Ұрықтар мен жаңа туған жануарларда сүйек ұлпасының клеткааралық заттарының коллагендік талшықтары ірі болады және түрлі бағытта орналасады, мұндай сүйекті ірі талшықты сүйек деп атайды. Жануардың өсіп, даму кезінде ірі талшықты сүйек құрамында жіңішке параллель орналасқан коллагендік фибрилдер бар пластинкалардан тұратын пластинкалық сүйекке айналады.
Пластинкалық сүйек ұлпасының құрылысы күрделі. Оның негізін коллагендік фибрилдердің тығыз шоғырларынан тұратын сүйек пластинкалары құрайды. Шоғырлар қалыңдығы бірдей болады және белгілі бағытта орналасады. Шоғырлар арасында остеоциттер жатады. Пластинкалық сүйек ұлпасына тән ерекшелік көршілес екі пластинканың фибриллалары түрлі бағытта орналасады, кейбіреулері бір пластинкадан екіншісіне өтеді, сөйтіп олардың тығыз байланысын қамтамасыз етеді. Сүйек заты кемік және тығыз болуы мүмкін. Екі жағдайдың екеуінде де қан тамырларымен және нервтермен тығыз байланысқан тұтас жүйе құрайтын пластинкалардан тұрады.
Сүйек затындасүйек пластинкаларымен қапталмаған тамырларда болады. Олардың біреуі сүйекке негізгі пластинкалар арқылы өтеді, басқалары Гаверс каналдарын өзара жалғастырады.
Сүйекті сүйек қабықшасы немесе периост деп аталатын дәнекер ұлпалық қабықша қаптап тұрады. Ол сүйек тіршілігінде үлкен рөл атқарады және екі қабаттан құралады.