Балаларәдебиетіндегі Абай образы Абай балалар әдебиетін жасаушылардың бірі - ірі өкілі. Жасөспірімдерге арнап бірталай өлеңдер жазды, ақыл сөздер айтты. Жасөспірімдерді өнер-білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін еріккеннің ермегі еткісі келмей, жастарға үлгі-өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын-ала ескертіп өтеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ - барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,-дейді.
Абай өлеңдерінің әрбір жолынан балаларға үлгі-өнеге аларлық насихат белгілері көп табылады. Ол тек құрғақ насихат емес, өмір шындығына, келешекке жол тартады, бағыт сілтейді.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңі жас шәкіртті ғылым иесі болуға шақырады. Бес асыл іске ие болу керектігін айтады. Ғылымның жауы бес нәрсе екенін ескертеді. Өтірік, өсек, мақтаншақтық, еріншектік, мал шашпақтық – ғылымның жауы дейді. Талаптану, еңбек ету, тереңнен ойлау, әр нәрсенің байыбына жетіп іс істеу – адамгершілік белгісі деп үйретеді. Ғылым жолындағы қиындықтардан қорықпауға шақырады. «Интернатта оқып жүр» өлеңінде шен-шекпен үшін оқитындарды әшкерелейді. «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі жас ұрпақты талапты болуға, өмірге икемді болуға үндейді. Қажыр мен қайраттың, талап пен ақылдың, еңбектің адамды ойлаған мақсатына жеткізетіндігін айтады. Оңай олжаға тап болуды көздеушіліктің, еңбексіз күн көруді мақсат етушіліктің адамды азғындататынын түсіндіреді.
Абай қазақ поэзиясын көп жанрлы етті. Қазақ даласында бұрыннан бар саяси лирика жанрын дамытты. Лириканың махаббат, табиғат, көңіл-күй түрлерін қосты. Абай жылдың төрт мезгілін жырлады. Табиғат құбылысын адам өмірімен тығыз байланыстыра суреттейді. Көркем тілмен, орамды ықшам тілмен береді. Жасөспірімдер ақынның «Қыс», «Жаз», «Жазғытұры», «Күз» тәрізді табиғат туралы өлеңдерінен эстетикалық ләззат, рухани азық алады. Бұл өлеңдердің танымдық жақтары да бар. Балаларды айнала төңірекке, табиғаттағы жан-жануарлардың тірлігіне зер салуға үйретеді. Құстар үнінен, жәндіктер тіршілігінен хабардар етеді. Абайдың қарасөздерi де өлеңдерi сияқты алуан түрлi мәселенi қозғайды. өлеңдерiндегi бай мазмұн қарасөздерiнде де толық қамтылады. Көзiне iлiнген өмiр көрiнiстерiн Абай жалынды жырмен де, жай қарасөздермен де жетiмдi дәрежеде айтып берген. Сондықтан өлеңдерiне тән тақырыптар, қарасөздерiнде де қозғап отырады. Қарасөздерiнде өлеңдерiндегi пiкiрлерiн толықтыра түседi. өзi өмiр сүрген заман шындығы, қоғам құрылысы Абайдың өлеңiне де, қарасөздерiне де негiз болады.
Абай жылдың төрт мезгілін, табиғаттың әсем көріністерін адам өмірімен тығыз байланыстыра суреттеу арқылы оны жастарға тіршілік тірегі деп түсіндірді. Адам өзіне қажетті барлық заттарды, жаратылысты зерттеу, игеру арқылы табатынын, адам өмірі соған байланысты екенін суреттейді.