Халық мұғалімі- жасөспірімнің рухани дүниесінің мүсіншісі, қоғам өзінің ең қымбаттысы, ең құндысы- балаларды, өзінің үмітін, өзінің болашағын сеніп тапсыратын сенімді өкілі. Осы аса ізгі және аса қиын кәсіп, бұған өз өмірін арнаған адамнан тұрақты шығармашылықты, ойдың тынымсыз жұмысын, орасан зор жан жомарттығын балаларға сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдықты талап етеді.
Әркім өзінің мұғалімдерін біледі және есінде сақтайды, ең алдымен тәжірибесі жоқ абыржыған сәбиге таяқша сызуды, ал сонан кейін әріптер мен сөздер жазуды, оқып, санауды үйреткен, оның алдынан кітаптар мен білімдердің құпия да тамаша дүниесін ащқан өзінің тұңғыш мұғалімін біледі және есінде сақтап жүреді.
Бұдан кейін оқушының жолында көптеген мұғалімдер кездеседі. Олардың ішінде жақсы көретіндері де, жақсы көрмейтіндері де, баланың жүрегінде қайсыбір із қалдыратындары да, із қалдырмайтындары да болады.
Нағыз мұғалім деп тәрбиелеушінің ойы мен жүрегіне жол тапқан ұстазды айтамыз. Бұл бас әріппен жазылатын мұғалім, оған сенгің келеді, ауыр минуттарда онымен ақылдасқың келеді. Бәлкім, әрбір адамның мектеп қабырғасында өткен өмірінде бейнесі көз алдында мәңгі-бақи сақталып қалған әлгіндей мұғаліммен кездескен де болар.
Мұғалімнің қызметі өте күрделі, әрі жан-жақты. Ұстаздық қызметтің ең негізгі міндеті- шәкіртті оқыту, тәрбиелеу, дамыту және қалыптастыру үрдісін басқару. Оны оқу тәрбие үрдісіндегі басты тұлға ретінде қарастыруымыз керек.
Мектеп оқушыларының дене және психикалық даму ерекшеліктерін, ақыл-ой және адамгершілік тәрбиелілік деңгейін, сыныптық және жанұя тәрбиесінің жағдайын, т.б. білмейінше, дұрыс мақсат қоюды іске асыру, оған жетудің тәсілдерін таңдау мүмкін емес.
Мұғалімнің қызметі өте күрделі, әрі сан-салалы.
Мұғалімнің еңбегі өзінің мақсаты, мазмұны мен қоғамдағы алатын орны жағынан ең құрметті деп есептеледі.
Сондықтан мұғалімнен жан-жақты терең ғылыми білім, жоғары педагогикалық шеберлік, идеялық шыныққандық, саяси-моральдық қасиет, табанды ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етіледі.
Мұғалім еңбегінің негізгі объектісі әрі субъектісі бала, ал оның дамуының, тәрбиесінің заңдылықтарын жете білу бірінші кезектегі міндет. Осыдан мұғалімді адамтану мамандығының иесі деуге де болады. Мұғалім еңбегі өте-мөте ептілікті, сезгіштікті, шыдамдықты әрі сергектікті талап етеді. Мұғалім- бала жанын сезе білуге, түсінуге бейім, онымен үнемі бірге болудан, араласудан жалықпайтын және одан өзіне зор ләззат алатын адам.
В.А.Сухомлинский «Менің өмірімдегі ең басты нәрсе не болып еді? деген сұраққа ойланып жатпастан-ақ «балаларға сүйіспеншілік» деген болатын-ды.
Жоғары педагогикалық білім берудің қазіргі жүйесінің мақсаты жаңа тұрпатты мұғалімнің үздіксіз, жалпы және кәсіптік дамуын қалыптастыру. Ол төмендегі бағытта сипатталады:
- жоғары азаматтық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершілік. Ондай ұстаз еліміздің тыныс-тіршілігіне, балалардың тағдырына қалай болса солай қарай алмайды. Оның қызметіндегі негізгі бағдары жоғары кәсіби борыш сезімі;
- баланы сүю, балаға жүрек жылуын сыйлауға бейімділігі мен қабілеттілігі. Баланы сүйе де, түсіне білетін ұстаз олармен, ата-аналармен, әріптестерімен педагогикалық ынтымақтастыққа бейім келеді;
- шынайы интеллигенттілік, рухани мәдениеттілік, ұжымдық педагогикалық шығармашылықта өз күші мен қабілетін орынды пайдалана білуге бейім тұратын ұстаз ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасай білуге көмектеседі. Ондай ұстаздар балалар үшін үлгі-өнеге болып табылады.
