Баяндауыш, оның жасалу жолдары мен түрлері. Баяндауыш – бастауыштың жай-күйін, оқиғаның қай жақта болғанын білдіріп, сөйлемді тиянақтап тұратын тұрлаулы мүше.
Баяндауышқа тән белгілер:
1. Баяндауыш бастауышпен грамматикалық жақ жағынан байланысып, сөйлемдегі ойды тиянақтап тұратын тұрлаулы мүше.
3. Баяндауыш бастауыштың әр түрлі қасиетін білдіріп, іс-әрекетін, қимылын, жай-күйін, заттың сындық сапасын, өлшемін, мөлшерін, мезгілін т.б. көрсетеді.
4. Баяндауыш бастауышпен жіктік жалғауы арқылы, яғни грамматикалық жақ көрсеткіші арқылы және жекеше, көпше түрде қиыса байланысады.
5. Баяндауыштың сұрағы оның қай сөз табынан жасалғанына байланысты болады.
Сөз табының ішіндегі баяндауыштық қызметте жұмсалатын сөздерді жіктегенде, оларды мынадай басты-басты негізгі үш топқа бөлеміз:
1. Етістік баяндауыштар.
2. Есім баяндауыштар.
3. Құрама баяндауыштар.
Етістік баяндауыштар – дара немесе күрделі етістіктен жасалған баяндауыштар. Етістіктер түрлі тұлғаларда тұрып, жіктік жалғаулы немесе жалғаусыз тұлғада баяндауыш бола алады. Баяндауыштық тұлға тиянақты, тиянақсыз болып жіктеледі. Етістік баяндауыштың Не істеді? Қайтті? Не қылды? Не істемек? деген сұраулары етістіктің тұлғалық ерекшелігіне қарай жауап береді.
Есім баяндауыштар зат есімнен, сын есімнен, сан есімнен, есімдіктен, үстеуден, еліктеуіш сөздерден болады. Олардың әрқайсысының өзіндік жасалу жолдары бар. Есім баяндауыштың сұраулары: Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімі? Несі? Кімге? Неге? Кімде? Неде? Қандай еді? Қанша еді? Нешеу еді? Кімдікі? Ненікі? Қандай? Қанша? Қалай?
Баяндауыштың тағы бір тобы есімдер мен етістіктердің, модаль сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Олар қазақ тіл білімінде құрама баяндауыштар деп аталады. Мысалы: Ол жолдасына уәде берді. Көктем мезгілін жақсы көремін.
Құрама баяндауыштың бірінші сыңары зат есім, сын есімнен, сан
есімнен, есімдіктен, еліктеуіш сөздерден жасалады. Мысалы: Қайсардың қарны ашты. Асқар сағатына қараса, сағаты түнгі тоғыз болып қалған екен. Бірінші сөйлемде құрама баяндауыш зат есім мен етістіктің тіркесуі арқылы жасалса, екінші сөйлемде тоғыз деген сан есім болып қалған екен деген етістікке тіркесу арқылы құрама баяндауыш жасалған.
Баяндауыштың грамматикалық тұлғасы – жіктік жалғауы. Жіктік жалғаулы сөздер тиянақты тұлғалы баяндауыш болып табылады. Сондай-ақ, баяндауыштың тиянақсыз тұлғалары да бар, олар – шартты рай тұлғалы, көсемше тұлғалы, есімше тұлғалы етістіктер. Бұл етістіктер сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы қызметінде жұмсалады. Баяндауыштық қызметі жіктік жалғауындай болмағанымен, көбінесе баяндауыш болатын сөзге жалғанатын қосымшаның бірі –нікі, -дікі,-тікі. Мысалы: Мына дәптер менікі.
Қазақ тіліндегі есім баяндауыштар.Баяндауыш қызметінде етістіктер жиі жұмсалады. Одан кейінгі қатарда есімдер тұрады. Есімдердің баяндауыш қызметінде көп жұмсалатыны – зат есімдер. Есімдер де етістік сияқты баяндауыш қызметінде жіктік жалғаулары арқылы байланысады. Мысалы: Мен студентпін.
Есімдердің баяндауыш қызметінде жұмсалуында тек жіктік жалғауы емес, көптік, септік, тәуелдік жалғауларының да өзіндік мәні бар. Мысалы: Алпамыс биыл алтыда.
Есім баяндауыштың жасалу жолдары:
1. Зат есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалып, әр түрлі тұлғада қолданылады.
Көптік тұлғада: Осының барлығын ұйымдастырған – студенттер.
Тәуелдік тұлғада – Бәріміздің тамашалайтынымыз – осы сәбидің сүйкімді қылығы. Септік тұлғада – Біздің ауылымыз қаланың маңында.
