45-жаттығу. Текстен қысқарған сөздерді тауып, оның қандай сөздерден қыскарғанын ауызша ажыратыңыздар.
1. Келер күні ертемен рабфакшылар Харьковке жүріп кетті (А. Мак.). 2. Бізге Сарытау Совдепі де көмектесуге кірісті (X. Ес.). 3. Политбюрода бастық – ұзын бойлы, әскер киімді, арық, құба жігіт (С. С.). 4. Зоотехник болғалы жүр. Қолхоздың негізгі мал-мүлкін қоспағанда, бір жылғы кірістердің өзі бірнеше миллиондарға жетті (Ғ. Мұст.). 5. СССР Жоғарғы Советінің депутаттарына кандидаттар ұсыну басталды («С.Қ.»). 6. Ю.А.Гагарин мен Г.С.Титовтың «Восток-1», «Восток-2» корабльдерімен космос кеңістігіне ұшуы совет ғылымының дүниеде теңдесі жоқ тамаша жеңісі болып табылады («С. Қ.»).
№16 практикалық жұмыс.Сөз таптары.
Негізгі және көмекші сөздер
Сөздердің мағынасы мен атқаратын қызметі біркелкі емес. Кейбір сөздер толық мағыналы болса, кейбір сөздер өз алдына толық мағынасы болмай, басқа сөздермен тіркес құрамында ғана жұмсалады. Мысалы: Біртіндеп жырды да доғара бастады (X Ес ). Бұл сөйлемде бес сөз бар, оның үшеуі (біртіндеп, жырды, доғара) толық мағыналы да, екеуінің (да, бастады) лексикалық мағынасы жоқ, тек грамматикалық мағынасы бар сөздер.
Сөздердің мағынасы мен қызметіндегі осы ерекшеліктеріне қарай, олар негізгі және көмекші болып екіге бөлінеді.
Негізгі сөздер —заттардың, құбылыстардың, олардың түр-түсінің, саны-сапасының, мезгіл-мекенінің, қимылының аты. Олардың әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағыналары болады. Мысалы: күн, жер, кітап, гүл, көше, он, кел, жақсы, мектеп, түн, боран, жоғары, көк, бүгін, сегіз. Негізгі сөздер ой құрастыруға – сөйлем құрауға негіз болады. Олар сөйлемнің дербес мүшелері кызметінде жұмсалады. Мысалы: Асқар кітап оқыды. Мұнда Асқар – бастауыш; оқыды – баяндауыш; кітап – толықтауыш.
Көмекші сөздер лексикалық мағынасынан айрылып, түрлі грамматикалық қызметке көшкен. Сондықтан олар жеке тұрып сөйлем мүшесі болмайды, сұраққа жауап бермейді. Толық мағыналы сөзге тіркесіп, оған түрлі мағына үстейді, құрамына енеді.
Дербес мағынасы бар, жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алатын сөздер негізгі сөздер деп аталады.
Негізгі сөздерге сөйлемде түрлі мағына үстеу үшін, грамматикалық қызметте қолданылатын, дербестігінен айрылған сөздер көмекші сөздер деп аталады. Көмекші сөздерге көмекші есім, көмекші етістік, шылаулар жатады.
46-жаттығу. Текстегі негізгі және көмекші сөзді ажыратыңыздар.
I. Панферов Москва түбінде немістерге қарсы соқкы дайындалып жатқанын сезді. Бірақ осы қиын кезде қосымша әскер бермей, майдандағы шағын күшпен немістерді тоқтатуға әмір берілді. Жағдай өте қиын. Тәжірибелі әскер басы Панферов қарсы шабуыл дегеннің не екенін жақсы білетін. Шабуылға дайындалған әскерді жауды тоқтатуға жұмсап, күшті шашыратып азайтып алуға болмайды. Осы ащы шындық қабырғасына қанша батса да, көнбеске шарасы жоқ. Ол бүгін өз өміріндегі ең үлкен іс атқаратынын ұқты (Т. Ахт.).
II. Абай жаңағы өз ойын аяқтатып тоқтатпақ боп: – Бай, бағлан боп, қадірлі болмайды жігіт. Өнерлі боп, сол өнерін ұстай біліп, қадірлі болады. «Өнерпаз болсаң – өр бол», – дейді Біржан аға. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшілік емес. Өнерлі ақын, асқақ әнші болсаң – ел көңіліндегі мұңды айтып, көзіндегі жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадірлі болмасқа тиісті – деп, Абай өз қасында отырған Әйгерім мен інісі Әмірге қарап, бір түйіп тастағандай болды (М. Ә.).
III. Бөлме іші тар. Есіктен кіргенде, сол қолда кішкене үстел мен бір арқалы ескі отырғыш тұр. Меңдікерей алдында тұрған жалғыз терезе сол үстел жақта. Ал қарсы бітеу қабырғада үстіне көрпе жапқан ағаш койка көрінеді. Сырт көрінісінде, ауласына, іштегі пешінің түріне қарап, үйді орыс үйі десе де болғандай, еденсіз және ішіндегі көрпе-көпшікке қарап қазақ үйі десе де, сыярлық (X. Ес.).