Дыбысты белгілеу үшін қабылданған басты шартты белгіні әріп дейміз. Әр елдің өзіне тән дыбыстарды белгілейтін шартты белгісі болады. Қазақ халқы өз тарихында көне түркі, араб, латын, орыс графикасына негізделген шартты белгілер – әріп таңбаларын пайдаланады(төмендегі жазу үлгілеріне қараңыз). Қазіргі жазуымыз – орыс графикасына негізделген жазу.
Қазіргі дүние жүзінде тараған жазудың түрлері – латын, орыс, араб, қытай(иероглифтер) жазуы үлгісінде жасалған таңбалар.
Сөзде дыбыс саны мен әріп саны үнемі бірдей болып келе бермейді. Мысалы, ащы(а-ш-ш-ы); аяқ(а-й-а-қ) сөздерінде, сондай-ақ орыс тілінен енген альбом, руль, съезд сөздерінде дыбыс санынан әріп саны артық. Әріптердің баспаша, жазбаша нұсқалары және олардың баспаша да, жазбаша да нұсқасының бас әріп, кіші әріп түрлері болады. Сонымен бірге әр әріптің жеке тұрғандағы өз атауы бар. Әріптер белгілі бір жүйе бойынша, тәртіппен тізіледі. Осылайша әріптердің рет-ретімен тізілген жиынтығын алфавит дейміз.
Қазақ тілінде 42 әріп бар. Олар: Аа, Әә(ә), Бб(бэ), Вв(вэ), Гг(гэ), Ғғ(ға), Дд(дэ), Ее(йэ), Ёё(йо), Жж(жэ), Зз(зэ), Ии(и), Йй(қысқы й), Кк(ка), Ққ(қа), Лл(эл), Мм(эм), Нн(эн), Ңң(эң), Оо(о), Өө(ө), Пп(пэ), Рр(эр), Сс(эс), Тт(тэ), Уу(у), Ұұ(ұ), Үү(ү), Фф(эф), Хх(ха), Һһ(һа), Цц(цэ), Чч(чэ), Шш(ша), Щщ(ща), ъ(айыру белгісі), Ыы(ы), Іі(і), ь(жіңішкелік белгісі), Ээ(э), Юю(йу), Яя(йа).
Сөздің айтылу да, жазылу да бар. Әдетте, мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл – жазылған(көзбен көріп отырған) тіл, яғни сөзді қатесіз етіп жазу және жазылуындай етіп оқу. Ал, айту(сөйлеу) оның шылауында кете береді. Тілдің фонетикалық құбылысын дұрыс меңгеру үшін алдымен осындай қате түсініктен арылу керек.
Дұрысының өзі жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Күнделікті өмірде де адамның сөзді жазудан гөрі айтуы, оқуынан гөрі тыңдауы көп орын алады. Тіпті үндемей ойлау, оқу, жазудың өзі де дыбыстарды іштей айтумен байланысты. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы – дыбыс. Әріп – сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әр түрлі(мәселен, д, d, > т.б.) өрнектей беруге болады. Өзімізге мектептен тыс қағида: дыбысты айтамыз және есітеміз, ал әріпті жазамыз және көреміз. Әріпті оқу, айналып келгенде, дыбысты айту болып шығады.
А.Байтұрсынов өзінің «Тіл – құрал» деп аталатын еңбегінде осыны айрықша қадағалап айтқан: «Дыбыс таңбасын қарып деп атаймыз. Сондықтан жазған сөз ішінде пәлен қарып бар бар дейміз. Айтқан сөз ішінде пәлен дыбыс бар дейміз. Дыбыс пен қарып екеуі екі басқа нәрсе. Біріне бірін қатыстырып, шатастырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе, қарып көрінетін, естілмейтін нәрсе»[6,10]. Содан бері 70 жыл өтті. Алайда осы бір қарапайым қағиданы әлі күнге дейін пайымдай алмай келеміз.
Әріп пен дыбысты әсте шатастыруға болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе( а, ә, ұ, ү) кейде бір әрі (ю,я) бірнеше дыбыстың қосындысын(йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің(ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Тіл дыбыстары – адамның дыбыстау мүшелерінің қызметінің жемісі. Дыбыс – тілдің біржақты единицасы: дыбысталады, бірақ мағынасы жоқ. Ал олардың белгілі бір тілде қалыптасқан тіркестері мағыналы сөзді білдіреді. Олай болса, дыбыстар – мағыналы единицалары сөз бен морфемаларды(сөз бөлшектерін) құрастыратын материалдар қызметін атқарады.