2. Есімдіктердің барлық түрі баяндауыш қызметінде жұмсала алады. Мысалы: Оның кітапханадан алған кітабы әлденеше. Ауылды басқаратын осылар.
3. Үстеулер де баяндауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Күн әлі ерте. Мұғалімнің сыныпқа кіргені жаңа еді. Жарыста ол менен әжептәуір кейін. Мұндай шешім қабылдау ертерек.
4. Еліктеуіш сөздер де баяндауыш қызметінде жұмсалып, есім баяндауыш жасайды. Мысалы: Айналаның бәрі салдыр-гүлдір.
5. Баяндауыштар сапалық есімдерден де жасалады. Сапалық есімдер \сын есім, сан есім\ әдетте бастауыштан кейін тұрып, зат есімдердің әр алуан сындық, сандық сапасын білдіріп, баяндауыштық қызметте жиі жұмсалады. Мысалы, Аспан ашық. Қар қалың. Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз.
Етістік баяндауыштар.Кез келген сөйлем мүшесінің жасалуына негіз болатын сөз табы болады. Етістіктер түрлі тұлғада жіктік жалғаулы не жалғаусыз күйде баяндауыш қызметінде жұмсалады. Соған қарай баяндауыштың тұлғасы тиянақты және тиянақсыз болады. Жіктік жалғауы – ең негізгі баяндауыштық тұлға. Жіктік жалғаулы сөздер баяндауыш қызметінде көбінесе сөйлем соңында келеді. Баяндауыштың басым көпшілігі сөйлемдерді тиянақтауда жұмсалғанымен, енді бір тобы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының тиянақсыз тұлғадағы баяндауышы болады. Тиянақты тұлғадағы баяндауыштар жіктік жалғаулы етістіктер, есімше тұлғасындағы баяндауыштар, қимыл есімді баяндауыштар болып жұмсалады. Тиянақсыз баяндауышқа шартты рай тұлғалы, көсемше тұлғалы, есімше тұлғалы кей жағдайда қимыл есім сөздері жатады.
Етістіктер рай, шақ тұлғаларында да баяндауыш болады. Мысалы: Ол вокзалға қарай кеткен. Рахмет біраз отырды. Арада жеті-сегіз күн өтті т.б.
Етістіктер етіс тұлғасында да баяндауыштық қызметте жұмсалады. Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Ы.Алтынсарин).
Көсемше тұлғалы етістіктер құрмалас сөйлем құрамына тиянақсыз тұлғалы баяндауыштың қызметін атқарады.
Есімшелер баяндауыштық қызметте екі түрлі жағдайда, біріншіден, есімдердей жіктік жалғауда айтылып, тиянақтылық мәнде жұмсалса, екіншіден, есімшелер септік жалғаулар, кейбір дәнекерлер тіркесуі арқылы құрмалас сөйлемнің тиянақсыз баяндауышы қызметінде жұмсалады.
Етістіктер дара күйінде де, күрделі күйінде де баяндауыш болады.
Қазақ тіліндегі құрама баяндауыштар.Құрама баяндауыштар есімдер мен етістіктерден құралады. Құрама баяндауыштардың негізгі сөзі зат есім, сын есім, есімдік, еліктеуіш сөздерден болады.
Есім баяндауыштардың қызметін тиянақты ете түсіп, оларға шақтық, жақтық, модальдық мағына қосу керек болғанда, оларға көмекші етістіктер мен модаль сөздер қосылып айтылады.
Құрама баяндауыш жасауға қатысатын көмекші етістіктер: еді, екен, емес, бол, қыл, көр, ет т.б.
Мыс. 1. Мен кеше ғана оқушы едім, енді студент болдым.
2. Есік қаққан көршіміз екен.
3. Бүгін күн аса суық емес.
4. Біраз уақыттан соң найзағай жарқ ете түсті.
5. Үй іші қуанышқа кенеліп, мәре-сәре болды.
Соңғы мысалда мәре-сәре болды деген тұрақты тіркес сол тобымен құрама баяндауыш болып тұр.
Құрама баяндауыш құрамындағы модаль сөздер. Есім баяндауыштарға көмекші болып, сөйлемдегі ойға айтушының әр түрлі көзқарасын білдіру үшін жұмсалатын модаль сөздер: болар, көрінеді, шығар, білем, керек, тиіс, мүмкін, т.б. Мысалы: 1. Кешегі парталас досым бүгін білікті инженер болып шыққан көрінеді. 2. Жұмыс орны үйіне жақын білем.
Кейде бір есімге бірнеше көмекші етістік қатысты болып, баяндауышқа әр түрлі шақтық, райлық, модальдық мағына қосып, айтылмақ ойды дәлдей түседі.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М. Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис.А.,1971.
2. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. А.,1991.
3.Аманжолов С. Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы. 1992.
4. Қазақ грамматикасы. А., 2002.