Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
4.5 Теологиялық философияның II кезеңі болып табылатын схоластиканың өзі де 3 даму кезеңінен өтті 1. Ерте схоластика (IX-XIIғ.ғ.); Өкілдері: Эриугена, Абеляр, Кентерберийлік Ансельм. 2. Гүлденген схоластика (XII-XIIIғ.ғ); Өкілдері: Ұлы Альберт, Аквиналық Фома. 3. Кейінгі схоластика ( XIII-XIVғ.ғ); Өкілдері: Дунс Скотт, Уильям Оккам. Бұл кезең аралығында қалыптасқан философияның негізіне: 1) ежелгі грек философиясы (платондық және аристотельдік дәстүр); 2) және философияны христиандыққа қарай бұрған Киелі Жазбалар (Священное Писание) алынды; 3) діни билік институттары қалыптасып, көпқұдайлы діндердің (политеизм) орнына бірқұдайлы діндер (монотеизм): христиандық, ислам келді. Христиан діні қудалаудан құтылып, зайырлы билікпен бірігіп, өз ықпалын кеңейте түсті. Шіркеу рөлі күшейіп, қоғамдық өмірдің барлық салаларына және ең алдымен рухани салаға ықпалын жүргізді. Осылайша ортағасырлық дінге тәуелді болған философия - «діннің қызметшісіне» айналды («Философия - служанка богословия»). Христиан діні Европада даму алып, Рим империясының орталықтары - Рим мен Константинопльден жан-жаққа тарады. Теоцентрлік христиандық дүниетаным екі идеяға бөлінді: 1) христиандық философияның онтологиясының негізінде жатқан жарату идеясы; 2) христиандық философиядағы таным туралы ілімнің негізі болып табылатын ашылу (откровение) идеясы. Христиандық философиядағы барлық сұрақтар теоцентризм, креационизм (лат.creatio-жарату), провиденциализм (лат.providentiva-провидение) тұрғысынан қарастырылды. Бірнеше ғасыр бойына Европа университеттері мен мектептерінде дәріс түрінде оқытылғандықтан ортағасырлық теологиялық философияны «схоластикалық философия» деп атау және сипаттау қабылданған (латынның «schola» сөзі аудармада - «школа», «мектеп» ұғымын береді). «Мектеп философиясының» көздеген мақсаты - Шіркеу догматтары мен діни ілімді философиялық тұрғыдан негіздеу болғандықтан, схоластикалық философия көп ұзамай-ақ шығармашылық ізденіске бағытталған ғылым емес, қатып-семген, жеміссіз мектеп - университет пәніне, «құдайтанудың қызметшісіне» айналды. Схоластика - Інжілді (Библияны) қатаң нормативтік мәтін (текст), абсолютті ақиқат ретінде қарастырады. Схоластар білімді екі түрге жіктейді: 1) құдіретті білім (Інжіл арқылы Құдайдың жеткізгісі келген ойы); 2) табиғи білім (Інжілді талдау арқылы адам ақылының аша алған, таратып, талдап, түсіне алған ұғымдары мен қорытындылары). Библия (Інжіл) сөзінің астарындағы Құдай ойын дұрыс түсінуге тырысқан схоластар сансыз пікірсайыс пен даулар жүргізіп, жүздеген философиялық томдар жазды. Бір қызығы, сол сайыстар мен даулар - Құдай ойларының мәні туралы емес, діни ілімнің сыртқы, формалды - логикалық құрылымы туралы, яғни ұғымдар мен анықтамалардың дұрыстығы, нақтылығы туралы бағытта өрбіді. Кең мағынада «схоластика» деп мәселені объективті тұрғыдан қарастыратын ой емес, шын дүниеден, реалдылықтан қол үзген, схемашылдықты, беделге сүйенетін уағызшылдықты, ұшқары догматизм мен консерватизмге негізделген ойлау түрін айтады (мысалы, «Жолдас Сталин айтқандай», «Партия съезінде көрсетілгендей», «Інжілдің (Библияның)...