1. Лекциялар кешені: лекция жоспары, тезистері 1-лекция. Синтаксис және оның зерттеу нысандары


-лекция. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері



бет14/20
Дата27.11.2023
өлшемі106,03 Kb.
#128945
түріЛекция
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20
Байланысты:
лекция жай сөйлем

9-лекция. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері
1. Толықтауыш, түрлері, жасалу жолдары
2. Анықтауыш, құрамдық ерекшеліктері
Сөйлем ең алдымен тұрлаулы мүшелердің грамматикалық және мағыналық қатынасы, яғни предикаттық байланыс арқылы құрылады да, айтылар ойға байланысты күрделеніп отырады. Сөйлем екі бас мүшеден ғана құралып қоймай, басқа да мүшелермен толығып, құрамы кеңейіп, жайылмаға айналады. Мұндай мүшелер мағыналық жағынан да, грамматикалық жағынан да екі тұрлаулы мүшенің айналасына топталып, соларға қатысты болады.
Тұрлаулы мүшелер сөйлемдегі негізгі хабарланатын ойды білдірсе, тұрлаусыз мүшелердің бір тобы баяндауыштың мағынасын анықтаушы есебінде жұмсалып, сөйлем құрамында екінші дәрежелі қызмет атқарады.
Тұрлаулы мүшелердің айналасына топталып, соларға қатысты болатын, сөйтіп олардың сындық, сапалық, заттық қасиетін немесе қимылдың болған мезгілін, мекенін, бағытталған объектісін білдіретін сөздерді сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері деп атайды. Тұрлаусыз мүшелер бас мүшелердің жетегінде айтылады, өз алдына дербес айтылып, ешбір жүйелі мән бере алмайды.
Мыс. Мазасызданған Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді.
Абай ұйқысыз өткізді
түнді ұйқысыз өткізді
бұл түнді
мазасызданған Абай
Тұрлаусыз мүше бас мүшеге тікелей қатысты немесе кейде сатылы қатысты болуы мүмкін. Тіл білімінде тұрлаусыз мүшелерді үш негізгі топқа – анықтауыш, толықтауыш және пысықтауышқа бөледі.
Бастауышпен немесе есімнен болған басқа мүшелермен атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздер анықтауыш болады.
Баяндауышпен объектілік қатынаста тіркесетін, заттық ұғымы бар сөздер толықтауыштық қызмет атқарады.
Баяндауышқа қатысты болып, мезгіл, мекен, амал, мақсат т.б. мағыналарда жұмсалатын сөздер пысықтауыш қызметін атқарады.
Тұрлаусыз мүшелер құрамы жағынан дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді.
Толықтауыш – жай сөйлемді жайылмаға айналдырып, оның іргесін кеңейтуге негіз болатын тұрлаусыз мүше. Ол өзі бағынған сөзбен грамматикалық байланыста тұрып, табыс, шығыс, барыс, жатыс, көмектес жалғаулардың бірінде жұмсалады. Сөйлем құрамында толықтауыштар көбіне сөйлемнің баяндауышына қатысты болады да, сол баяндауыш білдіретін іс-қимылдың таралатын объектісін немесе іс-қимылдың әсеріне, ықпалына ұшырайтын не оған жанама қатысты болатын затты, кісіні, құбылысты білдіреді. Сонымен, толықтауыш – қимыл процесінің объектісі болатын мүше. Толықтауыштың сұрақтары: Кімге? Неге? Кімді? Нені? Кімде? Неде? Кімнен? Неден? Кіммен? Немен? Не туралы? Кім туралы? Толықтауыш мағынасына, синтаксистік қызметіне және тұлғасына қарай екі топқа бөлінеді:
1. Тура толықтауыш;
2. Жанама толықтауыш.
Табыс септігінде тұрып, сабақты етістіктен болған іс-қимылға, әрекетке тікелей қатысты болып, сонымен тығыз тіркесте ғана ұғынылатын толықтауыштарды тура толықтауыш дейміз. Ол өзі жетегінде айтылатын сөзге мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да бүтіндей тәуелді болып, сабақтасып жатады.
