Сүрі жерді нөлдік өңдеуді маусым айының екінші он күндігінде (арамшөптер жаппай қаулағанда), арамшөптермен ластану түртегіне қарай әр гектарға 3 тен 5 кг дейін глифосатты гербицидетрді жұмсап жүргізеді. Арамшөптердің пайда болуына қарай екінші рет өңдеуге раундаптың 1,5 л/га, 2,4 Д тобының амин тұзының 1,5 л/га қосып өңдейді немесе арамшөптер шамалы болса глифосатты гербицидтердің біреуімен шамалы мөлшесін шығындап жүргізеді.
Нөлдік өңдеуді қолданғанда танапта 85-90 % пая және өсімдік қалдықтары сақталады, түскен қар түгелдей танапта қалады, топырақтың ылғалы сақталады, топырақ құнарлылығының негізгі элементі – қарашіріндінің ыдырауы 20-30 % кемиді, жел эрозиясынан қорғану ең жоғары деңгейде болады, жанармайдың шығыны 4-10 есеге жуық кемиді.
Топырақты өңдеу жөніндегі жаңа тұжырымдама бойынша астық- сүрі жерлі ауыспалы егіс жүйесінде топырақтың тығыздығы, қаттылығы, саңылаулығы қалыпты жағдайда, өсімдіктің өсуіне және дамуына қажетті деңгейде болса, механикалық өңдеулерді гербицидтермен алмастырғанда немесе өңдеуді азайтқанда жылда күзде өңдеуді қолдану қажет емес екен.
Сүрі жерден кейінгі екінші дақыл. Топырақты күзде өңдеу қажеттілігі туындаса, оны топырақтың өңдеу қабатының механикалық құрамына, оның қасиеттеріне, тығыздығына, өңдеу кезіндегі ылғалдылығына және аңыз бедерін ескеріп, өңдеу тереңдігін өзгертіп жүргізеді. Күздегі негізгі өңдеуді КПШ-9, КПШ-5, КТС-10-01 культиваторларымен жүргізеді. Сүдігерді ертерек, тамыз айында көтеру өзінің агротехникалық маңызы бойынша көптеген аймақтарда сүрі жерге жақындайды. Ерте сүдігерде, кеш көтерген сүдігермен салыстырғанда, ылғал және азот көбірек жиналады.
Кәдімгі қара топырақтар жырту қабаты борпылдақтылығымен және қарашіріндісі мен құмның ірі түйіршіктерінің көптігінің есебінен жоғары су өткізгіштігімен ерекшеленеді. Сондықтан бұларда жазықтілгіштермен 10-14 см тереңдікке өңдеу және құрғақ күзде сүдігер көтеруді қолданбау тиімді.
Күңгірт қара қоңыр топырақтарды күзде өңдегенде төменгі қабаттардың тығыздығын және өңдеу кезіндегі олардың ылғалдылығын ескеріп өңдеу жүйесін өзгертіп отыру тиімдірек. Механикалық құрамы орташа саздақ топырақтарды күзде 12-14 см тереңдікке өңдеу экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайды.
Қорүнемдегіш жағдайда қарды жинаудың және тоқтатудың негзігі тәсілі – егін жинаған кезде салыстырмалы түрде биік пая қалдыру. Егер пая аласа болса, қысқы жауын-шашынды жинау үшін аспалы кең алымды СВШ-10, СВШ-7 қар ысырғыштарды және тіркемелі СВУ-2,6 қар ысырғыш-жалжасағышты қолданады. Қар жалдарын қардың қалыңдығы 12-15 см және қабыршағы (мұздағы) 5 см кем болмағанда жасау ұсынылады. Жалдардың арасы төбесінен өлшегенде – 4-5 м, бағыты – негізгі жел бағытына көлденең.
Ерте көктемгі өңдеуді тек топырақ кесегі қомақты сүдігерде, жазықтілгіштермен дайындалған сүрі жерде жүргізеді.
Қарасұлы басқан танаптарда мүмкіндік туындасымен қарасұлыға қарсы топырақтық гербицидтерді (авадекс БВ, триаллат) енгізу қажет.
Өнімге айтарлықтай деңгейде, аңызды тұқым себер алдындағы өңдеуді уақытында және дұрыс жүргізудің әсері айтарлықтай. Бұл механикалық өңдеуді гербицидпен өңдеумен алмастыру, арамшөптермен ғана күресіп қоймай, топырақтағы ылғалды сақтауға да мүмкіндік береді. Гербицидпен өңдеуді қолдану (36% раундаптың с.к., 1,8-2,0 л/га), әсіресе бидайды кешірек сепкенде тиімді. Мұндайда раундапты бидай себерден 7-8 күн бұрын енгізеді.