Сөздер мен морфемаларды құрастыру үшін әр тіл өзінде бар толып жатқан дыбыстардың ішінен санаулы ғана дыбыстар типтерін(түрлерін) пайдаланады. Дыбыстық құрамның арқасында бас, көз, жер, су, адам, үй, қоян, сиыр, ауыл, қала сияқты сөздерді бір-бірінен шатастырмай, мағынасын дұрыс түсінеміз. Олай болмайтын болса, дыбыстар(дыбыстар типі) сөзді тануға қызмет етеді.
Қазақ тілінен хабары бар адам бал, мал, қал, жал, сал, тал; жай, жақ, жап, жар, жас, жат, жау; бар, бер, бүр, бор, бұр, бір сияқты дыбыс тіркестерінің әр түрлі сөздер екенін бірден ажыратады. Өйткені бұларда бір-біріне ұқсамайтын дыбыстар бар. Егер бір ғана сөзді(мал) тіліміздің заңына сәйкес түрлендіретін болсақ(малы, малды, малым т.б.) онда бір сөзден әр түрлі форма өрбиді де, дыбыстар оларды бір-бірінен ажыратуға тағы да тірек болады.
Қысқасы, тіл дыбыстары сөздер мен морфемаларды құрастыруға(жасауға), тануға(түсінуге), ажыратуға қызмет етеді. Бұл, дұрысы, фонемалардың негізгі қызметі(функциясы).
Фонема деген не?
Фонема(грек.phonema – дыбыс) – сөздер мен морфемаларды бір-бірінен мағына және форма жағынан ажыратуға септігі бар тілдің ең кішкене функционалды единицасы.
Тілде әдетте біз ойлағаннан әлдеқайда көп әртүрлі дыбыстар бар, олар әрбір жеке тілде сөздердің мағыналары мен формаларын ажырата алатындай санаулы дыбыстар типіне, фонемаларға топтастырылады. Мәселен, ат, ет, от, өт деген сөздерде біздің түсінігімізше бір-ақ т дыбысы бар. Шынтуайтқа келгенде, дауысты дыбыстардың әсернен ол(т дыбысы) бірде жуан(ат, от), бірде жіңішке(өт, ет), бірде еріндік(от, өт), бірде езулік(ат, ет) болып, біршама ауытқу ерекшеліктерімен айтылады да, қызметіне қарай бір-ақ фонема деп танылады. Бір дыбыстың айтылуындағы мұндай ауытқу, реңк тіл білімінде аллофон(грек. аllos – басқа) делінеді. Сондықтан сөз дыбыс емес, фонемадан құралады десе де болады.
Фонема туралы ілімнің алғаш(1870) негізін салған – орыс және поляк тілін зерттеуші И.А.Бодуэн де Куртенэ[47,31]. Осы уақытқа дейін түркологияда, соның ішінде қазақ тіл білімінде де фонема өз қолдауын тауып келеді. Тіліміздің дыбыстық жүйесін тыңғылықты зерттеп жүрген Ә.Жүнісбеков осы ұғымның түркі тілдерінің табиғатына аса үйлесімді еместігін түркологтардың ішінде алғаш аңғарды [44,60]. Ол индоевропа тілдеріндегі фонемаға оңтүстік-шығыс тілдерінде тонема сәйкес келетінін, ал құрылым жүйесі бұлардан мүлде бөлек, түркі тілдерінде бұған сингармема деген атаудың лайықты болатынын дәлелдеді [45,6]. Мұның өзі біздің тіліміздегі ең күшті заң – сингармонизмнен туындайтынын аңғару қиын емес.
Алда Ә.Жүнісбековтің есімі әлденеше рет қайталанатын болады. Ол фонетика саласындағы тұңғыш ғалым докторы [42,45]. Ғалым тіліміздегі дыбыстардың саны мен сапасы, сингармонизмнің сипаты, әсіресе, сөз екпіні жайында түркологияда қалыптасқан қатаң қағидадан өзгешелеу, соны сүрлеуімен ерекшеленеді. Бұл сүрлеу даңғыл жолға айналуы тиіс. Түбінде солай болады да. Әзірше өзімізге мектептен үйреншікті дыбысты пайдаланамыз.
Қазақ тіл білімінде дыбыстардың айтылуындағы ауытқулардың сөздің мағынасы мен формасына әсері жоқ деуге болады. Сондықтан да дыбыс пен фонема бірінің орнына бірі синоним ретінде қолданыла береді. Орыс тілінде олай емес, дауыссыздардың жуан, жіңішке айтылуының (угол-уголь, стол-столь, мел-мель, тол-толь, кол-коль, кон-конь т.б.) сөз мағынасына әсері болады. Сондықтан олар бас-басына жеке фонема болады.