4) Халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, өркениеттің қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз тарихымызда қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Еліміздегі ескерткіштер, ғимараттар, көне қалаларды қалпына келтіру. Сонымен бірге Ұлытаудағы жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар, Жетісудың киелі мекендерін т.б. жерлерді сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру қажет. Олар халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Бізге жат идеологиялардың артында басқа халықтардың құндылықтары, символдары тұр, біз оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
5) Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Жобаның мәні: бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи отандық мәдениет мемлекеттік қолдауымен БҰҰ-ның 6 тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі тиіс; мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына мүлдем жаңа тәсілдермен таныстыруымыз қажет; бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, университеттер, қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруы тиіс.Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алып, кейін оларды шетелдерде таныстырамыз.