Ойыңқы басылым қалыбының қиындысы мен оның баспа-таңба алу сұлбалық бейнесі
Полиграфия техникасының дамуын басылыстың ежелгі шығыңқы, ойыңқы және жазық басылым әдістерін жетілдірумен қатар, өмірге басу процесінің көптеген жаңа нұсқаларын алып келеді. Олардың кейбіреулері бұрын қолданылып келген әдістердің жетілдірілген және өзгертілген нұсқалары болса, екіншілерінің принциптік ерекшеліктері бар. Өнеркәсіп өнімдерін, атап айтқанда, жапсырғыш орама және қаптама т.б. шығаруда кеңінен қолданылатын флексография мен баспа-таңба салу әдістерін классикалық шығыңқы басылымның жалғасы деуге болады. Басылымның осы түрлерімен қоса қолданылатын лактау, тауарлардың жапсырмаларын, қаптамаларын және жарнамалаудың басқа да түрлерінің сапасын арттыруға, сөйтіп, полиграфияның экономиканың басқа да салаларына тереңінен енуіне мүмкіндік береді. Сандық технологияның тек ақпаратты өңдеуде ғана емес, басылым қалыптарын даярлау мен басу процестерінде кеңінен қолданылуы жазық (офсеттік) басылымды баспа және өнеркәсіп өнімдерін шығаруда жетекшілік шепке шығарды.
Қазіргі полиграфияда офсеттік басылым баспа өндірісін дамытудағы жетекші бағыттардың бірі. Офсеттік басылым баспа өнімдерін (кітаптарды, газет, журналдарды, репродукциялар т.б.) және өнеркәсіп өнімдерін (жапсырмалар, орамалар, қаптамалар) қысқа мерзімде және жоғарғы сапалық деңгейде бейнелеу және түрлі-түсті бояумен кез-келген күрделі өнімдерді басып шығаруға мүмкіндік беретін жаңа техника мен технологияны қол-данудың арқасында ғана мүмкін болды. Полиграфияның жалпы міндеті кез-келген графикалық бейнелерді көбейтудің дәлдігі мен нақтылығында. Шығарылатын өнімдердің жоғарғы сапалылығын, басу жылдамдығын арттыруды, көрсетілетін қызметтердің шеңберін ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қазіргі офсеттік технологиялар, бұл талаптарға толық сәйкес келеді.
Ойыңқы басылым қалыптарын даярлау үшін, сандық (цифровая) жүйелердің жасалуы оны жылтыр көпбояулы журналдарды шығаруда қолдану мүмкіндіктерін нығайтып қана қоймай, сонымен бірге оны өнеркәсіп өнімдерінің басқа да түрлерін шығаруда қолдануға мүмкіндік берді.
Ойыңқы басылымның ерекше қасиеттері — жоғарғы жылдамдық, пішімдерінің үлкендігі және басылатын материалдардың алуан түрлілігі, бояу қабатының әр түрлі деңгейде бере алатындығы, басылым қалыбының көптаралымға шыдамдылығы оның өнеркәсіптің түрлі салалары үшін баспа өнімдерінің көп түрлерін шығарудағы жетекші ролін нығайта түсті. Пленкалардан, қатырма қағаздан жасалынған қаптамалар, линолеумге, фактуралық қағаздарға басу және баспа өнімдерінің басқа да түрлері қазіргі кезде арнайы кәсіпорындарда шығарылып, халық шаруашылығын қажеттіліктерін орындауда. Полиграфияда басылымның трафареттік, тампондық әдістерін қолдану - саланың халық шаруашылығының басқа да бағыттарында қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуде. Трафареттік басылым оны түптеу қаптамаларында, газет өндірісінде, құттықтау ашық хаттарын даярлауда қосымша басылым әдісі ретінде қолданылғаннан басқа, тоқыма, тігін, өндірісінде матаға және даяр өнімдерге басу ісінде кеңінен қолданылып келеді. Трафареттік басылым тұсқағаздарды, фактуралық қағаздарды және өнеркәсіп өнімдерін шығаруда кеңінен пайдаланылуда.
Тампондық басылым шыныдан, фарфордан, пластмассадан, керамикадан, металдан қаптама шығаруда тегіс емес, дөңгелек, кедір-бұдыр және басқа да беттерге бейнелер салғанда, қаламсап, қарындаш, металдан, ағаштан, пластмассадан жасалынатын түрліше кеңсе тауарлары сияқты дара өнімдерді безендіргенде кеңінен қолданылуда.
Тампондық басылым технологиялары мен техникасының одан әрі қарай дамуы, оның қолданыс аясын кеңейте түсетіндігі күмәнсіз.
Басылымдарды даярлаудың жоғарғы өнімді әдістерін кеңінен қолдану – қазіргі полиграфия үшін тән қасиет. Бұл жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтардың, химиялық, есептеу техникасының, ғылымның басқа да салаларының жетістіктерінің негізінде жаңа материалдар мен электрондық технологиялардың шығарылуының арқасында ғана мүмкін болды. Басудың жаңа, бұрынғыдан да гөрі жоғарғы технологиялық және басқару нұсқаларын іздестіру процесі үздіксіз жүргізіліп келеді, бұған полиграфияның жалпы экономиканың және жалпы ғылым мен техниканың қарқынды дамуы мен оның жетістіктері түрткі болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |