64. Халық ауыз әдебиетінің ұжымдық сипаты ?
Вл. Бонч-Бруевич «Ленин поэмасы туралы» деп жазған еңбегінде ұлы көсеміміздің халық әдебиетін аса жоғары бағалағандығын айта келіп, Лениннің ертегілер жөнінде айтқан мынадай бір пікірін келтіреді: «Ертегілерді қоғамдық саяси тұрғыдан қарап пайдалана отырып, - дейді Ленин, - халықтың арман-мүдесі, тілегі жайында тамаша зерттеулер жазуға болар еді... Бұл – шын мәніндегі халық шығармалары, халықтың психологиясын білу жөнінде қазіргі күнде аса қажетті және аса маңызды материалдар».
Осы тұрғыдан алғанда, ауыз әдебиетінің халықтық сипаты, ең алдымен, оның «халық психологиясын», «халықтың арман-мүддесін, тілегін» қалай суреттеп көрсеткендігіне байланысты деп түсінуіміз керек. Ауыз әдебиетінің халықтық сипаты деген мәселені біз оның таптық сипаты деп ұғынамыз. Сондықтан бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Марксизм-ленинизм классиктері: «Таптық қоғамда таптан тысқары, қоғам өмірінен, тап күресінен бөлек тұратын әдебиет болмайды, әдебиет әрқашан да белгілі бір таптың идеясын, көзқарасын білдіреді», - деп үйретеді.
В.И. Ленин «Партиялық ұйым мен партиялық әдебиет» дейтін тамаша еңбегінде әдебиеттінң таптық және партиялық сипатын айта келе, таптық қоғамда әдебиеттің алатын орнын, әдебиеттің тап құралы екендігін айқындап берді.
Әдебиеттің таптық сипаты туралы марксизм-ленинизм классиктерінің даналықпен айтқан пікірлерін ауыз әдебиетіне де қолданамыз. өйткені ауыз әдебиеті де белгілі бір таптың таптық тілегін, мүддесін жырлайды және оған қызмет етеді.
Ертеден келе жатқан ауыз әдебиетінің қандай түрін алсақ та, онда белгілі бір таптың идеясы, көзқарасы жататындығын ап-айқын көруге болады. Мәселен, еңбекші халық өзінің ауыз әдебиетін қанаушыларға қарсы жүргізген таптық күресінің құралы етті. Онда – еңбекші халық қанаушы таптың зұлымдығын, жауыздық іс-әрекетін, езуші тап өкілдерінің мансапқорлығын, басқыншылық шабуылдарын әшкерелеп отырады, олардың жиренішті образын жасайды. Халықтың ертегі, әңгіме, жырларында кездесетін Қарабайлар, Мыстандар сол қанаушы таптың, хандар мен феодалдардың өкілдері болып бейнеленеді. Олардың жауыздық іс-әрекеттерін сынға алады, әшкере етеді. Сондай-ақ , мақалдардағы «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Сопы сұмнан шығады», «Төреге ерген ер-тоқымын арқалар», «Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді» деген халықтың даналық сөздері еңбекші бұқараның қанаушы тапты жек көргендігінің айғағы. Бұл келтірілген мысалдардың қайсысы болса да ауыз әдебиетінің таптығын, таптық тілектен туғандығын көрсетеді. Демек, еңбекші халық тудырған ауыз әдебиеті қалың бұқараның қоғамдық-таптық көзқарасын, сана-сезімін білдіріп отырады.
Мұнымен қатар, еңбекші бұқара тудырған ауыз әдебиетінің халықтық сипаты – халықтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық өмірін, арман-мүддесін, дүние танудағы көзқарасын т.б. суреттеуінен де байқалады. Халықтың адал еңбекті, достық-татулықты, жақсы шат өмірді аңсап арман еткендегі оның ауыз әдебиетінің негізгі тақырыбы, идеялық нысанасы болып келеді және бұл жолда халыққа қызмет еткен қарапайым еңбек адамдары ардақталады, олардың ісі, мінезі сүйкімді түрде жырланады, оларды үстем тап өкілдеріне қарама-қарсы қойып әңгімелейді. Мысалға «Аяз би» ертегісін алайық. Бұл ертегіде халық өз ортасынан шыққан қарапайым шаруа адамын, оның ақылын, адамгершілігін, тапқырлық ісін ардақтайды және оны қанаушы тап адамдарына қарсы қояды. Бүкіл материалдық және рухани байлықты жасаушы да, қоғам өмірін алға бастаушы негізгі күш те халықтың өзі екендігін елестетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |