67 сұрақ.. Мәтінді және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, қазақтардың этникалық- аумақтық бірлестіктері-жүздердің қалыптасуына әсер еткен факторларды талдаңыз.
Қазақ жүздерінің қалыптасуына мынандай ішкі белгілер факторлар болып қалыптасты:
• а) ішкі аумақтық тұтастық;
• ә) этностық туыстық;
• б) шаруашылық-мәдени бірлік;
• в) саяси басқару ортақтастығы.
Осы ішкі белгілердің мәнін аша түсейік. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады. Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.
Қазақ жүздері күнделікті тіршілікте қазақ халқының шаруашылық, саяси аумақтық бөлшектері болды. Тыныштық замандарда ішкі этностық байланыстардың, қатынастардың көпшілігі жүздердің өз ішінде жүріп жатты. Дегенмен бұдан қазақ жүздерінің арасында саяси, шаруашылық-мәдени, этностық байланыстар болмады деген түсінік тумауы керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын, отырықшы не жартылай отырықшы ру-тайпалардың арасында өзара айырбас, сауда қатынастары жиі болды. Жүздердің көршілес жатқан руларының арасында құдандалық, тамырлық қатынастар да өркендеді.
Қазақ рулары — қазақ халқының негізін құраушы ру-тайпалар. Бір атадан өрбіген туыстас адамдардың жиынтығы.
Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден тұрады: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз. Жүздердің шыққан уакыты, шығу себептері, ішкі мазмұны жөнінде ғалымдардың арасында әлі ортақ пікір жоқ.
Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, "Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған". Н.А.Аристовтың ойынша, "жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан".
Василий Владимирович Бартольд: "Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық фактор әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды", — деп есептейді.
Михаил Порфирьевич Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: "Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде ХVІ ғасырдың аяғында қалыптасты", — дейді.
С. Аманжолов: "Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде — Х—ХІІ ғасырларда бөлінді", — деп есептейді.
Шығыстанушы Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: "ХVІ ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан", — деген болжам айтады.
Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың "жүз" деген сөзін арабтың "джуз" — бір нәрсенің "басты бөлігі", "тармақ" деген сөзімен сәйкестендіреді. Шығыс деректерінде жүздер жөніндегі жанама мәліметтер ХVІІ ғасырдың ортасына қарай кездеседі. Махмүд бен Уәлидің 1634—1641 жылдарда жазылған еңбегінде: "Шайбани хан өлгеннен кейін оның ұлы Баһадүр осы ел мен ұлысқа басшылық ете бастады... ол қыстауы мен жайлауы үшін Ақ Орданы таңдап алды, ол әрі Йүз-Орда ретінде де белгілі", — дейді. Осы деректе кездесетін йүз (жүз) сөзін кейбір зерттеушілер қазақтың жүзімен теңестіреді.
М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. "Этноәлеуметтік организм" деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.
Қазақ жүздерінің ішкі шекаралас аудандарында жер дауы, жесір дауы мәселесі де болып тұрды. Сондықтан жүздердің ішкі шекаралық аудандары қазақ халқының өзара мәдени, тілдік, тұрмыстық, шаруашылық бірлігіне дәнекер болған алтын көпір, үзілмес желі қызметін атқарды. Ал ел басына күн туған жағдайда, сыртқы жаулардан қорғану мәселесінде қазақ жүздері жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде "мынау бәлен жүздің жері, елі" деп бөлінбеді, бүкіл қазақ жері, қазақ елі үшін қай жүздің баласы болсын, жанын қиюға даяр тұрды.
Қазақ жүздерінің ішкі бірлігінің, жалпықазақтық патриотизмнің, елдіктің озық үлгісін біз Жоңғар шапқыншылығы оқиғаларынан көреміз. Мұндай мысал көптеп саналады. Қазақ жүздерінің қордаланып қалған ішкі, сыртқы мәселелері жүздердің басы қосылған құрылтайларында, жиындарында шешіліп отырды.
Жүздер жөніндегі нақты деректер ХVІІІ ғасырдың бірінші ширегінен бастап кездеседі. 1731 жылы қазақтардың бодандығы жөніндегі келіссөзге Кіші жүз арасына келген А.Тевкелев былай деп хабарлайды: "... қырғыз-қайсақ ордасы үш бөліктен, атап айтканда: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзден (Үлкен орда, Орта орда, Кіші орда) тұрады".
Үштік бөлініс қазақ жерін мекендеген көне тайпалардан келе жатқан дәстүр. Сақтар: тиграхаудау хаомаварға және парадарайя болып үш бөлікке бөлінген. Көне үйсіндерде, көне түркі-моңғол көшпенділерінде үштік одаққа бөліну дәстүрі болған. Бұдан біз, жалпы, үштік бөлініс қазақтардың арғы тектерінің дәстүрінде бар екенін көреміз.
Кең-байтақ қазақ жерінде мұндай үлкен одақтар құру саяси, әскери-қорғаныс, шаруашылық-ұйымдастырушылық, басқару қажеттіліктерінен туындаған. Мұндай одақтар қазақ жерінде қыпшақтар заманын бастап құрылған болуы керек. Ал мұндай жүздік одақтарға бөлінудің аякталуы қазақ халқының құрылуы кезеңімен сәйкес келсе керек.
