Алтыншы заңдылық. Тілге үйрену сөйлеу органдарының (өкпе, тамақ, тіл, беттің бұлшық еттері), жазатын қолдың жаттығулары, қимыл-қозғалыстарының тәртіптелуі, дағдының қалыптасуы арқылы ғана іске асады.
Мұғалімнің айтқанын естіп немесе жолдастарының жұмысына қарап қана тіл үйренуге болмайды. Әрбір оқушы өзі оқып, жазып, айтып, түрлі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер құрастырып, сөйлемдерді сан-салаға өзгертіп, өзі әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді.
Бұл заңдылықтан сөйлеу органдары мен жазатын қолды жаттықтыру ұстанымы келіп шығады.
Жетінші заңдылық. Тілге жүйелі түрде сатылап үйрету. Тіл лексика және грамматикалық формалар арқылы дамиды, екінші жағынан тіл неғұрлым бай болса, тілдік фактілер де соғұрлым тез ұғынылады.
Сондықтан оқушыларға алдыңғы үйренгендерін ұмытып қалмайтындай етіп, тілдік материалдарды бірте-бірте көбейтіңкіреп беріп, сөйлегенде қолданылып отыруына жағдай жасалады.
Мұнда қайталаудың алатын орны ерекше және бала есінде саналы түрде, түсініп сақтауы үшін ойлау операцияларын қолдану керек: салыстыру, анализ, синтез, дерексіз ұғым, жалпылау, нақтылау және индуктивтік, дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алатындай болуға тиіс.
Тілге жүйелі түрде, бірте-бірте үдетіле үйрету заңдылығынан мынадай әдістемелік принцип шығады:
Ұштастыра оқыту; қайталау; өз бетімен жұмыс істеуді күшейте түсу.
Бұл ұстанымдарды іске асыру үшін: бағдарламаны тиянақты құру; жоспарлы түрде қайталап отыру; жаттығу жұмыстары; оқушыларды ойлау мен сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдерін іріктеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.
Сөйтіп, ана тілін меңгерудің заңдылықтары оны мектепте оқытудың негізі болып табылады; ал әдістемелік ұстанымдар осы заңдылықтардан туындайды, мұндай ұстанымдарға негізделген әдістеме, сөз жоқ, оқушыларға ана тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізуге көмектеседі.
Тапсырмалар мен сұрақтар:
Оқу пәнінің мақсаты мен міндеттері
Пәнді оқытудың заңдылықтары
Пәнді оқытудың әдістемелік ұстанымдары
№2. Дәріс тақырыбы: Әліппе – бастауыш сыныпта оқытылатын арнайы пән.
Қарастырылатын сұрақтар:
Әліппені пән ретінде оқытудың мақсаты.
А.Байтұрсынов әдістемесіне негізделген Әліппені оқыту ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері
Тақырыпқа ену сұрақтары:
Әліппені оқытудың мақсаты қандай?
Қандай мәселелер қамтылуы мүмкін?
«Әліппе» пәнінің мақсаты – әріп таныту, оқуға мен жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдар мен сөйлеу әрекетінің түрлерін ұлттық рухани құндылықтар негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл – қоғамның талабы.
«Әліппенің» негізіне тілдік білім және сөйлеу алынады. Оқу пәнінің мазмұны негізгі тілдік бірліктерден (мәтін, сөйлем, сөз, буын, дыбыс), орфоэпиялық, орфографиялық, пунктуациялық нормалардың қарапайым түсініктерінен, қазақ тілінің дыбыстық және әріптік жүйесінен, қазақ тілі бойынша қарапайым грамматикалық дағдылардан, ауыз әдебиеті және көркем әдебиет шығармаларынан құралады.
«Әліппе» оқулығы оқу материалдарын сұрыптау мен орналастыруда Ахмет Байтұрсынұлының дыбыспен жаттығу; әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу; оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту; білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу ұстанымдары басшылыққа алынған.
