Фразеологиялық байлаулы мағына - сөздің белгілі ғана сөздермен тіркесуі арқылы, яғни фразеологиялық тіркестерде берілетін лексикалық мағынасы. Сөз өзінің тура атауыштық
мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып,қыруар сөздермен тіркесіп айтылуға өте-мөте бейім келсе, фразеологиялық байлаулы мағынада кез келген сөзбен емес, санамалы арнаулы сөздермен ғана тіркесіп қолданады. Мәселен,қысыр деген сөз төлдемейтін, бойдақ деген өзінің тура мағынасында қысыр бие, қысыр сиыр, қысыр мал деп бірқыдыру
сөзбен емін-еркін айтыла береді. Ал қысыр сөз деген тұрақты тіркестің құрамындағы қысыр деген сөз бос, мәнсіз деген мағынаны білдіріп, атауыш (еркін) мағынада емес, фразеоло-
гиялық байлаулы мағынада қолданылып тұр. Оның байлаулы мағынасы тек сөз деген сөзбен тіркескенде айқындалады.Қазақ тілінде құлқын деген сөздің тура мағынасы ындын деген
ұғымды білдіреді. Осыдан құлқыны құрыды, құлқынның құлы деген фразеологиялық тіркестер жасалған. Ал құлқын сәрі деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы құлқын сөзі тура
мағынасынан біржола ажырап, өте, тым ерте деген фразеологиялық байлаулы мағынада жұмсалынып отыр. Құлқын сөзі фразеологиялық байлаулы мағынаға тек сәрі деген сөзбен
тіркескенде ғана ие болады. Қасқа жол, қасқа бұлақ деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы қасқа деген сөз түс мағынасына емес, анық, айқын, сонадан көрінетін деген фра-
зеологиялық байлаулы мағынада жұмсалады. Бұл мағына өзге сөздермен тіркескенде емес, тек жол, бұлақ сөздерімен тіркескенде ғана көрінеді.
70. Сөздің лексикалық мағыналарының типтеріне толық тоқталыңыз. Синтаксистік шартты мағынадағы сөздерге мысал келтіріңіз.
Синтаксистік шартты мағына. Сөздер сөйлеу үстінде, сөйлем ішінде, контексте қолданылу жүйесіне қарай әдеттегіден тыс басқадай ерекше үстеме мағына жамап алуы ықтимал. Сөздің
сөйлемде өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туатын ауыс мағынасы синтаксистік шартты мағына деп аталады. Синтаксистік шартты мағына сөздің ауыс мағынасының бір түрі,бірақ ол лексикалық ауыс мағынадай бір заттың тура мағынасын басқа бір затқа атау етіп ауыстырудан туған мағына емес, сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік құрылымда қолданылуынан
туған мағынасы. Мысалы, Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп,Бұл күнде тоқталып тұр сол базарым (Ақан сері). Айтып-айтпай немене Исатайды өлтіріп, серкесінен айырылып, Сергелдең
болган біздің ел (Махамбет). Осындағы жәрмеңке, базар деген сөздер өзінің тура мағынасында емес, белгілі контексте колданылып, қызық, думан мағынасында айтылып тұр. Серке тартылған еркек ешкі мағынасында емес, қолбасшы, жетекші деген мағынада жұмсалған. Сөйтіп олар әр түрлі экспрессивті-эмоциялық мән тудырып отыр. Бұл сияқты ауыспалы тиянақсыз мағыналар белгілі контексте сөйлем ішінде көрінетін болғандықтан, синтаксистік шартты мағына деп аталады.Қазақ тіліндегі сөздер бұл тәрізді ауыс мағынаға өте-мөте бай. Олар жағымды мағынада да, жағымсыз мағынада да екі жақты қолданыла береді. Мәселен, сөйлеу тілінде киім дегеннің орнына үстімде қабыгым жоқ, үстіңнен жабуың бір түспейді деп, белгілі сөздерден әр түрлі жағымсыз мән тудырып айта береді. Ауызекі тілде омырау, көкірек, кеуде дегендер орынсыз өжеттікті, өзін жоғары санаушылықты білдірсе, құлқын, өңеш дегендер өзінің қара басының қамынан басқаны білмейтін жемқор, парақорларды көрсетеді. Сөйлеу тілінде артында қоңырауы бар дегеннен әрдайым өсек, әңгімеге ілігіп жүретін жағымсыз адамды түсінеміз. Құдық деген сөздің контекстегі шартты мағынасынан жалмауыз, мешкей дегенді ұғынуға болады. Шымылдық дегеннен жасырын сыр, бүкпе дегенді түсінеміз. Тілдегі кейбір сөздердің әрі тура мағынасы, әрі фразеологиялық байлаулы мағынасы, әрі синтаксистік шартты мағынасы да болуы мүмкін. Мәселен, ауыз деген сөздің тура мағынасы «жан-жануардың тамақтанатын дене мүшесі» екендігі,контекстік шартты мағынасы кісі, адам деген ұғымда (көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады) қолданылуы. Ал ауыз үй,ауыз омыртқа дегендегі ауыз алдыңғы, бірінші деген мағынаны,ауыз тіл деген ауызша сөйлеу деген мағынаны білдіріп, фразеологиялық байлаулы мағынада жұмсалып тұр. Сөздің ауысмағынасы затқа тікелей бағытталмайды, басқадай заттар арқылы соған салыстырма ретінде қолданылады. Бір адамның надандығын, бассыздығын айтқымыз келсе, айуан (хайуан) дейміз, пысықтығын айтқымыз келсе, қасқыр дейміз,оңбағандығын айтқымыз келсе, ит дейміз: айлакерлігі менқулығын айтқымыз келсе, түлкі дейміз, әзәзілдігін айтқымыз келсе, шайтан дейміз, суға жүзгіштігін айтқымыз келсе, балық дейміз, мейірімсіздігін, қатыгездігін айтқымыз келсе, тас дейміз, қаһарлығын айтқымыз келсе, айдаһар не жылан дейміз, көлгірлігі мен қайарлығын айтқымыз келсе, маймыл дейміз, жеңілтектігін айтқымыз келсе, көбелек не ешкі дейміз,мықтылығын айтқымыз келсе, тарамыс дейміз, әншілігін айтқымыз келсе, бұлбұл дейміз, көрегендігін айтқымыз келсе,қыран дейміз. Осының бәрі сөйлеу үстінде туған шартты мағыналар.
