Бұрынғы өткен шақ Бұрынғы өткен шақ сөйлеушінің хабарлаған кезінен біраз бұрын болып өткен қимыл-әрекетті білдіреді. Мысалы: Таң қала берсін, біз өмірдің көркемдігін осылай көргенбіз (С. Е.).Смена біткен соң барып, десятник тауыпты (С. Е.). Бұл екі мысалда сөйлеушінің хабарлаған кезінен әлдеқайда бұрын болып өткен қимыл суреттеліп тұр.
Бұрынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады:
1. Етістіктің түбіріне көсемшенің -ып, -іп, -п жұрнағы мен жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы: бар-ып-сың, кел-iп-тi, қал-ып-сыз т. б.
2. Етістіктің түбіріне есімшенің -ған, ген, -қан, -кен жұрнағы мен жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы:көр-ген-біз, бар-ған-мын, қайт-қан-сың, біт-кен. Кейде бұған екен көмекші етістігі де тіркеседі. Мысалы: барған екен, көрген екен , тұрған екен т.б. Бұрынғы өткен шақтық мағынаны есімше мен көсемше жұрнағы береді, жіктік жалғауы қимылдың қай жақта жасалғанын білдіру үшін қолданылады.
Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі етістіктің түбіріне болымсыздық жұрнағы жалғануы арқылы немесе емес, жоқ сөздерінің етістікпен тіркесуі арқылы беріледі:
бармапсың – барған емессің – барған жоқсың. Ауыспалы өткен шак. Етістіктің басқа шақтарымен жасалу жолы бірдей, бірақ өткен шақтық мағынаны білдіретін етістіктің шағын ауыспалы өткен шақ дейміз. Мысалы: Оның квартирінде Иоган Себастиан Бах пен Спинозаның портреті ілулі тұратын (С. Е.).
Ауыспалы өткен шақ есімшенің ауыспалы шағы арқылы жасалады; жақтық мағына жіктік жалғауы арқылы беріледі. Мысалы: көретін-мін, сөйлейтін-мін, сыйлайтын-сың т. б.
Ауыспалы өткен шақтың болымсыз мағынасы болымсыздық жұрнақ арқылы жасалады. Мысалы:біл-ме-й-тін-сің, сұра-ма-й-тын, жаз-ба-й-тын-быз т. б.
Етістіктің райлары Рай категориясы қимылдың болмысқа қатысы туралы сөйлеушінің түсінігін, көзқарасын білдіреді. Қазақ тілінде 4 түрлі рай бар: I. Бұйрық рай. 2. Қалау рай. 3. Шартты рай. 4. Ашык рай.
1. Бұйрық рай.Біреуге арналып, бұйыра айтылған етістік мағынасын бұйрық рай дейміз. Бұйрық мағына түбір етістіктің өзінде берілген, сондықтан бұйрықтың қай жаққа қатысын білдіру үшін, түбір етістікке тек жіктік жалғау ғана жалғанады. Ол жіктік жалғау осы райдан басқа жерде қолданылмайды. Бұйрық райдың жіктелуі төмендегіше:
Жекеше
Мен кел-ейін, сана-йын Сен кел, сана
Сіз кел-іңіз, сана-ңыз Ол кел-сін, сана-сын
Көпше
Біз кел-ейік, сана-йық.
Сендер кел-іңдер, сана-ңдар. Сіздер кел-іңіздер, сана-ңыздар. Олар кел-сін, сана-сын.