Сын есімнің заттануы (субстантивтенуі) Сын есім өзінің сындық мағынасын сақтап, оның үстіне заттық мағынаға да ие болып қолданыла алады. Мысалы: күштімен алыспа, үлкенді сыйла.
Мұндай сын есімдерді заттанған сын есімдер дейміз. Заттанған сын есімдер әдетте өзі қатысты заттың орнына жұмсалады. Мысалы: Үлкен адамды сыйла – Үлкенді сыйла. Заттанған сын есім зат есім қосымшаларын қабылдайды. Зат есім сияқты түрленеді, сөйлемде зат есім қызметін атқарады.
Заттанған сын есімдердің мүлдем зат есімге айналғандары да кездеседі. Мысалы: Шідерті, Бұғылы, Ақжарқын. 52-жаттығу. Заттанған сын есімнің астын сызып, оған жалғанған қосымшаның қай сөз табына тән екенін түсіндіріңіздер.
1. Жақсының қадірін жаманды көргенде білерсің. 2. Оттама, үлкен сыйламаған, жақсыдан жаман туған. 3. Жасы, кәрісіне, әйел-еркегіне бірдей сөз тауып, бәрімен құрдасындай ойнап, құрбысындай әзілдейді (Ғ. Мұст.). 4. Жауыздарға жол бермеу керек (X. Ес.). 5. Ақты – ақ, қараны – қара демейтін, арамды – арам, адалды – адал демейтін, үкіметтің, халықтың жолын білмейтін надан, пасық, не қылығымен ұнады. 6. Мал-мүлікті енді басқа ояздағы жақындарына тығып жатыр (Ғ. Мұст.).
Сын есімнің шырайлары Заттың сындық сапасының басқа заттан артық-кемдігін білдіретін сын есім мағынасын шырай дейміз. Қазақ тілінде 2 түрлі шырай бар: 1) салыстырмалы шырай, 2) күшейтпелі шырай.
1. Салыстырмалы шырай сындық сапаның басқа заттың сынынан артық-кемдігін салыстыру ыңғайында көрсетеді. Мысалы: Мынау кітап ана кітаптан жақсырақ. Бұл бөлме ана бөлмеден үлкенірек. Салыстырмалы шырай сын есімдерге мынадай жұрнақтарды жалғау арқылы жасалады:
а) -ырақ, -ірек, -рақ, -рек:жұмсағырақ, көгірек, тазарақ, сәндірек. ә) -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу:жастау,үлкендеу,биіктеу,көңілділеу. Ескерту.-қылт, -қыл, ғыл, -ғылт, -ғыш, -шыл, -шіл, -қай, -аң, жұрнақттарының да шырайлық мәні бар. Мысалы: көкшіл, бозғылт, сарғыш, ақшыл, қоңырқай, қуаң т. б.
2. Күшейтпелі шырай сындық сапаның басқа заттың сапасы мен салыстырғанда, өте артық я өте кем екенін көрсетеді. Мысалы: қып-қызыл, өте әдемі. Күшейтпелі шырай мынадай 2 түрлі жолмен жасалады:
1. Күшейткіш буынның сын есіммен қосақталуы арқылы жасалады. Күшейткіш буын сын есімнің бірінші буынынан -п арқылы жасалады. Мысалы: үп-үлкен, қап-қара, жап-жақсы. 2. Сын есімнің алдынан күшейткіш демеуліктердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: өте жақсы, аса терең, ең қадірлі.