*77. Табудың түрлеріне тоқталыңыз.*
_1. Дәстүрлі наным-сенімдерге байланысты қалыптасқан табулар._
Табулардың үлкен бөлігі діни ұғымдардың, наным-сенімдердің негізінде қалыптасқан қорқыныштан, үрейден туындайды. Олардың қай-қайсысының да астарында әрбір өлім, сәтсіздік, бақытсыздық, кемтарлық, ауру-індет немесе кез келген пәле-жала адамдардың тарапынан белгілі бір тыйымдарды бұзудан болады
деген наным тұрады.
Дәстүрлі наным-сенімдерге байланысты қазақ арасында қалыптасқан ырымдар мен тыйымдардың бірқатары мыналар:
- жұма күні көшуге болмайды, егер көше қалса, не қатыны өледі, не қазаны сынады;
- сенбі, жексенбі, сейсенбі күндері шаш алуға болмайды, бұл күндері шаш алдырса, басынан бәле кетпейді;
- үй ішінде қазан асса, есікке қисайтып аспайды. Есікке қисайтып асса, несібесі төгіліп қалады;
- қолды артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл қолы артына байланған тұтқынды еске салады;
- әкесі тірі кісінің бас жеуіне болмайды, әйтпесе әкесі өліп қалады;
- еркекке жұрелеп отыруға болмайды, өйткені ол қырық адамның жолын бөгейді. Егер әйел жүрелеп отырса, онда ол қырық адамның жолын оңғарады: қырық адамға бақыт пен игілік әкеледі;
- жол жүргенде «түс», «байла» деп айтуға болмайды. Сондықтан қауіп-қатерге ұшырамас үшін ол сөздерді «қон», «бекіт» деп алмастырады.
_2. Мифологияға байланысты қалыптасқан табулар_
Дүниежүзі халықтарының мифологиясы
анимистік, магиялық, тотемдік, шамандық ескі нанымдармен қатар, осы заманғы көп тараған буддизм, христиан, ислам, иудаизм діндері негізінде пайда болды. Әртурлі себептерге байланысты тыйым салудың салдарынан мифологияның басты кейіпкерлері - құдайлар, пайғамбарлар, дию, жын-перілер т.б. табуға айналып отырған. Мысалы, иудаизм дініне табынатындардың құдайы - Яхве. Еврейлерге бұл есімді атауға біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырдан бастап өте қатаң тыйым салынған. Оның орнына Адонай (тақсыр, ием) деген тілдік табуды қолданады. Үнділердің құдайы Брахманың Жаратушы, Үлес бөлуші, Бүкіл әлемнін ақылшысы, Ең жоғарғы сияқты бірнеше қосалшы есімдері болған. Христиан дініндегілердің құдайы Иисус Христостың да Сақтаушы, Күнәсін жуушы, Адамзаттың ұлы сияқты есімдері қазірге дейін қатар аталады. Қазақтар да құдайға жалбарынғанда: «О, Жасаған! О, Жасаған ием! О, Жаратқан ием!» дейді.
Қорқынышты да зиянкесті мифологиялық кейіпкерлердің бірі - Албасты. Ол - көптеген халыктарға ортақ кейіпкер. Соған орай оған тағылған атаулар да сан алуан. Мысалы, Зеравшан
алқабының өзбектері _сары қыз_, батыс сібір татарлары атсыз, _сары шаш_, ноғайлар _кір көйлек_, моңғолдар _алмас_ деп атаған. Қазақтар да _теріс табан, ши мұрын, марту, арапшы _сияқты есімдерді пайдаланған. Жалпы алғанда, түркі халықтары кез келген тау мен тастың, сай мен асудың, өзен мен көлдің, орман мен тоғайдың, шың мен құздың, жол мен сүрлеудің, бастау мен бұлақтың, аң мен құстың, жан-жануарлардың, өсіп тұрған кез келген ағаштың иесі бар деп есептеген. Олардың барлығына
жанама атаулар ойлап тапқан!.
_3. Ауру атауларымен байланысты қалыптасқан табулар_
Тез тарайтын әрі адамдар мен малдарды жаппай қырғынға ұшырататын қатерлі дерттің атын атау сол ауруларды шақырады немесе олардың иесін шамдандырады деген нанымдар көптеген халықтарда кездеседі. Мұндай ауруларға _оба, шешек, кызылша, безгек, топалаң, мәлік_ т. б. жатады. Олардың орнына бүркеншік сөздер пайдаланылады. Мысалы, _қызылша - қызыл көйлек_.
Үйде шешекпен ауырып жатқан адам болса, _мейман, қонақ, қорасан, әулие, күл, бүбі_ сияқты сөздермен тұспалдап білдіретін болған. Ірі-қара малды лезде жусатып салатын мәлік індетін _қыз, кемпір, акбайпақ_; қойга келетін топаланды _алаң, секіртпе, ұшпа_ деп баламалап, тура атауды жасырған.
_4. Тотемдік нанымдар негізінде қалыптасқан табулар_
Әлемге кең таралған ескі нанымдардың бірі - тотемизм. Солтүстік Америка үндістері тілінде тотем «оның тегі» деген ұғымды білдіреді. Америка, Африка, Австралия, Азия құрлыктарын мекендейтін халықтар өздерінің арғы тегін жануарлар, құстар, балықтар т.б. деп таныған. Қазақтардың үкі мен аққуға тимейтіндігі де осы тотемдік нанымның негізінде қалыптасқан тыйым.
Тарихи деректерге қарағанда, оғыздар алты топқа бөлініп, олар _қаршыға, бүркіт, сары бүркіт, сұңқар, ителгі, лашын_ секілді тотемдердің бірінің атымен аталған. Қарақалпақтарда _қаратай, сарытай, бозтай, қоңырат_; қазақтарда _шұбар айғыр, күшік, ителгі_ сияқты ру атаулары бар.
Кейбір тайпалар өздерін белгілі бір жануардан немесе құстан т.б. тараймыз деп сенгендіктен, сол тотемнің атын атауға қатаң тыйым салған. Осы себепті, кезінде алтайлықтар, шорлар
аюды _нағашы_ деп атайтын болған. Сонымен катар оның _ата, қайнаға, жер құлақты, жартастардың патшасы_сияқты толып жатқан бүркеншік аттары бар. Бұланды _жалпақ мүйіз_, маралды _айыр мүйіз_, елікті _сыртылдақ_, жыланды _қамшы, ұзын құрт_ деп атау ескі наным-сенімдердің ықпалы. Моңғолия қазақтары киелі құс деп қастерлейтіндіктен бүркітті - _қанаттылар ханы, көк тәңірісі, аспан перісі, құс төресі, құс патшасы_ деп атайды. Сол сияқты жолбарыстың да _шері, қара құлақ_ сияқты тілдік табулары ұшырасады.
_5. Сөздің сиқырлы қуатына сенуден пайда болған табулар_
Адам мен оның есімі арасында материалдық байланыс бар деген түсінік сөз магиясына (сиқырына) деген сенімнің бір айғағы болып табылады. Бұл наным бойынша, кез келген адам
кез келген басқа адамның есімін біліп алса, сол есімді жадылау арқылы оның иесін қинауға, дертке шалдыруға, кемтар етуге немесе мерт қылуға болады деп есептелген. Осы себепті адамдардың шын есімі құпия ұсталған.
Қазақтар жас балаларды тіл-көзден, ауру-сырқаудан сақтау үшін олардың нағыз есімдеріне тыйым салып, оның орнына _жаман бала, жынды бала, ұры бала, ұзын шаш, қой көз_ сияқты
лақап есімдерді пайдаланған. Қазақ әйелдерінің Сүттібайды - _Уыз_, Сарыбасты - _Шикіл шеке_, Ақбайды - _Қылаң ата_, Қозыбақты - _Кепе_, Еламанды - _Халық есен_, Асаубайды - _Тарпаң_
деп өзгертуі, түптеп келгенде, ескі сенімінің, нанымының нәтижесі.
Сөз бен тілдің қуатына шексіз сенудің салдарынан ертеректе түркі халыктарында сөз арқылы бәлені айдау, сөз аршылы жақсылық шақыру әдеттері туған. Қазақ ауыз әдебиетінде кездесетін бәдік, бұлт шақыру, күн жайлату өлеңдері, бүйі, жылан, қара құрт шаққанда айтылатын арбау, байлау өлеңдері сөз құдіретіне сенудің ең мықты айғақтары.
Достарыңызбен бөлісу: |