«Әліппе» оқулығының әліппеге дейінгі кезең оқу материалдары сөйлеу барысында тілдік бірліктер (мәтін (сөйлеу), сөйлем, сөз, буын, дыбыс) туралы қарапайым түсінік беруді қамтиды. Сызба-модель арқылы сөз, сөйлем құрауға және оларды сызбаның көмегімен «оқып», сөздің әр буынындағы дыбыстарды ажыратуға үйренеді. Бұл тілдік түсініктерді сөйлеу барысында меңгертуде Ахмет Байтұрсынұлының «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту» ұстанымы басшылыққа алынады. Бала мектепке келгенде «сөйлей білсе де», сөйлеуінің сөйлемдерден, сөйлемнің сөздерден, сөздің дыбыстардан тізілетінін біле бермейді. Алғашқы берілетін білімді білетін сөйлеуден, яғни «оңайдан» бастап, ары қарай бала үшін жаңа ұғым, түсініктерді (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) меңгерту бұл ұстанымның дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Мұғалімнің қолдауымен тапсырмаларды орындау арқылы сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы мәліметті тұжырымдауға үйренеді. Мұғалім оқушыларды жаңа өтілетін фактіні байқауға, аңғаруға бағыттауда, өзіндік қорытынды жасауға дағдыландыруда «Сұрақтарға жауап бер», «Бала кімді шақырды? Ол ата сөзін қалай айтты?» және т.б. сұрақ қою-жауап алу тәсілін қолданады. Бұл ұстаным әліппе кезеңі материалдарымен жұмыста да басшылыққа алынады. Әр жаңа әріп пен дыбыстың бірінші сабағына «Айт, құрастыр» шартты белгісімен берілген сюжетті суретпен жұмыста сұрақ-жауап тәсілі арқылы әңгіме құрату, әңгімеден сөйлемдерді, сөйлемнен дыбысты танытуға арналған сөзді бөліп алу үдерісі бала үшін «жеңілден» бірте-бірте күрделіге қарай өтеді.
Оқулықтың 9, 10, 11, 12-сабақ материалдары Ахмет Байтұрсынұлының дыбыспен жаттығу ұстанымы негізінде құрастырылып, сабақ мақсаттары дыбыспен жаттығу әдісі негізінде анықталған. Дыбыспен жаттығудың сабақ мақсаттары мен тапсырмалары әдіскер ғалымның «Дыбыспен жаттығу» еңбегінде көрсетілген «әуелі балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін білдіру»; «балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішіндегі қандай дыбыстар барын айырту»; «бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп, сөз айтуды білдіру»; «сөз ішіндегі дыбыстарды, екі, үш буынды сөздің, тұтас сөздің ішіндегі дыбыстарды айырту»; «дыбыстарды қосып, сөз айтуды үйрету» әдістемелік талаптарының негізінде түзілген. Дыбыспен жаттығу жолдарын ортамерзімді жоспарда толық қарастыруға тырыстық. Дыбыспен жаттығуды А.Байтұрсынұлының әдістемесімен берудің артықшылығы көп екенін байқадық. Өйткені А.Байтұрсынұлыша айтсақ, оқушылар «дыбыстарды тізіп үйренсе, әріптерді тізуі қиын болмайды. Сөздің ішінде қанша және қандай дыбыстар бар екенін айыруды білсе, әріптерін қою қиын болмайды».
Оқулықта 1 сағаттық оқу материалы бір бетте қамтылған. Кез келген сабақ сюжетті суретпен жұмыстан басталған. Сюжетті сурет мазмұны бойынша мұғалім сұрақ қояды, оқушылардың жауабынан сөйлеу, яғни мәтін түзіледі. Ары қарай А.Байтұрсынұлының «дыбысты», «жалқылаулы» әдістерін қолдану арқылы осы мәтін құрамындағы сөйлем, сөз, буын, жаңа дыбыс пен оның таңбасы – әріп танытылады. «Жалпылаулы» әдісі арқылы дыбыстармен буын, буындармен сөз, сөздермен сөйлем, сөйлемдермен мәтін құрастырылады. Оқулықта бұл процесс жаңа сөздерді оқу, сөз құрау, сөйлем құрау, орны ауыстырылып берілген сөйлемдерден мәтін құрастыру тапсырмалары арқылы жүзеге асқан.
Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған сабақ материалдары дыбыстық талдау-жинақтау (Байтұрсынұлыша «дыбысты әдіс», «жалпылаулы-жалқылаулы әдісі») әдісін қолдану арқылы жүзеге асады. Жаңа дыбыс пен әріпті танытуға арналған беттің алғашқы бөлігін (көкшіл түспен берілген) дыбыстық талдау дағдыларын дамыту материалдары қамтиды: сюжетті сурет, дыбыстық талдау сызбасы бар жеке сурет, дыбыстың айтылу сұлбасы, дыбыс туралы мәлімет, әріптің баспа және жазба түрлері, әріп сұлбасына ұқсас айналадағы заттардың суреттері, әріптің сұлбасын түрлі заттармен (ермексаз, моншақ, қарындаш, түтікше) жасау үлгісі. Қызғылт түспен берілген келесі бөлікте оқушылардың дыбыстық жинақтау дағдыларын дамыту материалдары берілген: буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін.
Беттің соңғы бөліктерінде саралау және сөз тану материалдары орналастырылған. Саралау материалының тапсырмалары қысқамерзімді жоспарда үш деңгейде қарастырылған.
