71.Палеография ғылымының өзге пәндермен байланысы. Палеография (көне гр. «ежелгі; маңызды»+«жазу») жазу тарихын, оның кескіндік формаларының даму заңдылықтарын зерттеумен, сондай-ақ ежелгі жазба ескерткіштерді оқу, олардың авторларын, уақытын, жерін анықтаумен айналысатын тарихи – филологиялық арнайы пән.
Палеография әріптердің кескіндік формалары жазба белгілер (мысалы, иероглифтер) эволюциясын, олардың құрамдас элементтерінің пропорцияларын, шрифтердің түрлері мен эволюциясын, қысқартулар жүйесі мен олардың кескіндік бейнеленуін, жазу материалы мен құралдарын зерттейді. Палеографияның ерекше саласы құпия жазу жүйелерінің графикасын зерттейді-криптография. Палеографияда зерттеудің арнайы әдістері (кескіндемелік деректерге талдау жасау техникасы, Палеографиялық белгілердің жиынтығы, т.б. арқылы қолжазбалардың уақытын анықтау әдіснамасы) жасалған.
Сондай-ақ басқа ғылымдар мен арнайы пәндердің әдістері де қолданылады: тілтану (тілдік деректер бойынша қолжазбалардың уақыты мен жерін анықтау), текстология мен дипломатика (жазулар мен құжаттардың түрлері бойынша олардың мазмұндарын, стилін, мәтін тарихын анықтау), өнертану (миниатюралар, өрнектерді зерттеу), химия (сиялар мен басқа да бояу заттарға талдау жасау), физика (органикалық материалдардың жасын анықтау үшін радиоактивті изотоптарды пайдалану), т.б.
“Палеография” терминін алғаш рет 18 ғасырда француз ғалымы Б.Монфокон қолданған. 20 ғасырдың ортасынан бастап Палеографияда жазба ескерткіштерді ол жазылған материалдарға қарамастан зерттеу бағыты пайда болды. Гректік Палеография ежелгі заманнан бастап Византия империясы құлағанға (1453) дейінгі грек жазуының тарихын зерттейді. Латындық Палеография латын әліпбиімен еуропалық тілдерде жазылған жазба ескерткіштерді зерттейді. Славян-орыстық Палеография глаголица және кириллицамен жазылған жазба ескерткіштерді зерттейді.
20 ғасырға таман Қытай Палеографиясы жеке ғылыми пән болып қалыптасты. Араб Палеографиясы араб әліпбиімен жазылған ескерткіштерді (араб, парсы, түрік, т.б. тілдерде) зерттейді. Еуропада араб қолжазбалары 17 ғасырдан бастап зерттелсе, Ресейде араб қолжазбаларын жинастыру мен оларды көшіру Петр І-нің кезінде басталды.