Химияөнеркәсібі өзінің дамуы жөнінен Батыс Еуропа елдерінен әлдеқайда төмен дәрежеде. Неғұрлым тиімді шикізат мұнай мен газға көшуіне байланысты кенжелеп қалған өнеркәсіп салалары тез көтерілуде. Әсіресе Венгриядағы химия-фармацевтика, Польшадағы мұнай-химия, Болгариядағы мұнай-химия кәсіпорындары тез қарқынмен дамуда. Олардың барлығы Ресейден келетін мұнай құбырлары жолындағы қалаларда орналасқан.
Жеңіл өнеркәсіп салалары аймақта біршама жақсы дамыған. Тоқыма өнеркәсіп өнімдерін шығарудан Польша мен Венгрия; көркемдік шыны түрлері мен әшекей заттар, қарындаш (атакты "Кох-и-нор" кәсіпорны) шығарудан Чехия; тері заттарын шығарудан Болгария; спорттық құрал-жабдықтар шығарудан Польша елдерін ерекше атауға болады. Сонымен қатар аймақ елдері тамақ өнеркәсібінің жеміс-көкөніс консервілері, шырындар, жүзім шарабы мен темекі сияқты өнімдерін өндіруден де ерекше көзге түседі.
Ауыл шаруашылығы. Орталық Еуропа жерінің табиғат жағдайы өте қолайлы болғандықтан ауыл шаруашылығының барлық салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Жер бедерінің көпшілік бөлікте жазық болып келуі және агроклиматтық ресурстары бұл аймақта қоңыржай белдеуге тән барлық дақылдарды өсіруге жағдай жасайды. Сондықтан аймақта өсімдік шаруашылығы жақсы жолға қойылған, аймақ халқын азық-түлікпен жеткілікті дәрежеде қамтамасыз ете алады. Ауыл шаруашылығы салаларын дамытуда иитенсивті бағыт басым белен алуда. Оны дақылдардың түсімділігін жоғарылатудан, мал тұқымын асылдандыру мен өнімділігін көтеруден және механикаландырудың кеңінен өріс алуынан көруге болады.
Ауыл шаруашылығының интенсивті бағыты басым Чехия, Словакия, Венгрия, Польша және Балтык бойы елдерінде мал шаруашылығының үлес салмағы да, оның өнімділігі де жоғары. Ал қалған елдерде мал шаруашылығы өсімдік шаруашылығымен салыстырғанда ілгері-кейінді сипатта дамуда. Өсімдік шаруашылығының мамандануы мен оның түсім мөлшерінің артуы топырақтың құнарлылығы мен агроклиматтық ресурстарына тәуелді. Сондықтан солтүстікке қарай орналасқан Польша мен Балтық бойы елдерінде қара бидай мен картоп, ал оңтүстікке қарай орналасқан Болгария, Венгрия, Албания және бұрынғы Югославия елдерінде бақтар мен жүзімдіктердің үлесі жоғары.
Жерортатеңіздік климат жағдайындағы Адриат теңізі жағалауындағы елдерде субтропиктік өсімдіктерді (зәйтүн, інжір, цитрустар) өсіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар көкөніс, темекі, қант қызылшасы, зығыр, эфирмайлы өсімдіктерді (раушангүл, жалбыз, лаванда) өсірудің де маңызы зор.
Раушангүлдің майын алу және оны сыртка шығарудан Болгария дүние жүзіне әйгілі. Аймақтың неғұрлым солтүстікке қарай орналасқан елдерінде сүт және сүтті-етті бағыттағы ірі қара мен шошқа шаруашылығы, ал оңтүстікке қарай тау жайылымдық (қой мен ешкі) мал шаруашылығы дамыған. Ол жергілікті жердің табиғат жағдайымен де, тарихи қалыптасқан дәстүрлі шаруашылык болғандығымен де тығыз байланысты.