Сілтеу есімдіктері Сілтеу есімдіктері мыналар: бұл, осы, ол, сол, ана, анау,мына, мынау, сонау, осынау, әне, міне. Сілтеу есімдіктері нәрсені, құбылысты, уақиғаны нұсқап, сілтеп көрсетеді. Олар қай? деген сұраққа жауап береді.
Бұл, мына, мынау, осы, міне деген сілтеу есімдіктері сөйлеушіге жақын заттарды көрсетеді. Мысалы: Мына үйде тұрады. Мұндағы сөз болып тұрған үй деген зат сөйлеуші мен тыңдаушының көз алдындағы жақын зат.
Анау, ана, сонау, әне сілтеу есімдіктері алыстағы нәрсені нұсқайды. Мысалы: Сонау алыста жүрген ұшқыштардың ерлігін айт. Мұндағы сонау есімдігінің алыстық мәні анық көрініп тұр.
Сілтеу есімдіктері зат есімнің орнына қолданылғанда, көптік, тәуелдік, септік жалғаулармен түрленеді. Мысалы: бұлар, осылар, аналарың, мынауың, осымыз т. б.
56-жаттығу. Сілтеу есімдіктерін тауып, олардың қосымшаларын бөліп жазыңыздар.
1. Сонау бір күндерде құтқарғаның былай тұрсын, мінезің естен кетпейді. 2. Мен емес, сен қиналдың-ау сонда. 3. Осында бір қыз жүр, жұрттың бәрі соған қарайды. 4. Кім болды екен бұлар? – деп, Мейрам да қадала қарады. 5. Соларға алдымен су, май, баспана керек, ал бізде оның бірі де жоқ. 6. Мен мынау ауылдарға барып көрем. 7. Өкіл сөзін осымен аяқтады. 8. Бұларың қалай, дәрігер көріп кетіп еді ғой, – деді Жайлаубай. (Ғ. Муст.)
Сұрау есімдіктері Сұрау есімдіктері мыналар: кім? не? неше? қанша? қай? қайда? қайдан? қалай? қашан? қайсы? қандай? нешеу? нешінші? Сұрау есімдіктері заттың атына, сынына, санына, ретіне, мекеніне, амалына, тәсіліне қойылады. Мысалы: – Кім келді? – Асқар. – Қашан келді? – Кеше. – Қандай кітап екен? – Өте қызық кітап. Сұрау есімдіктері көптік, септік, жіктік, тәуелдік жалғауларын қабылдайды. Мысалы: кімдер? нелер? кімнің? кім? кімге? неден? Сұрау есімдіктері мен ол қойылған зат есімнің формасы сай келеді. Мысалы: Асанға – кімге? Столда – неде? Розамен – кіммен? 57-жаттығу. Текстен сұрау есімдіктерін тауып, оларды әрқайсысы қай сөз табымен байланысты қолданылып тұрғанын түсіндіріңіздер.
1. Неменені естідің? 2.Ендеше бұл үйірге қосылмай, неге шеттейді? 3.Ошаққа қайсысы тас болады? 4. – Қалай алмайды, әке? Бұрын қанша болған? 5. Қайда барам десең де, қанша күн жүрсең де еркің. 6. Бізге беретінің қайдан білесің, ағеке? 7. Қайсысы болса да, неге келе жатыр екен? 8. – Қайдағы мал? – десем. 9. – Кім? 10. – Қайдағы? 11. Қай жұмысты? 12. Ауылдың қай қызы олай отырып көріп еді? (С. М.)
Өздік есімдігі Өздік есімдігіне бір ғана өз сөзі жатады. Бұл сөз тәуелденіп, 3 жақта, жекеше, көпше, сыпайы, анайы түрде қолданылады: өзім, өзің, өзіңіз, өзі, өзіміз, өздеріміз, өздеріңіз, өздері. Өздік есімдігі әр субъектіні өзгеден бөліп көрсетеді.
Өздік есімдігіне септік жалғауы тікелей жалғанбайды. Ол тәуелденіп барып, септеледі.
58-жаттығу. Өздік есімдігін теріп жазып, қалай түрленіп түрғанын айтыңыздар.
1. Мағыш өзіне: «Мен кінәлап па едім?» – деді. 2. Өзіңізге ғана айтамын деген сырыммен, сол бөгетімнің жайын айтайын. 3. Өзінің, ниетіне астыртын ауыстырмай тұра ма?! 4. Бірақ соның бәрін жеңгенде, бұл екеуі өздерінің екеу боп тұрған бірлігімен жеңеді. 5. Өзіміздей адам. 6. Өздерін әзіл, ойын еткен үлкендердің өлеңі бар, соны айтады. 7. Өздері тегіс тау үңгірінің кірер аузына келді (М. Ә.).