Тыңайтқыш қолдану. Тыңайтқыштарды бидайдың өсірілетін аймағында мүмкін өнімін ескеріп қолдану керек, яғни бағдарламаланған өнімді, топырақтағы қоректік заттардың деңгейін, бидайдың топырақтан және енгізілген тыңайтқыш түрінен қанша элемент мөлшерін сіңіру коэффициентін, бидай тұқымын себер алдында топырақтағы ылғал мөлшерін ескеріп тыңайтқышты енгізу. Қоректену жағдайы өсімдіктердің, оның ішінде бидайдың да, өсіп-дамуына, соңында өнімнің көлеміне және сапасына шешуші әсер етеді. Жаздық бидай 10 ц бидай қалыптастыру үшін орташа есеппен 35-45 кг азот, 9-12 кг фосфор және 17-27 кг калий сіңіреді. Фосфорлы-калийлі тыңайтқыштарды топырақты негізгі өңдегенде (сүрі жер, сүдігер) енгізеді және кейде көктемгі өңдеуде. Сүрі жерге 90 кг ә.е.з. (5 танапты ауыспалы егісте) және 120 кг дейін ә.е.з. (6-7 танапты ауыспалы егісте) фосфорлы тыңайтқыш енгізіледі.
Бидайды сүрі танабына себумен бірге (негізгі өңдегенде фосфорлы тыңайтқыш енгізілмегенде) және ауыспалы егістерде дәнді-отамалы дақылдардан кейін, ылғалы молырақ аудандарда кешенді тыңайтқыштардың (аммофос, диамофос т.б.) құрамындағы фосфорға есептеп 10-12 кг ә.е.з. мөлшерінде енгізеді.
Тұқымды себуге дайындау. Жаздық бидайды қарқынды технологиямен өсіргенде, оның тиімділігі себуге рұқсат етілген сұрыпты пайдаланғанда, әрі тұқымның өнімділік және егістік сапасы жоғары болғанда ғана арта түсетінін ескеріп, бірінші класты тұқымды пайдаланған жөн. Тұқымды тазалауды және оны себу сапасына жеткізуді күзде аяқтаған дұрыс. Көктемде, нақ себер алдында тұқымды жылы ауамен жылытуды, дәрілеуді және кейбір дәрмектермен өңдеуді жүргізеді.
Жаздық бидайдың себу мерзімі аймақтың ерекшеліктерін ескеріп анықталады. Себу мерзімі жиналатын өнімнің (астық және тұқым) деңгейі мен сапасын анықтайтын шешеуші түрткіжайт деп қарастырылады.
Себу мерзімі өсімдіктің физиологиялық ерекшеліктерімен және өнім беретін мүшелерінің қалыптасу барысымен анықталады. Жаздық бидайдың себу мерзіміне климат, топырақ жағдайы және оның ауыспалы егістіктегі орнынан басқа шаруашылықтың техникамен жабдықталуы, техниканың еңбек өнімділігі де әсер етеді. Шаруашылықтағы жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімін таңдау, әдетте, барлық түрткіжайттардың өзара үйлесімділігінен туындайды.
Қазақстанның солтүстігіндегі климаттың өзгешелігі, жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімін таңдауға (белгілеуге) мұқият болуды тілейді.
Қазақстанның солтүстік өңіріне тән, жауын-шашынның жазда мол болуы өсірілетін дақылдың сұрыптық құрамына және өсіру технологиясына ерекше талап қояды. Осыған байланысты жаздық бидайдың бұл аймақта себу мерзімін анықтайтын негізгі көрсеткіштерге:
Көктемдік және жаздық ерте құрғақшылықтың кері әсерін әлсірету, өсімдікті ылғалды мол қажет ететін кезеңін, шілде-тамыз айларында болатын мол жаңбырға тұстастыру, ал дәннің пісуі күзгі бозқырауға дейін аяқталуы үшін себу мерзімін дұрыс таңдаған жөн.
Қазақстанның солтүстік өңірі үшін жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімі болып мамыр айының 15-30 аралығы белгіленген.
