Шіріп қабыну – ұлпаның шіріп, бүлінуімен сипатталады. Шартты шіріткіш микрофлорамен зақымданған жердің өлуі. Сондықтан да кез келген қабынудың түрі шіріп қабынумен асқынуы мүмкін. Қоңдылығы нашар, кәрі, ауру организмдерде жиі орын алады. Зақымданған жер жұмсарып, қара-қошқыл, жасыл түсті, иісі жағымсыз болады. Анаэробты микрофлора енген кезде газ көпіршіктері пайда болады (газды гангрена).
Аутоинтоксикациядан организм өледі. Хирургиялық ампутация кезінде гангренаға шалдыққан дене бөліктерін алып тастайды.
Альтерациялық қабыну – дистрофиялық және некроздық өзгерістердің басым, ал экссудациялық және пролиферациялық өзгерістердің баяу болуымен сипатталады. Қабынудың бұл түрі паренхималық мүшелерде жиі кездеседі (жүрек, бауыр, бүйрек, қаңқа бұлшық етінде). Себебі: химиялық заттар, улы заттар, бактериялардың токсиндері. Өтуіне байланысты 2 түрі болады: 1) жіті; 2) созылмалы.
Жіті түрінде қабыну ошағында некроздық өзгерістер басым болады (некроздық қабыну), кілегейлі қабық эпителиінің іргесінен ажырауы, түйірлі, гидропиялық, майлану дистрофиясымен байқалады.
Мысалы, альтерациялық қабынудың жіті түрі: 1) қатерлі аусылда жіті миокардит – жүрек еті кескенде жолбарыс терісіне ұқсайды, өйткені қабыну гиперемиясы сұрғылт-сары түсті ет талшықтарымен ауысып тұрады (майлану, түйірлі дистрофия).
2) туберкулезде казеозды пневмония - өкпенің кейбір бөліктері сүзбе тәрізді сұрғылт-сары түсті, тығыз болып келеді.
3) жіті альтерациялық гепатит – гиперемия күйіндегі мүшеде сұрғылт-сары дистрофия және некроз ошақтары көрінеді.
Созылмалы түрінде атрофиялық өзгерістер басым болады. Әлсіз токсикалық факторлар ұзақ уақыт әсер еткеде. Мысалы, кейбір азықтан уланғанда мүшенің көлемі кішірейеді.
Ақыры: некроздық өзгерістер склерозбен аяқталады.
Маңызы: зақымдану тереңдігімен және зақымданған мүшенің организмге маңыздылығымен анықталады. Миокард пен жүйке жүйесіндегі альтерациялық қабыну өлімге ұшыратады.
Продуктивтік қабыну – үдерістің бастапқы кезінен бастап торша элементтерінің көбеюімен сипатталады, экссудациялық және альтерациялық өзгерістер әлсіз болады.
Негізінен дәнекер ұлпаның элементтері көбейеді. Кез келген мүшеде, ұлпада орын алуы мүмкін. Торшалардың көбеюі ұзақ уақыт бойы болатындықтан, пролиферациялық қабыну созылмалы түрде жүреді. Зақымданудың көлеміне байланысты 2 түрі болады:
1) диффузды (интерстицийлік);
2) ошақты (гранулематозды);
3) полиптердің п.б. өтетін қабыну.