Құлагер — Ақан серінің атағы əйгілі, жүйріктігі жыр болған тұлпары
Кезінде Ақанның жас та болса жан-жақты дарын иесі екенін таныған алыс ағайындары оған жүйрік тай сыйлайды. Осы тайды «Құлагер» деп атаған Қызылжар қаласы мен Омбы қаласының арасындағы Үлкен Қарой деген көлдің жағасын мекен еткен атақты Зілғара шешеннің баласы Əлібек екен.
Ол туралы М.Мұқатов «Құлагер» атының шығуы» деген мақаласында мынадай қызық мəліметтер келтірген: «...Əлібектің күтуші адамдары: «Сыртта басында үкісі, үстінде салтанатты киімі, қолында үкілі домбырасы, астында қара бедеу аты бар, бір құла ат жəне жетегінде үш-төрт саяқ ерткен екі адам түсуге рұқсат сұрап тұр», — деп хабарлайды. Əлібек паң адам болу керек, бірсыпыра ойланып отырып, дəуде болса Атығай-Қарауылдың Ақан серісіне ұқсайды, қонақ үйге түсіріп ас беріңдер, маған ертең жолықтырыңдар деп, қонақ үйіне түсіреді. Астан кейін Ақан сері əн шырқап, əні мен өлеңі Əлібектің құлағына жаққан болу керек, Ақанды өзі отырған үйге алдырады. Өлең-əн айттырып, артынан бұйымтайын сұрайды.
Ақан сері жүйрік атым бар еді, елдегі бəйгеге қосып жүрмін, үш жүздің асына қосам ба деген оймен сізге келген едім дегенде, Əлібек тұрып, менде де жүйріктер бар. Əкем Зілғара жылқысының санын білу үшін, Үлкен Қаройдың ортасында өткелді арал бар екен, соған бүкіл жылқыны қамап, қайтар өткелде санағанда, жылқысының саны отыз екі мың бопты, одан кейін санағымыз жоқ. Олай болса, аттың терін алдырайық деп, бір жетіден кейін қырық шақырымнан Құлагермен он бір ат жібергенде Ақанның Құлагері алдында бір шақырым бұрын келеді, енді бір жетіден кейін елу шақырымнан жібергенде екі шақырым алдында, енді бір жетіден кейін алпыс шақырымнан жібергенде үш шақырым алдында келеді.
Əлібек: «Ақан сері, атың шын жүйрік екен. Астың бəйгесіне Əлібектің аты боп қосылсын, егер атың озып келсе, үш жүзге атыңның атын шығарайын», — дегенде, Ақан сері: «Маған одан артық ештеңенің керегі жоқ», — деп уəделескен екен. Келесі жылдың жазында Əлібекке еріп Жағалбайлы еліне барады.
Бəйгеге үш жүз төрт ат тіркеліп, Əлібек апарған жеті аттың үшеуі тізімге ілігіпті. Əлібек Омбы губернаторынан жүз солдат алдырып, бəйгеге қосылған аттарға жолда жамандық істемесін деп, ат шабатын жолға екі шақырымға бір солдаттан қойғызған екен. Əлібек өзі орысша сөйлей білетін сауатты адам болыпты. Бəйгеден Құлагер алдында келеді. Əлібектің өзге қосқан екі атының біреуі мүше тістеп келін бəйгеге ілігеді. Екі аттың бəйгесі 75 жылқы болады. Сонымен Əлібектің дəрежесі көтеріледі.
...Əлібек ас басқарып жүрген ақсақалға: «Мына той жалпақ елдің игі жақсыларының бас қосқан жері екен. Сізден сұрайтыным, ертең ана төбенің басына асқа келген адамдар түгел жиналсын. Мен бір парасатты адамға берген «Антым» бар еді, соны халыққа естіртейін», — дейді.
Сол уəдемен ертеңінде төбенің басына халық жиналады. Түйенің үстіне шатыр орнатып соның астында тұрған Əлібек: «Мынау Ақан сері жетектеген құла ат кешегі бəйгеден озып келді. Бұл ат — серінің меншікті аты. Серіге берген сертім: атың жүйрік екен, бəйгеге менің атым боп қосылсын. Егерде атың озып келсе, үш жүздің жиналған жақсыларының алдында ат иесі Ақан сері еді деп айтпақ едім. Ат озып келді, антымды жұтпай орындадым, куəгер сіздер, бұрын құла ат болса, енді Ақан серінің «Құлагері» болсын, — деп сөзін аяқтаған екен».