*76. Түркі тілдеріне ортақ сөздер туралы мәлімет беріңіз.*
Түркі тілдеріне ортақ сөздерге бір кездегі жалпытүркілік көне лексикадан сақталып қалған, осы күні түркі тілдерінің бәрінде кездесетін сөздер жатады. Сондықтан олар жалпытүркілік сөздер деп те аталады.
Алайда, түркі тілдерінің өзара жақындығы бірдей емес. Әркайсысының өзіне тән даму ерекшелігі болған. Мәселен, қазақ тілі бастапқы негіз тілден бірден шықпаған, онымен тікелей байланысты емес. Қазақ тілі негіз тілмен қыпшақ қауымына ортақ тіл арқылы ғана байланысады. Жалпытүркілік сөздердің мән-мағынасы үйлес келгенімен, жеке түркі тілдеріндегі айтылуы, түр-тұлғасы бірдей бола бермейді. Бұл әрбір түркі тілінің дыбыс жүйесіндегі ерекшелігіне байланысты. Мысалы: қаз. -_тіс_, өзб. -_тиш_, тат. -_теш_, ұйғ. -_тиш_, _чеш_, тувад -_диш_; қаз. -_ауыл_, қырғ. -_айл_, тат. -_авыл_, чув. -_ял_; қаз. -_жыр_, қырғ., алт. -_ыр_, тат. -_йыр_ т.б. Сол сияқты түр-тұлғасы үйлес келгенімен, мағынасы бірдей бола бермейді. Мысалы, _жұғын_ сөзінің түбірі _жұқ_ қазақ тілінде «ыдысқа жұққан тамақтың қалдығы» мағынасында кездеспейді, ал қыр. -_жук_, алт. -_йук_, өзб. -_йук_, түрк. -_йоқ_ сол мағынада айтылады. _Бауыздау_ сөзінің түбірі _бауыз_ қазақ тілінде жеке айтылмайды, ал башқұртта _богоз_, өзбекте _бугиз_ «тамақ, мойын»
мағынасында жеке айтылады.
Түркі тілдеріне ортақ сөздердің түрлері мынадай:
1. Адамның дене мүшелерінің атаулары: _бас, құлақ, көз, қас, аяқ, тізе, буын, шаш, маңдай, кірпік, қол, ауыз, тіс, бел, арқа, жақ, ерін, тіс_ т. б.
2. Мал атаулары: _ат, тай, бие, айғыр, інген, түйе, бұқа, егіз, қой, сиыр, қысырақ, бұзау, қозы, құлын, бота, жылқы, бура_ т. б.
3. Туыстық атаулар: _ата, ана, іні, келін, қатын, күйеу, ұл, қыз, ер, аға, құда, жиен, нағашы, бажа, әке, шеше, балдыз, сіңлі, бөле_ т. б.
4. Жан-жануар, жәндік атаулары: _қоян, түлкі, тиін, арыстан, піл, доңыз, аю, шымшық, қаршыға, қырғи, қарақұс, бөрі, қарға, бүркіт, қаз, үйрек, ит, жылан, құрт, шыбын, бүрге, қандала, маса, тышқан_ т. б.
5. Табиғат құбылыстарының атаулары: _жел, су, өзен, көл, ағаш, тас, ай, күн, жұлдыз, үркер, құм, саз, түн, түс, жауын, бұршақ, қap, жер, тay, теңіз, жаз, күз, таң_ т. б.
6. Түр-түсті, сапа-сынды білдіретін атаулар: _қызыл, жасыл, қара, сары, ақ, көк, қоңыр, сұр, жирен, торы, қысқа, ұзын, қалың, жұқа, ауыр, биязы, жаңа, көне, ескі, ыстық, суық, қою _т. б.
7. Сан есімдер: _бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жүз, мың, жарты _т. б.
8. Есімдіктер: _мен, сен, ол, біз, анау, мынау, сонау, кім, не, қайсы, қалай, қанша, неше, барша, түгел, өзі, ешкім, ештеңе, түгел_ т. б.
9. Қимыл атаулары:_ кел, кет, жүр, кір, бар, қаш, көгер, ал, бер, қой, өс, өт, ал, ер_ т. б.
10. Үстеулер: _ерте, кеш, ілгері, жоғары, төмен, қашық, алыс, шалғай, тез, жылдам, бұрын, түнде, жазда, қыста, күзде, жай, бәсең_ т. б.
11. Шылау сөздер: _немесе, мейлі, дейін, соң, түгіл, таман, үшін, мен, да, және, тұрмақ_ т. б.
Достарыңызбен бөлісу: |