Ылғалдылығы бойынша орташа деңгейдегі жылдары жазық бидай үшін оңтайлы себу мерзімі мынадай болады: орташа мерзімде пісетін сұрыптарға – 15-25 мамыр, ал орташа мерзімнен кешірек пісетіндерге – 15-20 мамыр. Бірінші кезекте (оңтайлы себу мерзімі шегінде) ылғал қоры жоғары және арамшөптерден таза танаптарға орташа мерзімнен кешірек пісетін сұрыптар себіледі, кейін – ылғал қоры кемдеу және арамшөп басқан танаптарға – орташа мерзімде пісетін сұрыптар.
Себу тәсілі. Себудің ең жетілген тәсілі болып, шаршы пішініне жуықтап, өсімдіктің қоректенуіне оңтайлы алаңды қамтамасыздандырғаны саналады. Мұндай қоректену алаңында өсімдіктің жарықты, ылғалды, қоректік заттарды пайдалануы жақсарады. Осындай талаптарды толығырақ тар қатарлы, тоғыспалы және тоғыспалы – қиғаш тәсілдер қамтамасыздандыра алады. Бірақ, аймақ жағдайында қатарарлықтары 15 см (СЗП-3,6) және 23 см (СЗС-2,1; СЗС-2,1 л.т.б.), жай қатарлап себу тәсілдері қолданылады.
Себу мөлшері. Астық өнімінің деңгейі негізінен бір өлшем жердегі өнімді масақтар санына байланысты болады. Себу мөлшерін белгілегенде себілетін сұрыптың егістік сапасы, түптенгіштігі, танаптағы ылғал мөлшері, арамшөптар саны, пайдаланылған техника түрлері және т.б. ескеріледі. Жаздық бидай арпаға, сұлыға қарағанда түптенуі төменірек болатындықтан, ол себу мөлшерін біршама арттыруға ықыластылық білдіреді.
Құнарлы топырақтарда және ылғал қоры жеткілікті болғанда, әрі арамшөптермен ластанған танаптарда себу мөлшерін арттырады, ал құрғақшылықты аудандарда – азайтады.
Жалпы аймақ жағдайында жаздық бидайдың себу мөлшері гектарына 2,5 млн-нан 4,5 млн-ға дейін өзгереді:
кәдімгі қара топырақтарда – 3,5-4,5 млн өнгіш тұқым гектарына;
оңтүстік қара топырақтарда – 2,5-4,0 млн өнгіш тұқым гектарына;
қара қоңыр топырақтарда – 2,0-3,2 млн өнгіш тұқым гектарына;
Себу кезіндегі негізгі талап – тұқымның өнуіне және жедел көктеуіне барынша жақсы жағдай жасалатын тереңдікке сіңіру. Тұқымды тым терең сіңіру себуден көктеуге дейінгі кезеңді ұзартады.
Бидай тұқымының биологиялық негізделінген сіңіру тереңдігі 2-4 см. Алайда аймақ жағдайында көктемгі кезең ерекшеліктеріне қарай тұқымның себу тереңдігі 5-8 см-ге дейін өзгереді.
Егістікті күтіп-баптау. Бидай егістігінде тырмалауды, химиялық күрес шараларын, үстеп қоректендіруді қолдануға болады.
Көктегенге дейінгі тырмалау – арамшөп өскіндерін, сондай-ақ жаңбырдан кейін пайда болған топырақ қабыршағын жоюды қарастырады. Тек арамшөптер тамырлана қоймаған, ал бидай өскіндері топырақ бетінен 3-4 см төмен жатқаны жөн (тұқым себілгеннен 4-5 тәуліктен соң). Тырмалауды жеңіл немесе орташа салмақты тырмалармен жүргізеді. Егін көгі пайда болған кезеңіндегі тырмалауды тұқым терең сіңірілгенде, егін көгі жиі болғанда, жақсы тамырланғанда, өсімдіктің өсуі қарқынды жүргенде, әрі топырақта ылғал болғанда және мұны түптену кезеңінде жүргізу керек.
Химиялық отауды егістік арамшөптермен орташа деңгейде және күшті ластанғанда, бидайдың түптену кезеңінде қолданады.
Егін өнімін жинау. Бидай өнімін жинау күрделілігі, тек түрлі техниканың қажеттігінде ғана емес, егін жинау кезінде ауа райы жиі қолайсыз болады да, астық шығынын молайтуында және оның сапасын төмендетуінде.
Егінді екі тәсілмен жинауға болады: бөлектеп жинау және тікелей орып бастыру.
Жаздық бидайды тікелей орып бастыруды дән толық піскенде, оның ылғалдылығы 18-16 %-ға жеткенде бастайды.