Дәм сезу органы. Алабұғалардың дәм сезу органдары микроскоп арқылы ғана көрінетін ұсақ, дәм айыратын бүршікшелерден құралады. Жеке дәм айыратын бүршікшелер — бір-біріне жақын жатқан дәм айыратын клеткалардан және олардың арасындағы тірек клеткалардан құралады. Әрбір сезгіш клетканы нерв талшықтары қоршап тұрады. Сүйекті балықтардың бәрінде де дәм айыру бүршікшелері тек ауызда ғана орналасып қоймай, сонымен қатар бүкіл сыртқы тері қабатында да болады.
Иіс органдары — екі тесікті (танау) жұп қапшықшадан кұралады.
А с қ о р ы т у о р г а н д а р ы. Ауыз қуысы мен жұтқыншақ айқын бөлінбеген. Сондықтан да ауыз бен жұтқыншақ қуысын бірге қосып, ауыз жұтқыншақ қуысы деп атайды. Алабұғаның аузында бірнеше ұсақ тістері бар. Тістері жоғарғы жақ, жақаралық тіс сүйектеріне орналасумен қатар, таңдай сүйектеріне, өре сүйекке және тіл асты шеңберінде де орналасады. Тістердің барлығының формасы бірдей болады. Ұш жағы сүйір, конус тәрізді. Тістерімен керекті затын ұстайды, бірақ оны майдалап, ұсақтай алмайды. Алабұғалар басқа жыртқыш балықтар сияқты қоректік затын бүтіндей жұтады. Тілі болмайды. Жұтқыншақ қысқа өңешке келіп жалғасады. Өңеш үлкен және өте созылмалы қарынға барып жалғасады. Одан нағыз ішек басталады. Ішектің алдыңғы бөлімі иіріліп барып шумақ шығарады. Одан кейін ішек ешқандай шумақталмастан денесінің арт жағына карай созылып барып дербес тесік болып сыртқа ашылады. Бірақ ішектің басталған жерінде тұйық, кейде пилорикалық деп аталатын өсінділер пайда болады. Бұл өсінділер шеміршекті балықтардағы спираль тәрізді қақпақшалар сияқты ішектен тамақтың жүруін баяулатады және ішектің ас қорыту бетін арттырады. Тұйық өсіндінің саны түрлі балықтарда түрліше болады. Мәеелен алабұғада — 3, ласосьта — 40, скумбрияда — 200 жуық.
Тыныс алу органдары.Алабұғалардың басқа балықтардікі сияқты төрт пар жетілген желбезектері болады. Сонымен қатар желбезек қақпағының ішкі жағында жалған желбезек деп аталатын жетілмеген желбезегі болады. Сүйекті балықтардың желбезек аралық перделері болмайды, желбезек талшықтары желбезек шеңберлеріне ғана бекиді. Желбезек қуысын сыртқы жағынан желбезек кақпағы жауып тұрады. Сүйекті балықтар — желбезек қақпақшаларын қозғалту арқылы тыныс алады. Балық желбезек қақпағын ептеп көтере бастағанда, желбезек қақпақшасының жиегіндегі жұқа тері перде сыртындағы судың қысымының әсерінен желбезек саңылауларына жабысады. Мұның нәтижесінде желбезек қақпағының астында бос қуыс пайда болады және ауыз-жұтқыншақ қуысына қарай су өтеді. Желбезек қақпағы төмен орнына түскенде, су қысылып барып, желбезек саңылауларынан сыртқа шығады. Балықтардың тыныс алуы суды ауыз арқылы жұту салдарынан емес, желбезек қақпақтарының қимылы арқылы орындалатынын мына тәжірибеден байқауға болады. Ыдыста (аквариумда) жүзіп жүрген балықты алып, аузының ішіне кергіш салып керіп қойса да, олардың тыныс алып, тіршілік ететіндігін көруге болады.