Дақылдардың биологиясы: - дақылдың температураға қоятын талабын (ең төменгі өну температурасы, өсімдік шыдайтын ең жоғары температура, өсімдіктердің теріс температураларға төзімділігі, белсенді температура жиынтығы); ылғалға қоятын талабын (транспирациялық коэффициенті, су пайдалану коэффициенті, ылғалға қатынасты қиын-қыстау кезеңі) топыраққа, қоректік заттарға қоятын талабын; жарыққа қоятын талабын қарастырады.
Танаптық дақылдарды өсіру технологиясының негізгі элементтері:
- ауыспалы егістегі орны және алғы дақылдар; топырақты өңдеу; тыңайтқыштарды қолдану; тұқымды себуге дайындау; себу жұмыстары (мерзімі, тәсілі, мөлшері, тұқымның сіңіру тереңдігі); егістікті күтіп-баптау; егінді жинау (мерзімі, тәсілдері, техникасы).
Өсімдік шаруашылығының ғылыми пән ретінде өзіндік зерттеу тәсілдері бар.
- танаптық тәжірибе – өсіру технологиясы тәсілдерінің іссаналық маңызын салыстырмалы бағалау үшін жүргізіледі: алғы дақылдарды бағалау, топырақты өңдеу, тыңайтқыштарды қолдану, себу мерзімі, себу мөлшері және т.б. (танаптық тәжірибелер бір, екі, көп түрткіжайтты болуы мүмкін). Бұл өсімдік шаруашылығындағы негізгі зерттеу тәсілі.
Танаптық тәжірибенің түршелері: зертханалық-танаптық (шағын алаңдарда); өндірістік тәжірибелер (көлемді алаңдарда).
- өсінділік (вегетациялық) тәжірибе биологиялық, физиологиялық, агрохимиялық және т.б. мәселелері зерттеу үшін жүргізіледі.
Танаптық және өсінділік тәжірибелердің нәтижелерін түсіндіру үшін жиі топырақтың құнарлылығы мен ылғалдылығы, өнімнің құрылымы мен жиналатын өнімнің сапасы туралы деректер болуы қажет. Мұндайда қосымша есепке алу мен бақылаулар және әртүрлі зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Кез келген дақылдың өсіру технологиясы егіншіліктің (өсімдік шаруашылығының) заңдарына негізделуі тиіс. Ол заңдарды егіншіліктен сіздер оқыдыңыздар, білесіздер, тек олардан туындайтын ұғымдарды ғана естеріңізге түсіремін.
Аталған заңдардан:
кез келген дақылдың жоғары өнімін, оларды барлық қажетті түрткіжайттармен бір мезгілде, үздіксіз және жеткілікті мөлшерде қамтамасыздандырғанда алуға болады деген;
әрбір түрткіжайттардың тиімділігі соғұрлым жоғары, өсімдік қаншалықты басқа түрткіжайттармен жақсы қамтамасыздандырылса деген;
әрбір түр (сұрып) қоршаған орта жағдайларына әртүрлі әсер етеді және жеке даму заңдарына сәйкес өнім қалыптастырады, ал оның негізінде өсімдіктердің тұқым қуалаушылық және биологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысқан өзіндік ерекше зат алмасу түрі жатады деген;
өсімдіктің әрбір түріне (сұрпына) дамуының әртүрлі кезеңдерінде әртүрлі түрткіжайттар кешені қажет деген;
өсімдіктің қажетін білу, даму заңдылықтарын ашу және оларды білгірлікпен пайдалану өсімдік шаруашылығында бастапқы шарт, орта жағдайларын агротехникалық жолдармен басқару тетігін табу деген ұғым туындайды.
Жоғары сапалы мол өнімді ғылыми негізделінген кешенді агротехниканы қолданып алуға болады. Мұны, өсімдіктердің талабына және жергілікті жердің жағдайына сәйкес, белгілі бір ретпен және өзара байланыста уақытында қолданылатын, агрошаралар жүйесі деп түсіну қажет.
Өсімдік шаруашылығының негізгі заңдарын қолдану – жетілдірілген кешенді агротехниканың қағидаттарына сүйене отырып, өсімдік шаруашылығы саласын байыппен жүргізудің теориялық (ілімдік) негізі.
Танаптық дақылдар тобына, әртүрлі ботаникалық тұқымдастарға жататын, түрлерінің әрқайсысы, тіпті жекелеген сұрыптары өздерінің морфологиялық, биологиялық, шаруашылық белгілерімен және өсіру тәсілдерімен өзгешеленетін 90-ға жуық түрлер топтастырылған.