68.сұрақ. Мәтінді және тарихи білімдеріңізді пайдалана отырып, сақтардың әлемдік тарихи үдерістерге тигізген ықпалын талдаңыз.
Алтын киімді ерте көшпелілер
Сақ-скиф заманы – адамзат баласы үшін өте маңызды кезең. Б.з.д. VIII-VII ғасырларға дейін әлемнің қай өлкесі болмасын, өз бетінше бейтарап дамып келсе, осы уақыттан бастап күрт өзгерістер басталғанын сезінеміз. Сондықтан ол дәуірді «кіндік уақыт» деп те атайды. Осы әлемдік жарысқа Еуразия ішкі өлкесін мекендеген сақ-скиф тайпалары елеулі үлес қосты. Олар Батыс пен Шығысты бір-бірімен араластырып, өркениет жетістіктерін үйлестіріп отырды. Көшпелілер Еуразиялық деңгейде рухани салт-дәстүрдің, дүниетанымның қалыптасуына тікелей ықпал етті. Мемлекет аталатын құбылыстың өзі де ол заманда көшпелілердің отырықшы елді бағындырып, басқару жүйесін жасауымен тығыз байланысты еді.
Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы: Оқулық – хрестоматия. –
Астана: «Фолиант», 2003
Б.з.д I мыңжылдықтың бас кезіндегі Қазақстандағы көшпенді тайпалар үстемдігін «ерте темір ғасыры», «ежелгі көшпенділер заманы», «сақ заманы» деп атау қалыптасқан. Сақтар - Еуразия даласындағы көшпенді тайпалардың ортақ атауы.
Сақтар Ұлы даланың алғашқы көшпенді тайпалары еді. Сақтар әлем тарихында терең із қалдырған, ежелгі дүниеге кеңінен әйгілі болған халық болатын. Сақтар көшпенділердің жоғары деңгейде дамыған өркениетін қалыптастырды.
Сақтар адамзат қоғамы үшін аса маңызды мәдени құндылықтар қалдырды. Сақ тайпаларының мәдени ошақтары Қазақ жерінің барлық аймақтарында қалыптасқан. Мәселен, Орталық Қазақстандағы сол кезеңнің мәдениеті Тасмола мекеніндегі аса ірі археологиялық ескерткіштер орны бойынша тасмолалық деген атау алды. Оны басқаларының ішінен бөлектеуге ескерткіштерінің ерекше түрі – «мұртты қорғандар», «тас тізбекті қорғандар» негіз болды. Ал Арал маңындағы ескеткіштері ішінде Шірік-Рабат қалашығының орны мен Баланды кесенесін атап өтуге болады. Сондай-ақ сақ дәуірінен бүгінгі күнге жеткен аса құнды ескерткіштер Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылды.Ал ең ерекше ескертіш әлемді таң қалдырған мәдени тарихи қазына Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» моласы.
Антропологтардың анықтауынша бұл қорғанда жерленген адамның жасы 17-18 шамасындағы жауынгер, ал тегі сақ. Ол мол алтынмен өрнектелген салтанатты киім киген. Басында әртүрлі өлшемдегі алтын жапырақшалармен әшекейленген 150-ге жуық әшекеймен өрнектелген ,әшекейде барыстың, таутекенің, арқардың, жылқының, құстардың бейнелері бар. Әлемге әйгілі болған бұл тарихи олжаны археолог К. Акышев зерттеген.
Міне, мұның бәрі сақ мәдениетінің дамуы өте жоғары дәрежеде болғанын айшықтап тұр. Б.з.д 7-6 ғасырларда қалыптасып, Сібір, Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Еуропаның оңтүстігіндегі тайпалар арасына таралған «аң стилі» сақ өнеріндегі айрықша белгі болды.Бұл белгі киім-кешекті, ыдыс-аяқты, қару-жарақты, тұрмыстық бұйымдарды әшекейлеген сан алуан аңдар мен жануарлардың бейнелері еді. Олар жай ғана бейнеленіп қойған жоқ, жоғары эстетикалық талғаммен әшекейленген. Сақтардың материалдық мәдениетінің көптеген элементтері қазіргі халықтардың игілігіне айналды. Сақтардан ұзын шалбарлар мен қысқа шекпендер мұраға қалып, одан қазіргі ерлер мен әйелдер киімдерінің негізін құрайтын шалбар мен қамзол келіп шықты.
Сақтардан жұмсақ былғары етіктер мен шошақ төбелі киіз бас киімдерінен – қазақ қалпағының қазіргі нұсқасы таралады.
Орталық Азияның далалық бөлігі – Ұлы дала – Дунай мен Қытай арасындағы өркениеттің өзіндік дербес ошағы болғанын сақ мәдениеті көрсетеді. Ұлы даланың өркениеті – әлем өркениетінің құндылықтарын бойына сіңіре білді.
Сақ мемлекеті ежелгі қазақ даласындағы мемелекеттіліктің қайнар көзі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |