4. Мектептің тұтас педагогикалық үдерісін диагностикалау реті мен мақсаттары Мектепішілік басқарудың жағдайын диагностикалау педагогикалық үрдісті ғылыми-практикалық тұрғыдан жүргізуге мүмкіндік береді. Диагностика оқу үрдісінің жағдайларын объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ететін оқытудың өлшенетін көрсеткіштерін алу тәсілі; танымдық үрдісте орын алып отырған барлық өзгерістерді анықтау тәсілі.
Диагностикалауды өз деңгейінде жүргізу үшін бақылау, әңгімелесу, сауалнама, шығарма, тестілеу, ақыл - кеңес, өзін-өзі тану, рейтинг, саралау, психологиялық-педагогикалық карта, тәрбиелік деңгейін зерттеу картасы, педагогикалық консилиум, социометрия, іскерлік ойын, мониторинг және т.б. әдістерді пайдаланылады. Диагностикалық әрекеттің аспектілері бөліп көрсеттік: салыстыру, талдау, бағалау, интерпретация (түрлендіру), тестілеу, қорытындылау.
Кез келген зерттеу бақылаудан басталады. Бақылау - әр ғылымның негізгі әдісі. Тәртіпті бақылау педагогикалық диагностиканың басты әдісі болып табылады. Мұғалімнің оқушыларын жүйелі бақылауы диагностикалық әрекет болып табылады. Ғалымдар бақылау туралы өз пікірлерін «біз әлеммен қатынасты барлық ішкі дүниемізбен сеземіз және оның көмегімен керекті білімді қабылдап аламыз. Осы негізде бақылау әлемді танудың бір әдісі ретінде біздің қабылдауымызға қарай еркін түрдегі бақылаудан ғылыми бақылауға өтуі мүмкін» - деп білдіреді.
Педагогикалық диагностикада тестілеу деп зерттеу әдістерін айтады. Ғылыми тілде тестілеу – бұл құрылуы мен қолданылуында белгілі ереже болатын зерттеу әдісі. Диагностикалық әдістер тұлғаның психикалық ерекшеліктеріне мінездеме берумен қатар сандық және сапалық сипаттама береді.
Жалпы алғанда ппедагогикалық диагностика - оқу үрдісін оңтайландыру міндеттерін шешуге бағытталған бақылау мен бағалау тәсілдерінің, әрі педагогикалық үрдіс жағдайының себептерін анықтау, «педагог-оқушы» жүйесінің мүмкіндіктерін, олардың арасындағы қарама-қайшылықтарын айқындау және сипаттау үшін қажетті білім мен әрекеттің жиынтығы.
Осыдан педагогикалық диагностика - оқу үрдісін оңтайландыру міндеттерін шешуге бағытталған бақылау мен бағалау тәсілдерінің жиынтығы, сонымен қатар оқу бағдарламаларын, педагогикалық әсер әдістерін жетілдіру болып табылады
Сонымен қатар диагностикалық іс-әрекет үдерісінің жүру барысында қажетті ғылыми ережелер сақталады, мұғалім оқушыны бақылайды және сауалнама жүргізеді, бақылау нәтижесінде сауалнамадан алынған сұрақтардың нәтижесін талдайды және жалпы алынған нәтиже бойынша мінез-құлқына мінездеме береді, оның мотивтерін түсіндіреді, болашақтағы мінез-құлқын айтып бере алады.
Психологиялық-педагогикалық диагностиканың оқу-тәрбие үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында оқушылардың әлеуметтік-психологиялық сипатын зерделеуге, пайымдау жасауға, болжамдар арқылы оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесін арттыруға бағытталған бағалаулардың жиынтығы екені басшылыққа алынып, құқықтық тәрбие жұмыстарынан қажетті мәліметтерді толық жинақтап, оларды талдап, тиісті қорытындылар жасалынып, оңтайлы шешім шығару жоспарланды. Мектепiшiлiк бақылаудың ерекшелiгi оның бағалау қызметiмен байланысты, ол бағалау мұғалiм тұлғасының ерекшелiгiн ескеруге бағытталады.