Етістіктен болған баяндауышпен не басқа мүшемен барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері арқылы байланысып, іс-әрекетті қосымша, жанама толықтайтын сөйлем мүшесі жанама толықтауыш деп аталады. Жанама толықтауыш меңгеретін мүшемен біршама еркін байланысқа түседі, тура толықтауыш сияқты өзі бағынышты, тәуелді бола бермейді. Сонымен қатар, оның мәндері де сан-салалы, көп қырлы болып келеді.
Тура толықтауыштың грамматикалық тұлғасы – табыс септігі. Одан басқа септіктерде айтылған сөз тура толықтауыш бола алмайды. Сондай-ақ туралы, жөнінде, жайында деген септеулік шылаулар тіркескен есімдер тура толықтауыш болады.
Мыс. Ол жұмыс барысы туралы баяндады.
Ол жұмыс барысын баяндады.
Айжан өз құрбысы жайлы айтып отыр.
Айжан өз құрбысын айтып отыр.
Өзінің көргені жөнінде баяндап берді.
Өзінің көргенін баяндап берді.
Қазақ тілінде тура толықтауыш екі түрлі тұлғада жұмсалады: кейде жалғаулы, кейде жалғаусыз.
Тура толықтауыштың жалғаулы болып жұмсалуы
1. Тура толықтауыш өзі қатысты сөзден қашықтап тұрып, екеуінің арасында басқа сөйлем мүшесі тұрса: Кітапты кітапханадан алдым. Малды тау бөктеріне жайдық.
2. Құрама баяндауыш (есім+ет.) тура толықтауыштарды ортақтаса мекңгергенде: Баланы жақсы көремін. Осы ақылды мақұл көрдік.
3. Сөйлемде тура толықтауыш болған сөзге не онымен байланысқан сабақтас етістікке логикалық екпін түскенде: Адам боламын десең өнерді үйрен. Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
4. Бір сөз бір сөйлемде екі рет айтылып, бірі – бастауыш, бірі тура толықтауыш болғанда: Адам адамды сыйлайды. Балықшы балықшыны алыстан таниды.
5. Кісі аттары мен олардың орнына жүретін есімдер мен есімдіктер тура толықтауыш болғанда әрқашан табыс жалғауында айтылады. Мұның себебі – олардың сөйлемдегі негізгі қызметі бастауыш болуы керек. Ал сөйлемде тура толықтауыш болғанда синтаксистік қызметі айқын болуы үшін, яғни бастауыш деп ұғынылмауы үшін міндетті түрде табыс жалғауын қабылдайды.
Мыс. Сабақтан шыққан студенттер көрді.
Сабақтан шыққан студенттерді көрді.
Демек, сөйлемде объектілік мағынасы айқын, арнаулы толықтауыш сөздер тура толықтауыш қызметінде жалғаусыз қолданыла алады. Ал толықтауыш қызметі көмескі, синтаксистік қызметі өзгеше сөздер табында жалғаулы болып келеді. Мысалы, арнаулы бастауыш болатын сөздер жалғаусыз айтылса, бастауыш болып ұғынылатындықтан, тура толықтауыш қызметінде жалғаулы болып жұмсалады.
Жанама толықтауыштар тура толықтауыштардай сабақтас етістіктермен ғана емес, салт және сабақты етістіктермен алшақ байланыста тұрып, оларды жанама түрде толықтайды. Субъектінің қимыл процесін, күйін білдіретін етістіктер жанама толықтауыштарды меңгеріп, оның тиісті жалғауда тұруын керек етеді. Бұл – барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктері.
Жанама толықтауыштар, негізінен, баяндауышқа қатысты жұмсалады. Кейде анықтауыш, толықтауыш сияқты басқа мүшелерді де толықтайды.
Жанама толықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – зат есімдер мен олардың орнына жұмсалатын есімдіктер, заттанған сын есімдер, есімшелер.
Жанама толықтауыштың мағыналары
Жанама толықтауыш әр түрлі септік жалғауда, әр түрлі тіркестер құрамында айтылатындықтан, олардың мағыналары да әр алуан болады.
Барыс септігіндегі толықтауыштар қимыл процесінің кімге, неге арналғанын, қандай талап қойылатынын білдіреді. Сұрағы- кімге? неге?
Жатыс септігіндегі жанама толықтауыштар қимылдың не басқа сапаның затқа тәндігін, сондай-ақ іс-қимыл таралған объектіні білдіреді. Сұрағы – кімде? неде?
Шығыс септігіндегі толықтауыштар заттың неден жасалғанын, тегін; заттың салыстырмалы ерекшелігін, іс-қимылдың шығар арнасы болған объектіні білдіреді: Сұрағы – кімнен? неден?
Мыс. Сүттен ақ, судан таза. Біреуден артық, біреуден кем. Бұл хабарды газеттен оқыдым.
Көмектес септігіндегі жанама толықтауыштардың мағыналары:
Құралдық мағына: немен? Қаламмен жаздым.
Бірлестік не ортақтастық: кіммен? немен? Қариямен қол беріп амандасты.
Анықтауыш. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінің ішінде жасалу жолы жағынан күрделі мүшелердің бірі – анықтауыш. Анықтауыш сөйлемде зат есім мен зат есімнің орнына қолданылған есімдердің түрлі сынын, сапасын анықтайды. Анықтауыштың сұраулары: қандай? қай? қанша? неше? нешінші? кімнің? ненің?
Анықтауыш (атрибут) заттардың әр түрлі сындық сапасын: түсін, түр-тұрпатын, көлемін, санын, салмағын білдіреді. Анықтауыш қызметінде жұмсалатын негізгі сөздер – сын есімдер, зат есім, есімдіктер және есімшелер.
Сөйлем құрамында анықтауыш негізінен, сөйлемнің бастауышына қатысты болады, одан басқа есімнен болған толықтауыш, баяндауыштарды да анықтай алады.
Қандай сөз табынан жасалғанына байланысты анықтауыштың мағыналары да әр түрлі болады. Соған байланысты негізгі екі топқа бөлуге болады: 1) сапалық анықтауыш
2) меншіктік анықтауыш.
Сапалық анықтауыштарға сын есім, сан есім, есімдік, есімше, атау тұлғалы зат есімдерден болған анықтауыштар жатады.
Меншіктік анықтауыштарға ілік жалғауында айтылып, меншікті білдіретін анықтауыштар жатады.
Құрамына қарай анықтауыш дара, күрделі және үйірлі анықтауыш болып бөлінеді. Анықтауыштар бір ғана емес, әлденеше сөзден де құралады. Олар өзара берік байланыста тұрған сөз тіркестері болып келеді. Анықтауыштардың бір тобы атрибуттық қатынаста тұрып, күрделі анықтауыш деп аталады. Мұндай анықтауыштың құрамындағы сөздердің алдыңғысы соңғысын анықтап барып, түйдекті тобымен басқа зат есімді анықтайды.
Мыс. Ұзын бойлы жігіт, ақ сақалды кісі, ұзын бұрымды қыз.
Енді бір топтағы анықтауыштар өз ішінде предикаттық қатынаста тұрып, үйірлі анықтауыш деп аталады. Мұндағы есімдер өзара анықтауыштық ыңғайда айтылмаған, бірі бастауыш, бірі оның баяндауышы ыңғайында айтылған. Үйірлі анықтауыштар сол тобымен басқа заттарға тікелей қатысты болып тұр.
Мыс. Жасы үлкен кісі, бойы ұзын жігіт.
Күрделі анықтауыштар анықталатын заттардың шоғырланған тіке сапасы ретінде жұмсалады. Мұндай анықтауыштардың құрамындағы сөздер өзара қабыса және матаса байланысып, әр түрлі сөз таптарынан құралады: ат жақты, мақпал қара шашты, қызыл күрең, қазақ халқының тойы, кер маралдай кербез, т.б.
Үйірлі анықтауыштар анықтайтын сөздерін басқа заттардың сапалары арқылы білдіреді. Үйірлі анықтауыштар тобының құрамындағы сөздердің бір сыңары зат есім, жіктеу, өздік есімдіктері болады да екінші сыңары сын есім, есімше және бар, жоқ, аз, көп деген сөздер болады.
Мыс. түсі суық адам, аласы аз көз, талабы жоқ бала, достары көп адам. Күрделі және үйірлі анықтауыштар сөйлемде дауыс ырғағы жағынан да бір ритмикалық топ болып келеді. //Қыс айында кісі аяғы жете қоймайтын// алыс ауылдарға осы хабар дүңкілдеп естіліп жатты.

Әдебиеттер:


1. Балақаев М. Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі.Синтаксис.А.,1971.
2. Қазақ тілінің грамматикасы. 2. А.,1967.
3. Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің курсы. 1940.
4. Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. 1983.
5. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. А.,1991.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет