40.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың эволюциясын көрсетіңіз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қалыптасуы мен дамуы Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдары қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне зиян келтіре отырып, ел экономикасына кері әсер етеді, адамгершілік қағидаттарына зиян келтіреді, азаматтардың мемлекетке деген сенімділігін азайтады және әділ сот төрелігінің қағидаттарын бұзады. Сыбайлас жемқорлық, әрине, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамудың тоқтап қалуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде, «Меритократия қағидаттарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою маңызды» деді.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік қайта құруды және ұлттық экономиканы жаңғыртуды жүргізуге кедергі келтіреді, қоғам ішінде мемлекеттік институттарға деген сенімсіздік пен үрейдің пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты, Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл институттары мен тетіктерін қалыптастыруды мақсатты түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырып келеді. 2016 жылдан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 6) тармақшасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық әрекетіне «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу» жатады.
Сыбайлас жемқорлық себептерін, шарттары мен салдарларын анықтау кезінде жергілікті менталитет, ұлттық және діни ерекшеліктер, құқықтық мәдениеттің деңгейі секілді факторлар ескерілуі тиіс. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бойынша жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады және мемлекет пен қоғам осындай жағымсыз құбылысқа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.