Тапсырмалар мен сұрақтар:
Әліппені оқытуға қатысты зерттеулерді ата, талда.
Әліппенің негізгі әдісін ата.
№ 3. Дәріс тақырыбы: Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту жүйесі
Қарастырылатын сұрақтар:
1. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытуды ұйымдастыру, оның мазмұны мен көлемі
2. Қазақ тілін оқытуды жоспарлау
3. «Қазақ тілі» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері
Оқу үдерісі – білім мен біліктілікті қалыптастырудағы мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті. Оның ең үлкен бірлігі – оқу жылы. Ол тоқсанға бөлінеді. Ал оқу үдерісінің ең кіші бірлігі – сабақ. Демек мектепте білім беруді ұйымдастырудың негізгі формасы да сабақ болып табылады.
Сабақты формалық түрде Н.А.Константинов, М.Т.Савич т.б., мазмұндық аспектісі бойынша М.И.Махмутов, Г.Д.Кириллова т.б. зерттегені белгілі. Ал И.К.Казанцев, В.Оконь, Б.П.Есипов, Р.Г.Лемберг т.б. еңбектерінде сабақ типін оның ішкі құрылымымен байланыстыру байқалады. Мұндай бағыт сабақта қолданылатын әдістерді алдын-ала айқындап отыруды қажет етеді. Сонымен бірге, сабақ мазмұнында оқушыда қалыптасуы тиіс деп саналатын теориялық талдау біліктілігінің де болмысы танылуы тиіс.
Сабақ түрлері және оның құрылымы
Түсіндіру сабақтары:
Жаңа сабақ – жаңа білім беру мақсатында.
Біріккен сабақ – жаңа білім мен өткенді және пәндер арасындағы байланысты көрсету мақсатында.
Зерттеу сабағы – іздендіру мақсатында.
Панорамалық сабақ – сабақ элементтерінің көрінісін іске асыру мақсатында.
Пысықтау сабақтары:
Бекіту сабағы – білімді меңгеру деңгейін байқау.
Саяхат сабақ – танымдық қабілетін дамыту.
Семинар сабақ – оқушының білімін тереңдету.
Қайталау сабағы – пәндерден алған білімді толық қалыптастыру.
Жарыс сабақ – оқушылар ойларының жетіктігін байқау.
Конференция сабақ – іскерлігі мен танымдық белсенділігін қалыптастыру.
Талқылау сабағы – ауызекі тілдегі, жұмыстағы жіберген қателерін арнайы талдау.
Сынау сабақтары:
Сынақ сабақ – білім мен дағдысын бір жүйеге келтіру.
Диспут сабақ – білімі мен дағдысын қалыптастыру.
Ойын, жұмбақ – оқушылар зейінін дамыту.
Сахналау сабағы – оқушылар шығармашылығын дамыту.
Оқушылардың тілін дамытуға, оқу-танымдық қызметін белсендіруге, нәтижесінде жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыруға бағытталып жүргізілетін «аралас сабақ», «жаңа сабақ», «бақылау сабағы», «өзімді-өзім тексеремін» және т.б. сабақтар бастауыш сатыда синтаксисті дамыта оқытуда қолданылады. Әсіресе, бастауыш сатыда оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес аралас сабақтың жүргізілетіні бәрімізге белгілі. Осы сабақ типінің құрылымында тіл бірліктерін оқытумен байланысты және оқушының сөйлеуін дамытумен байланысты сабақ түрлері қарастырылады. Мұндай сабақтар, сөз жоқ, оқушылардың ой-өрісін, ауызша,жазбаша сөйлеуін дамытуға бағытталып, оқушының синтаксистен жүйелі білім алуын мүмкін етеді. Оқушылардың синтаксис материалдарын біле түсуге деген ынтасын, қызығушылығын арттыру, соған қажетті білік, дағдыларын дамыту міндеті қойылады. Синтаксисті дамыта оқыту сабақтары оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталады.
Дамыта оқытуда сабақ құрылымында да өзгешеліктер болады. Оқушының оқу-танымдық әрекетінің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты сабақ үш кезеңге сай ұйымдастырылады:
мотивациялық-бағдарлау кезең;
операционалдық-орындаушылық кезең;
рефлексиялық-бағалау кезең.
Мотивациялық-бағдарлау кезеңде оқу міндеттері қойылып, оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятатындай тапсырмалар мен жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Операционалдық-орындаушылық кезеңде нақты оқу тапсырмаларын орындау арқылы оқушылар жаңа теориялық ұғымды өзара талқылайды, соның негізінде теориялық білімін бекітеді, оны қолдануға үйренеді. Ал рефлексиялық-бағалау кезеңінде оқушының теориялық түсініктерді меңгеруі тексеріледі, түзетулер енгізіліп, қайта қорытындыланады.
Сабақты ұйымдастырудың негізгі үш түрі бар: жеке-дара жұмыс түрі, жаппай жұмыс түрі және топқа бөлінген жұмыс түрі.
Жеке дара жұмыс түрі – оқушылардың өз бетінше арнайы іріктелген тапсырмаларды орындауы. Оқушылармен жеке жұмыс оқытудың бүкіл кезеңдерінде жүргізіліп отырылады.