«Сөз тану» шартты белгісімен берілген тыңдау материалдары (жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өлеңдер) оқушылардың ойын, есте сақтауын дамытып, тілін ұстартады, 1-сынып оқушысының бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Отанды сүюге, табиғатты аялауға, үлкендерді құрметтеуге, әдепті болуға тәрбиелейді. Бұл материалдарды мұғалім кітаптан оқып беруіне немесе үнтаспадан тыңдатуына болады.
Қазіргі технология дамыған кезеңде 6–7 жастағы балалар үшін оқулықты сандық технология элементтерімен жабдықтау – өзекті мәселе. Бұл жастағы балалар техниканың құлағында ойнайды. Өз кезінде А.Байтұрсынұлы әдістеме үнемі жаңарып, қоғамның дамуынан қалмай, толығып отыру қажеттігін әдістемелік еңбектеріне арқау қылған. «Әліппе» оқулығын құрастыруда оның «жаңашылдығы, өзгеріс және толықтырудың қажет етілуі» ұстанымы негізге алынып, оқушының «Сөз тану» айдарында берілген жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өтірік өлеңдерді QR арқылы тыңдауына мүмкіндік жасалады.
«Кез келген әріпке берілген «... әрпін түтікшемен (қарындаштардан, асықтармен, жіптен) жасап көрсет», «... әрпін санағыштармен құрастырып көр, ... әрпін ермексаздан (бұршақтармен) жасап көр», «... әрпін түймелермен жасап көрейік» суретті тапсырма бала саусақтарының ұсақ моторикасын дамытуда, ой-өрісін жетілдіруде, жазу дағдыларын дамытуда үлкен рөл атқарады.
Жұмбақ, ребус шешуі болатын сөзді табу, мағынасы қарама-қарсы және жалпылау ұғымын білдіретін сөздермен жұмыс, сызба арқылы сөйлем құрау, орны ауыстырылып берілген сөйлемдерден мәтін құрау тапсырмаларын оқушылар өздігінен орындауға машықтанады.
Баланың жадында бірінші кезекте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Бұл айтылғандарды қытай ғұламасы Конфуцийдің: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін» деген тұжырымы нақтылай түседі. Демек «Әліппе» оқулығының дидактикалық, әдістемелік аппараттары жүйесін түзуде «жасай білу» негізгі қағидаларының бірі болып табылады.
Әр жаңа дыбыс пен әріпті таныту сабақтарында оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыру үшін «оқу» материалдарының перспективті қатары берілген. Сөздікпен жұмыста А.Байтұрсынұлының «әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу» ұстанымы негізге алынған. Сөздердің перспективті қатары арқылы оқушылар сөзді алдымен буындап, соңынан тұтас оқуға үйренеді, соның нәтижесінде сөйлемді, мәтінді оқуға біртіндеп төселеді.
Сонымен, А.Байтұрсынұлының «Әліппелеріндегі» озық үлгілер (тез сөз құрауға бағытталған әріптер жүйесі, дыбыспен жаттығу, сөзден сөздер тудыру әдісі, орны ауыстырылып берілген сөйлемдерден мәтін құрау (Байтұрсыновша «Қайсысын қайда қою») жаңа тұрпатты «Әліппе» оқулығы тұжырымдамасының негізіне алынып, қазіргі балалардың қызығушылығы мен дүниетанымына икемделіп, яғни баланың дыбыс пен әріпті еш қиындықсыз танып, түсініп оқу, сауатты жазу дәрежесіне жетуіне арналған тапсырмалар мен сұрақтар жүйесі үйлесімді қолданылды.
«Әліппе» оқулығына қосымша «Менің алғашқы сөздігім» кітапшасы арқылы оқушы сөздердің мағынасын түсініп, оларды ажырата білуге дағдыланады. «Менің алғашқы сөздігім» кітапшасы көмекке келеді.
Оқушының әр сабақ соңында өз іс-әрекетіне (каллиграфиялық талапқа сай дұрыс және сауатты жазу) кері байланыс жасауы және өзін-өзі бағалауы үшін «Жазу дәптерлерімен» жұмыс ұйымдастырылады. Әр сабаққа арналған беттің оң жақ соңғы бөлігінде берілген дөңгелек-шартты белгіні (смайликті) оқушы сауаттылығы мен көркем жазуының дұрыстығына сәйкес үш түрлі қарындашпен бояп бағалайды: «жасыл» түс – «Бәрекелді!», «көк» түс – «Жарайсың!», «қызыл» түс – «Ойлан!».
«Әліппе» 1-жартыжылдықта аптасына 6 сағаттан оқытылып, барлығы 96 сағатты құрайды. Оның 12 сағаты Әліппеге дейінгі кезең материалдарын меңгеруіне, қалған 84 сағаты әліппе кезеңінде дыбыс пен әріпті танытуға арналады.
Достарыңызбен бөлісу: |