Акустикалық (физикалық) аспект. Тіл дыбыстары да табиғаттағы басқа дыбыстар сияқты физикалық(акустикалық) құбылысқа жатады. Дыбыс атаулы бір-бірінен ырғағы, күші, әуені, созылыңқылығы жағынан ерекшеленеді. Дыбыстың ырғағы тербелістің жиілігіне, ал дыбыстың күші тербелістің қарқынына (амплитудасына) байланысты. Біріншісі герцпен, екіншісі децибелмен өлшенеді.
Дауысты дыбыстар (мәселен а, ә) бір-бірінен әуеніне (тембріне) қарай ажырайды. Тембр — дыбыс бояуы. Тіл дыбыстары өте күрделі болып келеді. Ол негізгі тон мен көмекші тонның (обертон) бірлігінен жасалады. Тіл дыбыстарындағы тон дауыс шымыл-дығының дірілінен, ал көмекші тон резонаторлық қызмет атқаратын тамақ, ауыз куыстарында пайда болады.
Мәселен, тоны жағынан бір-біріне жуық дауыстылар тіл, жақ, еріннің қатысуы нәтижесінде бір-бірінен ерекшеленеді. Тілдің ауыз қуысында ілгері, кейін жылжуы резонатордың формасын өзгертіп, дауыстылардың жіңішке, жуан болуына жағдай жасайды. Дыбыс созылыңқылығының қазақ тілінде фонематикалық мәні жоқ.
Лингвистикалық (функционалды) аспект. Қарым-қатынас құралы тіл тек дыбыстар арқылы ғана іске асады. Сондықтан тіл дыбыстарын тек акустикалық, физиологиялық құбылыстар ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы, осы дыбыстардың адамдардың қатынас құралы тілдің қызметін қамтамасыз етудегі лингвистикалық (әлеуметтік) мәнінде деп қарау керек. Осыдан дыбыстарды қарастырудың лингвистикалық аспекті келіп шығады. Мұны фонология деп те айтады. Алғашқы екеуін осы лингвистикалық аспектінің табиғатын танып біліп, білуге көмектесетін жолдар түрінде қараса да болады. Қысқасы, лингвистикалық аспект дыбыстарға фонема тұрғысынан, фонемалардың қызметі тұрғысынан қарайды.
Әрбір сөздің екі жағы болады: біріншісі – мағыналық жағы, екіншісі –дыбыстық жағы. Мәселен, мына төмендегі кестеге назар аударайық:
Сөздер
Сөздің сыртқы дыбыстық жағы(қабығы)
Дыбыс саны
Сөздің ішкі мазмұны(мағынасы)
ру
айтылуы – ұ-ру
3
адамның туыстық қатынасының жігі
қуат
айтылуы – қ-ұ-уат
5
күш, жігер, әл
қамал
Айтылуы – қ-а-м-а-л
5
қорған, бекініс
Мұнда сөздің сыртқы жағы – дыбыстық жағы екінші бағанда көрсетілген, үшінші графада әр сөздің дыбыс саны нақтылана түскен. Соңғы бағанда сөздің ішкі мазмұны көрсетілген. Сонда, сөз дыбыс пен мағынадан тұрады. Сөздің мағынасы тіл білімінің лексикология тарауында қарастырылған. Ал фонетиканың қарастыратыны – осы сөздің(лексиканың) дыбыстық жағы.
Фонетика(гректің phonetikos – «дыбыс мағынасы» дегеннен шыққан) – тіл дыбыстарын зерттейді, оның негізгі объектісі – тіл дыбыстары.
Тіл дыбыстарының пайда болуы да, жасалуы да табиғатта, өмірде кездесетін дыбыстардың жасалуымен ұқсас. Әрбір затты(темірді темірге, ағашты ағашқа) соғудан әркелкі дыбыстар пайда болады. Тіл дыбыстары да өкпеден шыққан ауаның дыбыстау мүшелеріне қақтығысуынан, соғысуынан, дыбыстау мүшелерінің вибрациялық қимылының нәтижесінде пайда болады.
Дыбыстау мүшелерінің қызметін жете білудің ана тілінің де және өзге тілдің де дыбысы мен дыбыстар тіркесінен практикалық жақтан қатесіз меңгеруде, сондай-ақ саналы түрде игеруде маңызы өте зор. Дыбыстау мүшелерінің негізінен үшке бөлеміз: тыныс мүшелері, тамақ қуысы, ауыз қуысы. 1. Тыныс мүшелеріне негізінен өкпе жатады. Ол қолқамен ұштасып, ал қолқа екіге тарамдалып, кеңірдекпен жалғасады. Өкпенің қызметі көрік сияқты, сыртқы ауаны ішке тартады немесе оны сыртқа шығарады.
2. Тамақ қуысы немесе дауыс шымылдығы. Тамақ – кеңірдектің кеңейген тұсы. Тамақтың сырт жағында жұтқыншақ болады да, оның ішкі жағында(жұтқыншақтың асты) дауыс шымылдығы орналасқан. Дауыс шымылдығы өкпеден келіп сыртқа шығытын ауаға кедергі болып тұрады. Ол бірде керіліп, бірде жиырылады. Өкпеден шыққан ауа әуелі осы дауыс шымылдығына(желбезекке) соқтығып, оны дірілдетеді. Бұл дірілден үн пайда болады. Үннің сапасы өкпеден дауыс шымылдығына келген ауаның қарқынымен байланысты. Сөйтіп, дауыс шымылдығына керіліп, өкпеден шыққан ауаға кедергі жасаса, үн(дауыс) пайда болады да, ал жиырылған күйде қалап қойса, дауыс пайда болмайды. Дауыс түтігі арқылы осы үн тамақ не мұрын қуысына келеді. Тамақ қуысы, ауыс қуысы, мұрын қуысы дегендер бір сөзбен қуыс мүшелер деп аталады. Тамақ қуысы ауыз қуысының арт жағында орналасқан. Мұның екі түрлі қызметі бар. Мәселен, дауыссыз дыбыстарды айтқанда, тамақ қуысы тарылып, дыбысқа салдыр қосады, ал дауыстыларды айтуда әуен, тембр қосады.
3. Ауыз қуысы да, мұрын қуысы да дыбыстардың жасалуына қатысқанда оларға жаңғырық қосу жолымен реттеуші қызмет атқарады. Дауысты, дауыссыз дыбыстардың жасалуы да, өзара жіктелуі де осылардың қызметіне байланысты. Ауыз қуысында тіл, таңдай, тіс, қызыл иек, ерін сияқты мүшелер бар. М, н, ң дыбыстары ауыз қуысында жасалады. Алайда ауа мұрын қуысы арқылы өтетіндіктен, олар мұрын жолы деп аталады. Қысқасы, ауыз қуысы – дыбыстарды өңдеуші, белгілі бір қалыпқа келтіруші орган. Мұны ғылымда дыбыстарды реттеуші резонатор дейді. Ауыз қуысындағы аса жылжымалы, яғни көптеген дыбыстардың жасалуына ұйытқы болып тұратын – тіл. Ол ауыз қуысындағы өзге мүшелерге қақатығысу, кейін-ілгері жылжу арқылы әр түрлі дыбыстардың жасалуына қатысады. Дыбыстарды жасауда тілдің арты, ортасы, ұшы өзгеріп тұруына байланысты дыбыстарды сол мүшенің атымен тіл арты, тіл ортасы, тіл ұшы дыбыстары деп топтастырамыз.