- өз пәнін жете білетін, ғылыми-педагогикалық ойлау стилінің жаңалығы, жаңа құндылық пен шығармашылық шешімдерді алуға бейімділігі бар. Бір сарандылық пен формализмге табиғатынан жат, шәкірттермен жұмыста әр уақытта да дәстүрлі емес шешім алуға даяр тұратын, ізденіс үстіндегі ұстаз.
Қоғамды демократияландырумен қатар бүкіл жоғары педагогикалық білім беру жүйесін түбірімен жаңартуды қажет етеді. Оның негізіне төмендегі идеялар мен ұсынымдар жатады:
жоғары педагогикалық білім берудің үздіксіздігі;
кәсіптік-педагогикалық бағдарлау, базалық-кәсіптік даярлау, мұғалімді кәсіптік жетілдіру;
шығармашылық қызметке бағдарлау, әрбір мұғалімді қайталанбайтын тұлға ретінде қарастыру, оны даярлауда саралап, жеке шығармашылықпен қарауды қамтамасыз ету;
жоғары педагогикалық білім беруді жаппай ізгіліктендіру жағдайында мұғалімнің жеке басының әлеуметтік адамгершілік, жалпы мәдени және кәсіптік дамуының бірлігі;
жоғары педагогикалық білім беруді ізгіліктендіру, қарым-қатынас, әлеуметтік шығармашылық субъектісі ретінде жеке тұлғаға құрметпен қарау;
қазіргі уақыт талабы болашақты жобалауға сәйкес мұғалім даярлаудың мазмұны, түрлері мен әдістеріндегі өзгерістерінің ашықтығы, икемділігі, әрнұсқалылығы.
Тәуелсіз ел тірегі- білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе- білім беру, ғылымды дамыту. Өркениет біткеннің өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Осы орайда білім ордасы- мектеп, ал мектептің жаны мұғалім екендігі бәрімізге мәлім.
Баланың бойына білім нәрін себетін басты тұлға – ұстаз. Яғни жас ұрпақты оқытуда тиімді жағдайлар жасау көбіне мұғалімге тікелей байланысты. Өйткені ұстазға егеменді еліміздің болашағы- жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу тапсырылған. Сондықтан ХХІ ғасырдың мұғалімін даярлауға қойылатын талаптар студенттерді- ертеңгі ұстаздарды оқытудың жаңа түрлерімен қаруландыра отырып, қазіргі уақыттағы мектеп талабына сай кәсіптік дағдыларын игеруге бағытталған оқытудың жаңа жолдарын енгізуді көздейді.
1.2.Мұғалімнің кәсіби шеберлігі – білім сапасының кепілі
Ерекше педагогикалық таланты бар мұғалімдер, тумысынан дарынды мұғалімдер бар, мұндай мұғалімдер өздерінің оқу-тәрбие жұмысындағы бүкіл жолында табысқа жетіп отырады.
Тәжірибеде кез-келген мектептің ұжымымен балаларды қызықтыра білетін, сабақтарында әрдайым тамаша тәртіп болатын, мектепте бәрі солардың айтқанын істейтін, қисық-қыдыр оқушыларды соларға жөнге салуға жіберетін талантты мұғалімдерді табуға болады. Олардың шәкірттері әйтеуір бұлардың беделін бірден мойындап, түйсігімен сезінеді, оған мойын ұсынады. Әрине, мұндай мұғалім баланың жүрегінде айтарлықтай із қалдырады.
«Шеберлік» дегеніміз- қол жеткізуге болатын нәрсе,- деп жазды А.С. Макаренко, - атақты шебер токарь, тамаша шебер дәрігер болатыны сияқты, педагог та тамаша шебер бола алады және болуға тиіс те.
Әрине шеберлік жылдар өткеннен кейін барып келеді. Педагогикалық стаждың әрдайым белгілі дәрежеде мұғалімнің кәсіптік шеберлігін сипаттайтыны тегін емес.
