Морфологиялық ерекшеліктері. Дәнді астық дақылдары негізінен Қоңырбастылар тұқымдасына жатады. Оларда санының көптігі мен түр өзгерістерінің әртүрлілігіне қарамай өсінді мүшелерінің құрылысы мен дамуында көптеген ұқсастық бар.
Қоңырбастылар тұқымдасына жататын дәнді дақылдардың тамыр жүйесі шашақты. Түп немесе ұрықтық тамырлар және түйін немесе қосалқы тамырлар сабақтың жерасты түйінінен түзіледі. Бұл тамыр түрлерінің екеуінің де өсімдік тіршілігінде үлкен маңызы бар. Дәнді дақылдардың тамырлары топыраққа 100 см және одан да тереңге бойлайды. Бірақ олардың негізгі массасы (80-90%) топырақтың жыртылатын қабатында орналасады. Тамыр жүйесі неғұрлым қуатты өссе, соғұрлым өсімдіктердің ылғалмен және қоректік заттармен қамтамасыздандырылуы жақсара түседі де, кейін өнімділіктері де артады.
Дәнді дақылдардың сабағы – сабан, ол буындардан және буынаралықтардан тұрады: бидайда, сұлыда 5-7 буынаралық болса, жүгеріде – 10-20 кейде одан да көп болады.
Дәнді дақылдардың гүл шоғыры масақ (бидай, қара бидай, арпа), шашақ (күріш, сұлы, тары, шай жүгері, жүгері), собық (жүгері) және шоқгүл (қарақұмық) түрінде болады.
Жемісі – дән, ол үш бөліктен – ұрықтан, эндоспермнен және қабықтан тұрады.
Астық дақылдары дәнінің химиялық құрамында ақуыздар, көмірсулары, майлар, күлдік заттар т.б. болады.
К л е т ч а т к а – дән қабықшасы мен клетка қабырғаларының
негізі. Оның көп мөлшері қарақұмық (13,1%), күріш (11,8 %) және сұлы
(11,5%) дақылдарында. Жалаңаш дәнді астықта оның мөлшері шамалы
(2,2-5,2%).
Дәннің құрамындағы қосылыстардың бірі – су. Ол химиялық, физикалық-химиялық және механикалық байланысқан түрде болады.
Дәннің құрамында жоғарыда аталғандардан басқа ферменттер (диастаза, амилаза, линаза т.б.) мен дәрумендер В1, В2, В6, РР, Е, А т.б. бар.
5. Өсіп-даму кезеңдері. Өзінің жеке дамуында – онтогенезде - дәнді дақылдар мынандай кезектесіп өтетін өсу-даму кезеңдерінен өтеді:
тұқымның өнуі, көктеу, түптену, түтікке шығу, масақтану, немесе шашақтану, гүлдеу және пісіп-жетілу.
К ө к т е у. Топырақ бетіне шыққаннан кейін колеоптиле өзінің
өсуін тоқтатады да жарылып одан бірінші нағыз жапырақ пайда болады.
Тәжірибеде мұны көктеу кезеңі деп атайды.
Түптену. Үшінші жапырақ пайда болысымен өсімдіктің бойлап өсуі саябырлайды да топырақ асты бөлігінің өсуі мен тамырлануы жылдамдайды. Топырақасты бұтақтануы жүреді, түптену түйінінде екінші (қосалқы) тамырлар түзіледі және топырақ бетінде қосымша өркендер (сабақтар) пайда болады. Тәжірибеде бұл кезеңді түптену деп атайды. Түптенудің нәтижесінде бір тұқымнан бірнеше сабақ өсіп шығады немесе түп (бұта) қалыптасады. Жалпы және өнімді түптенуді ажыратады. Жалпы түптену деп бір өсімдікке келетін барлық сабақ санын, ал өнімді түптену егін жинау қарсаңындағы піскен дәні бар сабақ санын көрсетеді. Гүл шоғыры бар, бірақ дәні пісіп үлгермеген сабақтарды сабанөркен, ал гүл шоғыры жоқ сабақтарды мамық шөп деп атайды. Түптену деңгейі дақыл мен оның биологиялық ерекшеліктеріне, топырақтың құнарлылығы мен ылғалдылығына, температураға, өсіру технологиясының ерекшеліктеріне (себу мерзімі, тұқым сіңіру тереңдігі, себу мөлшері т.б.) байланысты. Күздік дәнді дақылдар жаздыққа қарағанда жақсырақ түптенеді. Түптенудің маңызы біркелкі емес. Күшті түптену әруақытта да оң құбылыс бола бермейді. Қазақстанның солтүстігі жағдайында, әсіресе көктем қуаңшылықты және жаз ылғалды болғанда кейде сабанөркен күшті дамиды, басты сабақтардың дәнінің пісіп жетілген кезеңінде олар әлі дән түзіп үлгермейді. Бірақ жекелеген жылдары сабанөркеннің көп саны мен олардың дәнділігі негізгі сабақтардан гөрі анағұлым жоғары өнім беретіндіктен олар үшін жинау мерзімін кешеуілдетуге тура келеді (айталық, 1969, 1978, 2011 жылдарда).