Оқу жұмысын ұйымдастырудың жалпы түрі – бұл мұғалім мен оқушылардың сабақ кезіндегі ортақ әрекеті. Оқушылар бір мезгілде бәріне ортақ жұмыстың түрін орындайды, алынған қорытындыларды сынып болып талқылап, салыстырады, жинақтайды. Олар ұжымдасып жұмыс істеуге үйренеді. Оқу жұмысын жаппай ұйымдастыру, әсіресе, жаңа материалды оқып үйрену негізінде, сондай-ақ оны бекіту кезінде тиімді.
Сабақты ұйымдастырудың топтық түрінің негізгі белгілері мыналар: 1) нақты оқу міндеттерін атқару үшін белгілі бір сабақта сынып бірнеше топқа бөлінеді; 2) әр топ белгілі бір тапсырмалар алып, орталарынан сайланған оқушының, не мұғалімнің жетекшілігімен өзара ақылдасып отырып орындайды; 3) тапсырмаларды орындауда топтың ішінде әр мүшесінің қаншалық белсенділік көрсеткені ескеріліп, бағаланады; 4) топ құрамы тұрақсыз болады, ол топтың әрбір мүшесінің оқу мүмкіндігін барынша шешуге ат салысатындығы тұрғысынан таңдалады. Әрбір мүше жұмыстың өзіне тиісті бөлігін дербес орындайды, қорытындысында талқыланып, жинақталады. Мұндай жұмыс кезінде топ мүшелері бір-біріне жәрдемседі.
Қазақ тілі пәнінің мазмұнын бастауыш білім беру стандарты белгілейді. Кез-келген пәннің мазмұнын оның құрамы мен құрылымы айқындайды. Мысалы, қазақ тілі пәнінің құрамына:
1.Бастауыш сынып оқушыларының тіл туралы білімін қалыптастыратын лингвистикалық ұғымдар жүйесі;
2. Бастауыш сынып оқушыларының сауаттылығын қалыптастыратын орфографиялық, пунктуациялық ережелер;
3. Тілді дұрыс пайдалану біліктері жатады.
Ал пәннің құрылымын тіл материалдарын сыныпқа, тоқсанға бөлу айқындайды. Демек қазақ тілі пәнінің мазмұнына білім, дағды және білік жатады. Бұлар оқулық пен бағдарламада айқын көрсетіледі.
Білім – оқушының тіл және оның құрылымы туралы алған білімінің нәтижесі. Білім теориялық және эмпирикалық болып екіге бөлінеді. Теориялық білім – заттар мен құбылыстардың мәнін білдіреді, олардың ерекшеліктерін, ішкі байланыстары мен қарым-қатынастарын анықтайды. Теориялық білім дегеніміз – жинақталған ұғым. Ол теориялық заңдар, заңдылықтар, себеп-салдарлық байланыстар, ұғымдар түрінде беріледі. Эмпирикалық білім объектілер мен құбылыстардың сыртқы ерекшеліктерін білдіреді, бұған түсініктер мен фактілер жатады.
Тілші-ғалым А.Байтұрсынұлы тілдік материалдарды оқыту логикасын 2 кезеңмен береді: 1-кезең – нақтылықтан абстрактылыққа қарай жүру жолы, яғни білім берудің эмпирикалық кезеңі (кіріспе сөз, тілдік фактілер келтіру, тілдік бірліктің сыртқы белгілерін таныту, ереже шығару), ал 2-кезең – абстрактылықтан нақтылыққа қарай өту жолы, яғни білім берудің теориялық кезеңі (ереже, сұрақ-жауаппен нақтылау, жекелеген белгілерін топтастыру, практика: сынау, дағдыландыру).
Дағды әрекеттің автоматты орындалуы болып есептеледі.
Білік – әрекет тәсілі болып есептеледі. Ол арқылы оқушы алған біліміне сүйенеді, оны үй тапсырмаларын орындауға қолданады, жаңа білім алады.
Білім мазмұнын жаңартудың ғылыми негізіне бастауыш сынып оқушысын белгілі бір қажетті біліктер мен дағдылардың иесі, оқу әрекетінің субъектісі, әртүрлі мәдениеттермен өз көзқарасы тұрғысынан диалогқа түсетін автор және жас ерекшелігіне сәйкес өз жасын қалыптастыруға күш жұмсап еңбектенетін бала деп қарастыратыны, осыған орай көп қырлы құрылымды білім – тәрбие мазмұнын анықтап құруға көмектесетін қазіргі заманғы дамыта оқыту идеясы алынып отыр. Бағдарламалық материалдардың «Тіл және сөйлеу», «Фонетика», «Лексика», «Сөзжасам», «Морфология», «Синтаксис», «Мәтін», «Пунктуация» бөлімдерінен құрылуы негізгі тілдік ұғымдарды бір - бірімен тығыз қарастыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы теориялық білімді ұғыну мен оны сөйлеу әрекетінде практикалық тұрғыдан меңгеру үрдістерінің бірлігіне қол жеткізіледі. Қазақ тілі пәні 2-4- сыныптарда аптасына 4 сағаттан оқытылады. Қазақ тілі пәнін оқып-үйрену барысында балалардың өздерінің сөйлеу дағдыларына ұштала түседі, олар өз ойларын ауызекі және және жазба тілде бейнелеп, өзгелердің сөзін толық түсінуді үйренеді және тіл туралы материалдар осы тілді қолданудың ең жарқын үлгісі болып табылатын әдеби туындылар, жеке-жеке бөліктер арқылы түсіндірілетін тіл теориясы – осының бәрі қазақ тілі пәнінде интегративті ұштастырыла меңгертіледі.
Қазақ тілін оқытуды жоспарлау
Достарыңызбен бөлісу: |