Көлік географиясы. Қазіргі заманғы көлік желісін құру және оны ұтымды орналастыру - Африка дамушы елдерінің алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі. Ішкі жүк тасымалы, негізінен, темір жол арқылы жүзеге асырылады. Соңғы кезде Дар-эс-Салам портын Танзания арқылы Замбиямен байланыстыратын "Танзам" темір жолы салынды, сахаралық темір жол салу туралы жоба жасалды.Жалпы алғанда, Африка жерінде көлік желісі дамуы жөнінен өте артта қалып келеді. Әсіресе Тропиктік Африканың көптеген елдеріеде темір жол мүлде жоқ. Адамдар шағын бума жүктерді төбесіне қойып, 30-40 км-ге дейін жаяу таси береді. Автокөлік жолдары біршама аз. Сахара арқылы салынған трасса бірнеше мемлекеттерді өзара жалғастырып, олардың теңіз порттарына шығуына мүмкіндік береді.
Теңіз көлігі көбінесе сыртқы жүк айналымын жүзеге асырады, ол түгелге жуык дерлік шетел кемелерінің көмегімен атқарылады. Теңіз жүк айналымының көрсеткіші бойынша Либерия дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді. Алайда бұл елде бірде-бір кеме жасайтын кәсіпорын жоқ. Оның флоты көптеген шетел кемелерінен тұрады, олар Либерия жалауын іліп алып, көптеген жеңілдіктерді емін-еркін пайдаланады. Жүк айналымы жөнінен ең ірі порттарға Александрия, Алжир, Касабланка, Дакар, Момбаса, Дар-эс-Салам жатады.Әуе көлігі, негізінен, жолаушылар тасымалында маңызды орын алады. Әуе компанияларының басым көпшілігі шетелдік қаржыгерлер қолында шоғырланған. Солтүстік Африкада (Алжир, Ливия) және Нигерияда құбыр көлігі едәуір дамыған.
Сыртқы байланыстары мен ішкі айырмашылықтары.Африка елдеріндегі сыртқы сауда айналымының 3/4-і Еуропаның жоғары дамыған елдеріне және АҚШ пен Жапонияның үлесіне тиеді. Ал мемлекетаралық байланыстарды кеңейтуде Африкалық бірлік ұйымы ерекше орын алады. Бұл ұйым Африканың дамушы елдерін өзара байланыстыратын жаңа экономикалық және қоғамдық қатынастарды қалыптастырумен айналысады. Африка елдері үшін сыртқы экономикалық байланыстардың орны ерекше маңызды. Өйткені олардың экономикасы сыртқа шығаруға арналған шикізаттық және ауыл шаруашылығы өнімдеріне негізделеді. Мысалы, мұнайды Нигерия, Ливия, Алжир; мысты Замбия мен Заир; темір кенін Либерия мен Мавритания; марганец пен уран кенін Габон; фосфоритті Марокко тұрақты түрде сыртқа шығарады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттағы үлесі жылдан-жылға төмендеуде. Дегенмен көптеген елдер әлі де халықаралық нарықтағы орнын жоғалтқан жоқ. Египет, Судан, Чад, Мали, Танзания - мақта; Эпиопия, Ангола, Руанда, Бурунди, Уганда, Кения - кофе; Кот-д'Ивуар, Гана, Нигерия - какао бұршағын; Сенегал, Гамбия, Судан - жержаңғақ; Тунис, Марокко - зәйтүн майын экспортқа шығарады. Сонымен қатар Африка елдері цитрус өнімдерін, - жүзім шарабын, темекі, тропиктік ағаш сүректерін де сыртқа шығаруға маманданған.