Осы танаптық дақылдарды оқып-үйренуді қолайлы болу үшін бұлардың ортақ белгілерін ескеріп 6 топқа бөлуге келісілген: 1) дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы, қара бидай – 1- биологиялық топ; жүгері, тары, шай жүгері, күріш, қарақұмық; 2 - биологиялық топ; асбұршақ, ноқат, майбұршақ және т.б. дәнді бұршақтар тобы немесе 3-биологиялық топ); 2) тамыржемістер – қант қызылшасы, мал азықтық қызылша, сәбіз; түйнекжемістілер – картоп, бақшалық дақылдар – қарбыз, қауын, асқабақ; 3) мал азықтық дақылдар – көпжылдық астық және бұршақ тұқымдастар; біржылдық астық және бұршақ тұқымдастар және мал азықтық көпжылдық жаңа дақылдар; 4) майлы дақылдар – күнбағыс және т.б.; 5) талшықты дақылдар – мақта, қарақурай және т.б.; 6) есірткілі дақылдар – темекі, қара темекі.
2. Астықты артығымен өндіру – ауылшаруашылығының одан әрі дамуының басты мәселесі.
Ауылшаруашылығы өндірісінің алдында тұрған басты міндет – ол халықты медициналық мөлшерлемеге сай сапалы азық-түлікпен, өңдеу өнеркәсібін шикізатпен, мал шаруашылығын әр алуан азықпен қамтамасыздандыру.
Алға қойылған бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін егіс алқаптарында қысқа айналымды бірнеше шараларды жүзеге асыру қажет: әртараптандыруды ескеріп нарық сұранысына икемді ауыспалы егістерді қолдануды; топырақ өңдеудің аз немесе нөлдік жүйесіне көшуді; жергілікті жердің топырақ-климат жағдайына бейімделген дақылдар мен сұрыптарды қорүнемдегіш технологиямен өсіруді; егіншіліктің қайтарым заңына сай жыртылатын жерлерге, топырақ құнарлылығын үдемелі арттыру мақсатында, агрохимиялық зерттеулерге сүйеніп, қажетті мөлшерде органикалық, ол болмағанда минералды тыңайтқыштарды енгізуді; ауылшаруашылық дақылдарын арамшөптерден, зиянкестерден, аурулардан қорғаудың жан-жақты немесе жиынтық (интегралды) тәсіліне көшіруді; суландырылатын жерлердің тиімділігін молайтатын тәсілдерді; егу, күтім, өнімді жинау жұмыстарында ғылым мен білімнің, озық тәжірибенің жетістіктерін жедел қолдануды; жиналған өнімді ысырапсыз, қайта өңдеудің ең озық үлгілерін қолданып, шикізатпен алынатын өнім түрлерін (ассортиментін) молайтуға өтуді. Алынатын өнімнің сапасы, алуан түрі адам ағзасына оң әсер етіп, оның жұмысқа, оқуға деген қабілетін арттырып, мәнді-сәнді өмір сүруге ынталандырады.
3. Аталған шаралар, Қазақстанда әзірше етек алып, кең ауқымды қолданыс тапқан жоқ. Жаңалыққа жаны құмар, ізденіс үстіндегілер аталған шаралардың біразын қолданып жақсы өнім жинауда. 2011 жылы Қазақстан 30 млн. тоннадай шанақтық салмақта өнім жинады, оның 75-80%-ы Қазақстанның солтүстік өңірінің үлесінде. Осыдан, Қазақстанның солтүстігінде аталған шараларды мүмкіндігінше толық жүзеге асырсақ астық дақылдарының өнімділігін ғана арттырмай, сапасын да арттыруға болатынын кеңес кезеңіндегі шаруашылықтардың тәжірибесінен айтуға болады. Қазіргі кезде астық нарығында қатты бидайға деген сұраныс басымдылыққа ие. Ал Қазақстанның солтүстігінде өсірілетін қатты бидай сұрыптары қуаңшылық жылдардың өзінде жұмсақ бидай сұрыптарының өнімінен 1-2 ц/га кем бергенімен, алынатын жармасының, макаронның т.б. өнімдерінің құндылығымен оны басып озады. Осыны ескеріп ауыспалы егісте қатты бидайға ең жақсы алғы дақылдарды беріп, оның морфологиялық және биологиялық ерекшеліктеріне сай өсіру технологиясын қолданып, Қазақстанның сыртқа шығаратын бидай үлесінде қатты бидайды, оның өнімдерін молайтуға қол жеткізуге болады. Міне, осыдан-ақ Қазақстанның солтүстік өңірінің астық өндірудегі рөлі арта түсетін болады.