Адамның бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы педагогтік шеберлікті меңгеруге көбіне көп әсер етеді.
Мұғалімдік бейімділік дегеніміз өз пәнін жете білетін, психологиялық-педогогикалық теорияны және оқу-тәрбие ептілігі мен дағдысын жақсы меңгерген, сонымен қатар біршама дамыған кәсіби-тұлғалық қасиеттері мен сапаларының жиынтығы, сайып келгенде, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді іске асыра білетін мұғалімнің кәсіби шеберлігінің деңгейін айтамыз.
Мұғалімдік бейімділік- кәсіби шеберлігінің негізі А.С.Макаренко дауысты ұстай білу өнері, сыңай білдіру, көз тастау өнері, тағы сол сияқты оқытылатын актерлер даярлайтын оқу орындарының тәжірибесінен үйренуге кеңес береді.
Мұғалім үшін дауысты билей білудің зор маңызы бар. А.С.Макаренко дауысты мұғалімнің жұмыс аспабы деп атады, ал бұл аспапты арнайы түрде ұштап отыру керек.
Мұғалімнің кәсіби қызметінің ең жоғарғы деңгейі педагогикалық жаңашылдық – адамдардың жаңа жасампаздық қызметі. Осы ұғым латын тіліндегі novato сөзінен шыққан, қазақшалағанда жаңарту, яғни адамдардың белгілі бір іс-әрекет саласында адамның жаңа, прогрессивті принциптерді, идеяларды, тәсілдерді енгізеді және іске асырады.
Бұл анықтама педагогикалық жаңашылдыққа тікелей қатысы бар. Ол оқу-тәрбие үрдісіне жаңа, прогрессивті идеяларды принциптер мен тәсілдерді енгізу және іске асыру болып табылады. Мәселен, жаңашыл-педагог Игорь Петрович Волков – орта және жоғары сынып оқушылары үшін «шығармашылық тапсырмалар» әдістемесін жасады. Оның мәні мынада: мұғалім оқушыларға көптеген шығармашылық тапсырмалар береді, ол негізінен қағазбен, картонмен, ағашпен , металмен, пластмаспен жұмыс істеу, сурет пен картиналарды жасау, әдебиетте, өнерде өз күшін байқап көруді қамтыды.
Бұл тапсырмаларды орындау ерікті сипатта болды, әрбір оқушы тапсырманың түрін өз жүрек қалауымен өздерінің бейімділігіне сәйкес таңдай алады. Осындай жұмыстың түріне араласа отырып, олар бірте-бірте өз қызығушылығын анықтайды, қабілеттері мен талантын дамытады.
Мұғалімнің кәсіптік өсуінің келесі сатысы педагогикалық шеберлік. Шеберлік- бұл әр уақытта да жетілдіріліп отыратын тәрбие және оқыту өнері. Өз ісінің шебері, жоғары мәдениетті маман, өз пәнін жетік білетін, ғылым мен өнердің белгілі салаларынан хабардар, жалпы психология, әсіресе, балалар психологиясын жақсы меңгерген, оқыту және тәрбие әдістемесін терең білетін педагог.
Мұғалім шеберлігінің негізінде сондай-ақ оның өз пәнін және оқыту әдістемесін терең білуі де жатады. Өз пәнін еркін білуі ғана оқушылардың білімге деген ынтасын туғызып, мұғалімге және оның талаптарына құрметпен қарата алады. Оқушылар мұғалімнің нашар білетінін, оның сабақ бере алмайтынын ешқашан кешірмейді.Әлбетте, мұның орнын еш нәрсемен толтыруға болмас.
Жақсы шебер мұғалім дегеніміз баланың психологиясын, балалардың жас ерекшеліктерін және тіпті әрбір баланы жеке-жеке жақсы білетін ойлы, байқағыш психолог.
Балалар мұғалімнің әділдігі мен адалдығын, сөзінде тұра алатынын, уәдесін орындайтынын өте бағалайды.
Әділеттілік бәрінен де гөрі баға қоюдан, көтермелеу және жаза беруден, қоғамдық тапсырмаларды бөлу мен бағалаудан айқын көрінеді. Балалар әділетсіз атаулыны өте сезгіщ келеді. Ал әділетсіздіктің көзі екінің бірінде балаларды, олардың тұрмыс жағдайларын, белгілі бір тәртіпсіздіктің шығуына себеп жағдайларды нашар білуден болады.
