Белгісіздік есімдіктері
Белгісіздік есімдіктері мыналар: әркім, әрқалай, әрқашан, әрбір, әрқайсысы, әрне, әлдекім, әлдене, әлдеқашан, әлденеше,әлдеқалай, біреу, кейбіреу, кейбір, қайсыбір, бірнеше, бірдеме.
Белгісіздік есімдіктері түрлі сөз табының орнына жүреді. Зат есімнің орнына қолданылатын белгісіздік есімдіктер мыналар: әркім, әлдекім, әрне, әлдене, біреу, кейбіреу, бірдеме, бірдеңе, кімде-кім; Сын есім орнына қолданылатындар: әр, әрбір, бір, кейбір, қайсыбір, қайбір; сан есімнің орнына қолданылатындар: әлденеше, біраз, бірнеше; үстеудің орнына қолданылатындар: әрқашан, әрқалай, әлдеқашан, әлдеқалай, әлдеқайдан.
59-жаттығу. Белгісіздік есімдікті тауып, белгісіздік есімдіктің қалай жасалғанын, қалай түрленгенін айтыңыздар.
1. Кейбіреудің көнгісі келмегенмен, Аманкелді де, көпшілік те бұл сөздің артын тоспақ болыпты (С. М.). 2. Әркімнің мінезін, құлқын бірер көргеннен-ақ әбден өзінше болжап алады. 3. – Мырза, сіз басқа біреуді маған жорып отырсыз ғой деймін (С.С.). 4. Әлденемеге үңіле ойланып қалыпты. 5. Әлдекімдер баласынан, әлдекімдер ата-анасынан айырылып жатыр (Ғ. М.). 6. Сөйтіп, бет-аузын әлденемен тұмсалап та үлгерді (С. М.). 7. Әркімнің шамына тиетін мұндай сөздерді ол қайдан ала келгенін кім білсін (Ғ. Мұст.).
Болымсыздық есімдіктер
Болымсыздық есімдіктер мыналар: ешкім, ештеме, ешбір, ешқандай, ешқашан, ешқайдан, ешқайда, ешқайсысы, дәнеме, дәнеңе.
Болымсыздық есімдіктерінің сөз табына қатысы түрлі. Зат есім орнына қолданылатын болымсыздық есімдіктер: ешкім, ештеме, ештеңе, ешнәрсе, ешқайсысы, дәнеме; сын есім орнына: ешқандай, ешбір; үстеу орнына: ешқашан, ешқайдан есімдіктері қолданылады.
Зат есім орнына қолданылатын болымсыздық есімдіктері зат есім сияқты түрленеді: септеледі, тәуелденеді, кейде көптік жалғауын да қабылдауы кездеседі, бірақ жіктелмейді.
60-жаттығу. Болымсыздык есімдікті тауып, оның қалай жасалғанын, қай сөз табының орнына қолданылғанын түсіндіріңіздер.
1. Біз көргендерден жөнді ештеме қалмапты ғой. 2. Ешкімге ұрысқан жоқ па? 3. Егер жерге көмілген трубалар жарылса, күн ашылмай оған ештеңе істеп болмайды (Ғ. Мұст.). 4. Бірінші, Рязанов мырзаны ешқайдан да таба алмайсыз (Ғ. М.). 5. Біз өзімізді атамақ тұрсын, ешқашан да мұндай ерлік қолымыздан келеді деп ойлаған жоқпыз. 6. – Тұрмасаң жүре бер, сені ешкім де ұстамайды (А.Мак.). 7. Ешкімнің бет ажарына қарамастан, газет бетінде, топ алдында айыптыны сөгеді, сыбайды (Ғ. Мұст.).
Достарыңызбен бөлісу: |