Тай кезінен баптап-күтіп, жаратқан Құлагер ат бəйгесінің алдын бермейтін жүйрік болып шығады. Атығай, Қарауыл деп аталатын Арқадағы қалың ел ішінде қандай жарыс болса да, Құлагердің шаңына ілесетін қылқұйрықты табылмайды. Құлагердің даңқы Ақанның əншілік атағымен қоса шығады. Аққошқар Сайдалы деген кісінің бес болысқа сауын айтқан асында Құлагер үш жүз аттың алдында қара үзіп келеді.
Бірақ осы аста бір көңілсіз əңгіме болып қалады. Құлагердің артынан Барақбай дегеннің Кетеберкөк деген аты келе жатады. Белгі алуға шыққан Барақбай құлдырап келе жатқан Құлагердің шылауынан ұстаңқырап қалса керек, мұны көріп тұрған Ақанның Барақбайға тілі тиеді. Осы уақиғадан Барақбайдың ішінде Ақанға қарсы кек қалады.
Ереймен жақта Керей руынан шыққан Сағынайдың асына арнайы шақырылғанда, күндеушілері көп Ақан барғысы келмеген деседі. Бірақ ауыл-елдің беделді адамдары кеу-кеулеп, Ақан сері Құлагер арқылы тағы бір абырой алмақ болады. Осы уақиғаны С.Жүнісов өзінің белгілі романында былай суреттейді: «Кейінгі жылдары қайғыдан қайғыға ұшырап, Ұрқияның қазасынан соң, туыстарының ішінде ала-бөтен ақынның өзіне тартып жаңа ержете бастаған ең сүйікті інісі, əнші Əйберген аттан құлап өлгелі Сері əбден қажып, жиі-жиі төсек тартып, шерменде боп жатып алатын күйге ұшыраған. Оның үстіне, ел арасындағы «кие соқты, ант атты» деген қожа, моллалардың сөзі шынға айналғандай болып, Ақан көпке топырақ шаша алмай, іштен тынатын еді. Ең жақын серігі — əнін ел арасында еркін шырқап айта алмай, дəтке қуат санаған жалғыз Құлагерін ұлы бəйгеге қосып қызығын көре алмай, үйде тобан аяқ боп отырып қалды. Осыны сезген ет жақын досжар жандар Сағынай асына алыстан барып, бір серпіліп қайтуын мақұл көрген. Оның үстіне, алыстан Біржаннан, Мəшһүр Жүсіптен арнайы хабар келген. Біржан: «Мен болсам, кейінгі кезде ауру-сырқаулы болып, үйден шыға алмайтын халге ұшырадым. Тегі, осы жиынға да бара алмаспын. Ақын — елдің ақыны, оған қарауыл, керей деп екі араны бөлер деңгей жоқ. Халықтың шөлін қандырып, бас қосқан жиынның көркі болу, жаңа əн, жаңа сəнмен күйге қосу — ақын парызы. Ақан барса екен, тым құрмаса екі ел арасындағы караңғы араздыққа аз да болса шырақтай» деп сəлем айтып жіберіпті. Мəшһүр Жүсіп те хат жолдап, аяғында былай депті: «Ақан, сенің бұлай қан жұтып, қайғы арқалап жатып алуың атыңа лайық емес. Сен қайғырсаң да, ел қайғырмасын. Қалың ел сені де, əніңді де жоқтап отыр. Жоқтатпа қауымыңды. Серпіл, жаным». Кіші жүз Мөңке би: «Ер қайғысын сұлудың құшағы, тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы алады» деген екен. Ендеше үйде жатып басылу ел еріне жараспайды. Көтер еңсеңді. Қосыл жұртыңа. Сал думанды. Сағынай асында амандықпен көрісейік...».
Ақан енді ештемеге алаңдап тоқтар емес. Атын əдейі баптап, алыс сапарға жүргелі жатыр».
Сонымен Ақан сері Сағынайдың асына Құлагерді қосады. Ол кезде бүгінгідей айналып шабу жоқ, аттар ұзаққа жіберіледі. 313 аттың алдында Құлагер жұлдыздай ағып келе жатқанда, анау Сайдалы асында ішінде қан қатқан Барақбай қамыс ішінде жасырынып тұрып, Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді.
Соңғы жұбанышы, қызығы болып жүрген сəйгүлігінің бұл өлімі онсыз да қам көңіл Ақанды зар еңіретеді. Ол айтқан «Құлагер» əні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратады:
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Достарыңызбен бөлісу: |