Педагогикалық әдеп- мұғалімнің аса бағалы педагогтік қасиеті, бұл қасиет оған педагогикалық әсер ету құралдарын қолданған кезде өз эмоцияларын білдіру шамасын көрсетеді, ең алдымен оқушылардың психологиясын терең біліп, түсінуге негізделеді.
Педагогикалық шеберлікте педагогикалық техниканы меңгерудің өте зор маңызы бар. Осы ұғымға байланысты мәселелер А.С.Макаренконың еңбектерінде неғұрлым толық, әрі айқын талданған. Педагогикалық институттардың болашақ мұғалімдерді даярлаудағы кемшіліктеріне тоқтала келіп, А.С.Макаренконың ойынша, жоғары оқу орындарында оқитын педагогтарды басқаша тәрбиелеу керек еді деп көрсетті.
Ол қалай тұру, қалай отыру, столдан қалай тұру, дауысты қалай көтеру, қалай жымию, қалай қарау сияқты.
Жақсы шебер мұғалім оқушылармен қарым-қатынастарда белгілі сыңай да жасай алады.
«Ұжымдағы қатынас, стиль сыңай» деген еңбегінде А.С.Макаренко былай деп жазды: «Балалармен сөйлескен кезде мұғалім жадырап, жымиып тұруы тиіс, ал бұл күлкісі жасанды болмай, сезімге толы жұмсақ күлкі болуы тиіс».
Ол мұғалімнің сыртқы кейпіне ерекше мән берді: «Мен сыртқы кейпіне баса назар аудардым. Сыртқы кейпі адамның өмірінде зор маңыз алады. Лас, салдыр-салақ адам өзінің жүріс-тұрысын қадағалап жүреді деп ойлау қиын».
Педагогикалық шеберліктің мәні-мұғалімнің жеке мәдениетінің, білімінің және ой-өрісінің өзіндік жиынтығы, оның жан-жақты теориялық даярлығы, оқыту және тәрбиенің тәсілдерін, педагогикалық техника мен алдыңғы қатарлы озат тәжірибені меңгеру.
Педагогикалық техника жекеленген оқушыларға, сонымен қатар жалпы балалар ұжымына педагогикалық әсер ету, әдістерін тәжірибеде тиімді қолдану үшін педагогке қажетті білімнің, ептіліктің, дағдының кешені.
Педагогикалық техниканы меңгеру- педагогикалық шеберліктің құрамды бөлігі. Педагогика мен психологиядан терең де арнаулы білімді, сонымен қатар тәжірибелік даярлықты қажет етеді.
Педагогке ең алдымен, балалар мен қарым-қатынас мәдениетін меңгеру, тон және қатынас стилін таңдай білу ептілігі қажет. Балалармен қарым-қатынаста қарапайымдылық, табиғилық керек.
С.А. Назарбаеваның «Ұстаздан ұлағат» атты кітабында: «Тәрбие дегеніміздің өзі ең алдымен, баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту, сезімді тәрбиелеу-баланың қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық әкелетін қылық қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз.
Мұғалімнің шеберлігін дамытуға қажетті факторлардың бірі-біліктілікті артыру ісін оның өзін-өзі дамытатындай етіп ұйымдастыру. Ол үшін мына төмендегі ережелерді еске алу қажет:
-тұлға –қайталанбайтын ерекше тұтастық, оны сол тұтас күйінде зерттеу керек;
-адам табтғатында оның өзін-өзі жетілдіру, дамытуға ұмтылысының негізі қаланған (А.Маслоу).
-тұлғаның өзін -өзі дамытудың қозғаушы күші – оның алдында үнемі жаңа мақсаттар қойып, оған жетуге ұмтылдырып отыратын мотивтер, құндылықтар. Барлық мотив ішіндегі ең ернкешеленетіні –«өсу мотиві» Оларды үнемі қолдап құнарландырып отыру қажет.
-«адамның ішкі әлемі сыртқа әсер етушілерге қарағанда оның мінез құлқына әлдеқайда күштірек әсер етеді» (Г.Олпорт).
-тұлғаға жанама әсер ету керек, ол тұрпайылықты көтермейді.
Біліктілікті арттыру – мұғалімдердің құқықтары әрі міндеті білім беру жүйесінің тұрақты дамуының кепілі, мемлекеттің дамуына құрал болып табылады. Мұғалімдердің шеберлігін, біліктілігін артыру барысында шығармашылық әлеуетін дамыту білімнің акмеологиялық, синергетикалыұқ, аксиологиялық, андрогогикалық негіздерінің жиынтығын жүзеге асыру жағдайында нәтижелі болады.
Педагогикадан, негізінен, оқыту тәрбиелеу және дамыту әдістеріне, сондай-ақ оларда білік пен дағдыларды қалыптастыруға көбірек көңіл бөлінеді. Әрине, олардың мәнділігін кемітуге болмайды.
Бірақ , педагогтер өз әрекетінде бірдей әдістерді қолданғандығына қарамастан, бірдей нәтижелерге жете бермейтіндігіде белгілі.
Оқыту әдістері педагогтың тұлғалық сапаларымен тығыз байланыста өзара әсерлесіп отырады.
Мұғалімнің тұлғалық сапалары сабақта төмендегідей көрініс береді.
оқушыны тұлға ретінде қабылдау, оның табысқа жететіндігіне сендіру және мүмкіндіктерін көре білу оны нығайтып отыру;
мәлімметерді қысқаша түрде беру арқылы оған әлсіз оқушының да , күшті оқушының да қол жеткізуіне мүмкіндік туғызу;
жаңа жағдайларға тез бейімделіп, сабақты оңтайлы қайта құра білу;
мейірімді бірақ талап қоя білу;
оқушыны білім алуға жұмылдыра білу;
оқудағы қиындықтарды алдын-ала білу, сол қиындықтарды жеңуге бағыт беріп отыру;
өз жұмыстарының кемшілік жақтарын көре білу, оны жойып отыруға ұмтылу.
Педагогтың сезімталдығы оқушыларда біліктерді қалыптастыру кезінде оқушының әрбір жауабынан жақсы, айрықша нәрселерді іздеп тауып отыруынан көрінеді. Педагог әрбір оқушы бөтенге ұқсамайтын қайталанбас тұлға екендігін түсінуі тиіс.
Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деген Елбасы Н.Әбішұлы Назарбаев мұғалімдердің II-съезіндегі сөйлеген сөзінде. Мұғалім мектептің жүрегі десек, мектеп әдістемелік жұмыс орталғы, өйткені мұғалімнің кәсіби өсуі күнделікті педагогикалық жұмыс барысында жүзеге асырылады.
Мұғалімнің кәсіптік қажеттілігін анықтауда оның еңбегінің нәтижесін жан-жақты талдай отырып, диагностикалық зерттеу жүргізілді. Мектепте мұғалімдерді ғылыми –ілімдік, мәдени деңгейлерін, кәсіптік,әдістемелік шебердіктерін көрсететін «Педагогикалық кәсіби қызметті» картасың жасалынып, 28 параметр бойынша «жоғары», «жеткілікті», «қанағаттанарлық», «төмен» деп бағаланулары арқылы оларды «Талапкерлер», «Ізденімпаздар», «Шеберлер», «Шығармашылдар», «Жанашылдар» топтарына бөліп әдістемелік жұмысты деңгейлік негізде жүргізілуде.
Мектепте мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін арттыруда әдістемелік жұмыстың ұжымдық, топтық, жеке белсенді түрлері, әдістер жиынтығы кеңінен қолданылуда.
Ойымды қорыта келе айтарым, мұғалімдердің оқыту үрдісіне жаңаша көзқарас қалыптасып, педагогикалық мәдениеті мен шығармашылық ізденіс жағдайы артты. Технологияны меңгеру мәдениеті қалыптасып, оқушылардың қабілеті мен мүмкіндігі ескеріле отырып, саралай қатынас жасауға жол ашылды.
Жаңа технология мұғалімнің зейін-зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани-азаматтық келбетінің қалыптасуына әсер етіп өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыруға көмектесті, мұғалімнің жеке тұлғасы мен кәсіптік мәдениеті артты, әлеуметтік беделі көтерілді.