Қатты бидай. Қатты бидай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыздандыруда, жұмсақ бидайдан қалыспайды. Бұл дақылдың ұнынан дайындалған мәнней жармасы, макарондары, кондитер өнімдері өте дәмді және сіңімділігін айтпағанда, макароны пісіргенде пішінін жоғалтпайтындығымен де ерекшеленеді. Әлемдік нарықта Қазақстанның қатты бидайына деген сұраныс өте жоғары. Өсіру технологиясы, әсіресе қысқа айналымды ауыспалы егісте, дұрыс қолданылса қатты бидай өнімі жұмсақ бидайдікінен кем түспейді. Сортсынау телімінде орташа есеппен 5 жылды (1998-2002 жж.) қатты бидай өнімі 28,4 ц/га жетіпті. Соңғы жылдары Қазақстанда қатты бидай егістігі ұлғаюда: 2008 жылы – 253,6 мың га, 2009 жылы – 284,6 мың га. Әлемде қатты бидай 20-22 млн га жерге өсіріледі, бұл жалпы бидай егістігінің 10 % жуық.
Биологиялық ерекшеліктері. Қатты бидай дәні жылтыр әрі құрамында ақуыз мөлшері көп болғандықтан өсу-даму кезеңі басталғаннан-ақ, өсу ортасына айтарлықтай жоғары талап қояды. Егер жұмсақ бидай тұқымының өсуіне құрғақ массасының 50-60 % мөлшерінде ылғал қажет болса, қатты бидай тұқымына – 55-67 %. Қатты бидайдың жапырақтары ірі, түп тамырлары баяу өседі және түйін (екінші) тамырлары кеш қалыптасады да қатты бидай өсімдігі ылғал тапшылығынан зардап шегеді.
Қатты бидай топырақ қуаңшылығына аса сезімтал келеді, сонымен бірге ауа қуаңшылығына жұмсақ бидаймен салыстырғанда шыдамдылау. Қатты бидайдың өсіп-дамуындағы «қиын-қыстау» кезеңі жұмсақ бидайға қарағанда ұзағырақ, бұл да оның қуаңшылыққа төзімділігін азайтады. Қатты бидайдың тамыр жүйесі әлсіздеу дамыған, өнімді түптенуі де айтарлықтай төмен, бұл астық өнімділігіне кері әсер етеді.
Қатты бидай өсіп-дамуының алғашқы кезеңдерінде жоғары ылғалдылықты және орташа жылылықты, соңғы кезеңдерінде – жоғары температура мен орташа деңгейдегі ылғал қорын қалайды. Масақтану, дәннің пісіп жетілу кезеңдеріндегі жоғары температура мен ауа қуаңшылығы масақтың дәнсіздігіне және бос масақшылыққа бастайды. Қатты бидайдың гүлдеуі мен тозаңдануына қолайлы жағдайлар түнгі 10-12оС және күндізгі 25-31оС-да қалыптасады.
Қазақстанның солтүстік аймағында қатты бидай үшін құнарлылығы жоғары және арамшөптерден таза танаптарды бөлген жөн. Бұл бидай үшін ең жақсысы – құрылымды қара топырақтар мен күңгірт қара қоңыр топырақтар. Қатты бидай үшін топырақ ерітіндісінің оңтайлы реакциясы – бейтарап (рН 6-7,5).
Тат ауруы жаппай байқалған жылдары қатты бидай өнімі күрт төмендейді, жұмсақ бидай ауруға төзімдірек келеді.
Қазақстанның солтүстік өңірінде қатты бидай тамыр шірігінен қатты зардап шегеді: егін көгі селдірейді, өсімдіктер әлсіз болады да, өнімі төмендейді. Алғы дақыл дұрыс таңдалынбағанда (бір танапта 2 жыл қатарынан өсірілгенде) ол гүл кенесінен зардап шегеді.