тарау, тармағында»...). Фома Аквинский (1225/122-1274 жж.) теолог, философ, 13 ғасырдағы ірі итальяндық схоластардың бірі, томизм бағытын негіздеуші. «Шіркеудің ортақ ұстазы», «Шіркеу әкесі» деген мадақтау атақтарына ие болған және «Періште доктор» деген құрметті атақ алған. Негізгі шығармалары: «Теология жиынтығы», «Пұтқа табынушыларға қарсы жиынтық» т.б. Біріншіден, танымды, білімді, ғылымды аристотельдік тұрғыдан түсінуді орта ғасырдағы негізгі гносеологиялық мәселеге қолданатындай қылып тасымалдау керек екендігін атап көрсетті. Фома Аквинский өзара бағынышты даналықтың үш типінің иерархиясын ұсынады: Игілікті даналық, құдайтанымдық даналық, метафизикалық даналық. Олар «ақиқаттың нұры» тән болып табылатын шартты ажыратылған объектілер. Метафизикалық даналықтың шартты объектісі құпия үштікке біріктірілген Құдай емес, болмыс болып табылады. Ал жоғары ғылым (теология) Құдайдың ашылуының ақиқаттарын түсіндіруге жүгінеді, оның кейбір ақиқаттары ақыл тұрғысынан дәлелдеуге келеді, ал кейбірі келмейді дей келе, теологияны ашылу ақиқаттарына сүйенетін жоғары жаратылыстық теологияға және «ақылдың табиғи нұрына» негізделген рационалдық теологияға ажыратады. Осыдан – адам өз күшімен жете алмайтын құдайлық ашылу ақиқатын және адамның интеллектісі қажырлы еңбек пен тәртіпті сақтау жағдайында өзі жетуге болатын ақиқатты ажыратады. Яғни, ойшылдың басты қағидасы-ғылым ақиқаты мен сенім ақиқаты бір-біріне қайшы келмейді, керісінше олардың арасында үйлесімділік орнаған. Даналық құдайға жету ұмтылысынан тұратын болса, ғылым – бұған жағдай туғызатын құрал. Екі ақиқат бірде сенім ақиқаты болса, келесіде білім ақиқаты болып табылады. Ол универсалий жөніндегі тартыста шеткі реализм бағытын ұстанды да, жалпы ұғымдардың үш тарапты өмір сүретіндігін көрсетті: архетип ретінде заттарға дейін құдайдың санасында; заттың мәні ретінде субстанциялар мен заттарда; абстрактілі формада адамның санасында. Онтологиялық ілімдерінде болмыс актісі актілердің актісі, жетілгендіктің жетілгендігі ретінде барлықтың өз ішінде оның тылсым тұңғиығы, нағыз шынайылығы түрінде болады деген ұстанымда болды. Бүткіл әлем өзінің өмір сүретіндігіне тәуелді болып табылатын субстанциялардың тұтас жиынтығы екендігін ұсына отырып, шартсыз, өзмәнді өмір сүретіндікті және тәуелді, кездейсоқ өмір сүретіндікті ажыратты. Фома Аквинский құдайдың бар екендігін космологиялық жолмен дәлелдеуді ұсынды да, оның бес бағытын атап көрсетті: әлемдегі болып жатқан қозғалыстардың барлығы «алғашқы көз» құдайлыққа келіп тірелетіндігі; себептердің тізбегінің алғашқы себепке алып келетіндігі; әлемдік кездейсоқтықтардың құдайлық қажеттіліктерге алып келетіндігі; жаратылудағы әртүрлі жетілгендіктің жаратушының абсолютті жетілгендігіне жетелейтіндігі; мақсаттардың иерархиясының шеткі аяқталатын межедегі мақсатқа түйісетіндігі. Бұлардың әрқайсысын тереңірек онтологиялық тұрғыдан дәйектеген ойшылдың тұжырымдамасы түп мәнінде Құдайдың бар болуына келіп тоғысты. Мәселен, үшінші жол мүмкіндік пен қажеттілік ұғымдарынан туындайтындығын, заттар арасынан болуы, болмауы мүмкіндерді алуға болатындығын, олардың пайда болатындығы мен өлетіндігін, олардың болуы, болмауы