Жалпы алғанда дәнді дақылдар өнімін қалыптастыруда түптену негізгі түрткіжайт – өсімдік бітіктігінің жиілігінде – қосымша рөл атқарады. Қазақстанның солтүстігі жағдайында дәнді дақылдардың өнімді түптенуі айтарлықтай емес және ол жаздық бидайда – 1,2-1,3; арпада – 1,5-1,6; сұлыда – 1,4-1,5; тарыда – 1,8-2,0; күздік қарабидай мен күздік бидайда ол көрсеткіш анағұлым жоғары (2-4).
Түтікке шығу кезеңі түптенудің соңынан басталады. Ең алдымен төменгі буынаралығы өсіп ұзара бастайды, оның соңынан төменнен екінші, үшінші және одан кейінгілер дами бастайды. Бір мезгілде гүл шоғыры да дамиды.
Масақтану немесе шашақтану кезеңі гүл шоғырының жоғарғы жапырақ қынабынан шығуымен сипатталады. Жапырақтың, сабанның қарқынды өсуі жалғасады, масақтың немесе шашақтың қалыптасуы аяқталады. Бұл кезеңде өсімдіктер ылғал мен қоректік заттарға жоғары талап қояды. Кезең неғұрлым ұйымшылдықпен өтсе, астық соғұрлым біркелкі піседі де сапасы жоғары болады.
Г ү л д е y масақтану немесе шашақтану кезеңінен соң өтеді. Арпа масақтануға дейін гүлдейді, ал қарабидай одан 8-10 күн кейін өтеді де 10 күнге дейін созылады. Бұл кезеңде жыныс мүшелері (аталықтар мен аналықтар) пісіп жетіледі де тозаңдануға дайын болады. Масақты астықта гүлдеу масақшалардың орта бөлігінен, ал шашақты астықта - шашақтың жоғарғы бөлігінен басталады. Алғашқы қалыптасқан дәндер негізінен ірі болып келеді. Гүлдеу ерекшеліктеріне қарай дәнді дақылдар өздігінен тозанданатын (бидай, арпа, сұлы, тары, күріш) және айқас тозазанданатын (жүгері, қарабидай) деп ажыратылады.
Пісіп-жетілу қосымша екі кезеңге бөлінеді: балауыздануы және толық пісуі. Балауызданып пісудің өзі үшке бөлінеді: басы, ортасы және соңы. Балауызданып пісудің бас кезінде дән жасыл түсін мүлде жоғалтады, іріленіп,жылтырланады, тырнақтың ізі қалады. Балауызданып пісудің ортасында дәнде әлі де тырнақтан із қалады, эндосперм ақ, ұнтақты немесе жылтыр. Бұл дәуірде тұқымда пісу үдерісі аяқталады, тұқымдық телімдерде дестеге түсіруге кірісуге болады.
Толық пісу кезеңі екіге бөлінеді: толық пісудің басы мен толық пicy. Толық пісудің бас кезінде дән қатты, тырнақпен із салынбайды, ылғалдылығы 20-18%. Бұл дәуірде егінді комбайнмен тура орып жинау ұсынылады. Толық пicy кезіндегі ылғалдылық 17-16%. Дән жеңіл, аздаған шығынмен үгітіледі, құрғақ, сапалы болады.