Сөйлемнің бірыңғай мүшелері. Қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар жалпы үлкен екі салаға ажыратылады: сабақтастық қатынас және салаластық қатынас. Сөйлемде әр түрлі сөйлем мүшелерінің арасындағы байланыс сабақтастық қатынасқа жатады.
Ал салаластық қатынас синтаксистік компоненттердің өзара тең дәрежеде байланысына негізделеді.
Сөздердің салаластық қатынасының бір түрі бірыңғай мүшелердің арасында болады. Мұндағы сөздер бір-бірімен өзара тең байланысқа түсіп, салаласа жұмсалады. Сөздердің өзара салаластық қатарда жұмсалуы тұлғалық жағынан да біркелкі болуды талап етеді. Яғни бірыңғай мүшелердің алғашқы сыңары қай тұлғада жұмсалса, кейінгілері де сол тұлғаны сақтайды.
Сөйлемде бірыңғай бір-ақ мүшенің қызметін атқарып, бір сұрауға жауап беретін және бір сөзбен байланысатын біркелкі тұлғаларды сөйлемнің бірыңғай мүшелері деп атаймыз. Сөйлемдегі сөздердің осылайша бір тұлғада жұмсалуы бірыңғай мүшелі сөйлемнің өзіне тән заңдылығына негізделеді. Сөздердің бірыңғай тұлғада келуі салаластық қатынасты туғызады, себебі сөздер бір-біріне бағынышты болмай, өзара теңдестік дәрежеде салаласа қолданылады. Соның арқасында бірдей дәрежеде бір сөзге қатысты болып тұрады.
Сонымен, сөйлемде синтаксистік қызметі бірдей, көбінесе өзара тұлғалас сөйлем мүшелері бірыңғай мүшелер болады.
Салаластық қатынастағы бірыңғай мүшелер сөйлемнің барлық мүшесінен болады, яғни бірыңғай бастауыш, бірыңғай баяндауыш, бірыңғай толықтауыш, т.б. Құрамына қарай бірыңғай мүшелер бір сөзден құралған жалаң не сөз тіркесінен құралған жайылма болады.
Мысалы. Қаламын, кітап, дәптерлерін дайындады. Ұзын бойлы, сұлу жүзді, қиғаш қас қыз.
Бірыңғай мүшелер көбіне тұлғалас болатындықтан, қазақ тілінде оларды шұбалаңқы етпей, ықшамдап айту үшін кейде грамматикалық тұлғалар мен көмекші сөздер бәріне ортақ болып бір-ақ рет жұмсалады. Ол мынадай жағдайларда болады:
1. Бірыңғай мүшелердің ең соңғысы жинақтаушы болады да, тиісті септік жалғау тек соған жалғанады:
Мысалы. Әркім күрек, сүймен, зембілдерін ала барады.
2. Бірыңғай күрделі мүшелерге бір көмекші етістік не көмекші есім ортақ болып, олар ең соңғы бірыңғай мүшеден кейін бір-ақ рет айтылады. Мысалы. Бай балалары қызыл кілем, барқыт көрпелердің үстінде жатады.
Бірыңғай мүшелер бірімен-бірі салаласа байланысады, ал басқа мүшелермен сабақтаса байланысады.
Бірыңғай мүшелерді салыстыра байланыстыратын амалдар:
1. Интонация арқылы байланыс;
2. Жалғаулықтар арқылы байланыс.
Мысалы. Қанат, құйрық суылдап ысқырады, деген сөйлемдегі бірыңғай мүшелер өзара бірсыдырғы әуенмен, интонация арқылы, логикалық екпін түсе айтылады. Ал егер осында пен жалғаулығы арқылы байланысатын болса, онда бірыңғай мүшелер арасында дауыс кідірісі болмайды.
Бірыңғай мүшелерді байланыстыратын жалғаулықтар салаластырушы жалғаулықтар делінеді. Бұл жалғаулықтар бірыңғай мүшелерді байланыстыруда беретін мағынасына қарай мынадай үш топқа бөлінеді: ыңғайластық, қарсылықты, талғаулықты.
1. Ыңғайластық жалғаулықтар: және, мен, бен, пен, менен, тағы, да, де, та, те, әрі.
2. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, бірақ та, сонда да, алайда. Оқушы зейінді, бірақ жалқау.
3. Талғаулықты жалғаулықтар: я, не, немесе, не болмаса, біресе, бірде, әлде: Ол не бүгін, не ертең келеді.
Сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің алдында не соңында жалпылауыш сөздер қолданылуы мүмкін.
Жалпылауыш сөздер бірыңғай мүшелердің мағынасын жинақтап, жалпыластырып көрсетеді және сол бірыңғай мүшенің орнына жүре алады. Бірыңғай мүшелер қандай тұлғада тұрса, жалпылауыш сөз де көбіне сондай тұлғада тұрады.
Жалпылауыш сөз қызметін атқаратын: сілтеу есімдіктері, жалпылау есімдіктері, сан есімдер, көптік жалғаулы зат есімдер, т.б. Мысалы. Орталық алаңға бәрі – жұмысшылар, студенттер, оқушылар түгел жиналды.
Әдебиеттер:
1. М.Балақаев, Т.Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. 1971.
2.Қазақ грамматикасы. А., 2002.
3.Т.Сайрамбаев. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. 1981.
4.М.Балақаев, Т.Сайрамбаев. Қазіргі қазақ тілі. 1997
5. Бектұров Ш., Серғалиев М. Қазақ тілі. А., 1994.