мүмкіндігі қалай көрінетіндігін, бұл тұрғыдан алғанда мәңгілік болмыс мүмкін емес екендігін, бірдеңе келешекте бейболмысқа өтуі мүмкіндігін көрсетеді. Сондықтан, егер ешқандай барлық болмайтын болса, бір нәрселердің болмысқа өтуі мүмкін емес екендігі, бар-лықтың бәрі кездейсоқ емес, әлемде қажетті бір нәрселер болуы керектігі, бірақ қажеттілердің бәрі өзінің қажеттілігі үшін кейбір сыртқы себептерді иемденетіндігі, немесе иемденбейтіндігі, бәрінің қажеттілігінің себептерін құрайтын Құдай болып табылатындығы хақындағы идеяларын ұсынады. Аристотельдің ізін қуа отырып, ол интеллектіні белсенді және енжар деп екіге бөледі де, туа біткен идеялар мен ұғымдарды жоққа шығарады. Бірақ бізге сенімдік материалмен байланысқа түсе бастағаннан-ақ іске қосылатын «жалпы схемалардың» туа біткендігін атап көрсетеді. Образдан ұғымға көшу оны материясыздандырады және жалпылайды. Бұл өту – абстракциялау, оны актуальді интеллект іске асырады. Осындай үрдістермен таным өзінің нәтижесіне жетеді. Ал құдайды тану сәтінде ақыл ой қорытындысы арқылы асқақтай түседі. Демек, танымда құдай бірінші танылмайды, ең соңынан танылады деп түсіндіреді. Ол ақылдық-танымдық үш операцияны көрсетеді: жадыны тудыру және оның мазмұнына тоқталу; пікір (позитивті, негативті, экзистенциалдық) немесе ұғымдарды салыстыру; ой қорытындысы немесе пікірлердің бір-бірімен байланысы. Демек, томизмде ақыл, интеллект, парасат ажыратылады. Адам тәндік жаратылыстардың ішіндегі ең жоғарғысы. Басқалардан адамды айыратын материалдық емес парасатты жан және еркін ерік. Осы ерік арқылы ол өзінің барлық ісіне жауап береді. Бірақ еркіндіктің негізі ақыл. Жан тәннің субстанционалдық формасы, бірақ ол тұлға емес, оның тек рухани негізі болып табылады. Тұлға тұтас адам. Адам өлімі осы екеуін ажырату үрдісі, өлгеннен кейін тұлғаның негізі ғана сақталады, бірақ ол толық тұлға бола алмайды. Жан сол денеге қатаң түрде сәйкестендірілген, ол тұлғаны құрастырады. Басты интеллектуальді қайырымдылықтар – бірінші қағидаларды тану, олар: білім, даналық; басты моральдік қайырымдылықтар – практикалық алғашқы негізді тану, оған: адамның табиғи құқы, ар, игілікті ой кіреді. Егер игілікті ойға ер адамдық қайырымдылықты, әділеттілікті, келісімділікті қоссақ, онда олар біздің парасатымыздың жалпы құрылымын бере алады. Олардың бірлігінің кемелденуі махаббатты (сенім, үміт махаббат құрылымындағы махаббат жөнінде) береді деген сияқты пікірлерін тұжырымдайды. Адам мемлекетте ғана өмір сүре алатын «саяси жануар». Мемлекет құдайдан, бірақ оның басқару формалары басқару тәсіліне байланысты – олигархия, монархия, тирания болып келеді дейді. Демек, Фома Аквинскийдің негізгі идеялары теологиялық-рационалистік сипатта танылды. Құдайдың өмір сүретіндігі жөнінде нақты дәлелдемелер келтіре отырып, онтологиялық ілімінің негізінде Аристотельдің актуальділік пен потенциалдық антитезисына сүйене отырып, потенциалдылық ретінде материяны таниды, оны «болмыстың әлсіз түрі» деп пайымдайды. Материя формаға еніп, «даралану қағидасын» нақтылайтындығын атап өтеді. Сонымен қатар орта ғасыр іліміне «өмір сүретіндік пен игіліктілік өзара алмасатын ұғымдар» құндылығын енгізді.