын болмаған сипаты. Қысқаша айтқанда, бұрынғыдай грамматикалық ұғымдарды жалаң меңгертіп қоймай, әрбір жаңа түсіндірілген тілдік ұғымдарды оқушылардың саналы түрде түсініп, оны сөйлеу практикаларында дұрыс пайдалана білуі басты бағдар етіп алынған.