Өсіру технологиясы. Қатты бидайды өнідісте көбінесе жұмсақ бидайға берілген ұсыныс бойынша өсіреді де, ол көп жағдайда жақсы нәтиже бере қоймайды. Қатты бидайдың морфологиялық- тамырының баяу өсетінін, нашар түптенетінін, арамшөптерге қарсы тұруы шамалы екендігі, биологиялық ерекшеліктері – ылғалға, қоректік заттарға жоғары талап қоятыны ескеріле бермегендіктен өнімі ғана төмендемейді, сондай-ақ сапасы да.
Қазақстанның солтүстігіндегі ғылыми мекемелердің, озық шаруашылықтардың тәжірибелері дәлелдегендей қатты бидайға өте жақсы алғы дақыл – таза сүрі жер. Жақсы алғы дақылдар – тары, сүрлемге өсірілген жүгері, біржылдық қоңырбас және бұршақ тұқымдас шөптер қоспасы, көк балаусаға өсірілген күздік қара бидай. Қуаңшылық жылдары шөптер қыртысына егілген қатты бидай ылғал тапшылығына ұшыраса өнімі күрт төмендейді, басқа алғы дақылдармен салыстырғанда, ал ылғалды жылдары қыртысты топырақтарда өнімі өте жоғары болады. Тұқымды себуге дайындау жұмсақ бидайдікіне ұқсас.
Себу мерзімі. Қатты бидайдың өніміне және сапасына ерекше әсер ететінін ескеріп Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында мамырдың 20-25 аралығында, Павлодар облысының бірінші аймағында 23-27 мамырда, екіншісінде – 18-23, үшіншісінде – 15-20 және төртіншісінде – 12-18 мамырда сепкен ең жақсы нәтиже беретінін Қазақстанның солтүстік өңірінің ғылыми мекемелері мен озық шаруашылықтарының тәжірибелері дәлелдегенді.
Себу мөлшері шешуші агротехникалық шара. Ақмола облысының шаруашылықтары үшін оңтайлы себу мөлшері – 2,5-3,5 млн өнгіш тұқым гектарына: қара топырақты аймақтардың шаруашылықтарында - 2,8-3,5, қара қоңырлы топырақтыларда – 2,5-3,2 млн/га.
Ұсынылған себу мөлшерлері қатты бидайдың нақты өсіру аймағына, алғы дақылына, себу алдындағы топырақтағы тиімді ылғал қорына, өсіру технологиясының кейбір тәсілдеріне байланысты өзгеруі де мүмкін. Белгілі бір аймақта (шаруашылықта) топырақ ылғалдылығы жеткіліксіз болғанда ұсынылған себу мөлшерлерінің төменгі шегі пайдаланылады, ылғал мол болғанда – жоғарғы шегі.
Себу тәсілі және тұқымның сіңіру тереңдігі жұмсақ бидайдікіне ұқсас (жай қатарлап және 4-6 см).
Қатты бидай егістігін күтіп баптау жұмсақ бидайдікіне ұқсас болғанымен, оның гүл кенесімен жарақаттануы мүмкін екендігін ескеріп, тұқымын себуге дайндағанда Прометрин 40 дәрмегімен ертерек өңдесе, егін көгін гүл кенесінен қорғауға болады. Сондай-ақ аммофос негізінде дайындалған 1,6%-ды түйіршікті фамидофос топырақ инсектицидін қолданып өсімдікті гүл кенесінен қорғап, жақсы өнім алуға болады.
Гүл кенесі жаппай тараған жылдары қатты бидай егістігіне көктеу – түптену кезеңінде 50 % бициклад э.к. 1,0-1,5 л/га немесе 2,5 % денис э.к. 0,15-0,25 л/га бүрку жақсы нәтиже береді.
Қатты бидай егінін жинау мерзімі мен тәсілдері жұмсақ бидайдікіне ұқсас. Тек қатты бидай дәнінің ұрығының дөңестігі және оның масақшадан бөліп алынуы барабан айналымын жеделдетуді, дека мен барабан астындағы тақтайшаны масса енетін тұсын жиі қадағалап отыру керегін ескерген жөн.