Мектебің мынау, класың...
Арада бір жыл өтті. Мен жетіге толдым. Көшедегі балалар мені көрсе құрақ
ұшады. Бəріміз мектепке барамыз деп дайындалып жүрміз. Бірақ қай
мектепке баратынымыз белгісіз. Оны үлкендер ғана біледі.
Шешем өмір бақи орыс тілі мен əдебиетінен сабақ беріп келді. Қазақшасы
кез келген қазақтан артық. Елдің бəрі сотқа арыздану үшін, əкімшілікке хат
жаздырып алу үшін шешеме келетін. Қазақша тап-тұйнақтай етіп жазып
берген ол елдің ризашылығына бөленіп жүретін. Əлгі даңғоймен шешем
əдеби тілде келістіріп тұрып сөйлесетін. Соған анау боқтықты қоспай
сөйлеуге тырысып, мəдениетсіп, жетісіп қалатын. Онысы тіпті күлкілі еді.
Арасы боқтықпен жалғанбаған соң, айтқан сөздері ұйқаспай, басы жоқ
аяғы жоқ сөйлемдерді құрауға тырысатын. Болмағасын, əңгіменің аяғында
басын шұлғып, дəу-дəу қолдарын сермеп, иығын қиқаңдатып, мыңқылдап,
біресе тұрып, біресе отырып, арасында «анау ше?!» деп қойып, ақыры
ишараға көшетін байқұс. Маған бұл шешемнің оны жазалап жатқанындай
көрінетін.
Менімен анам тек орысша сөйлесетін. Сөйтсем, мені орыс мектебіне берем
деп дайындап жүрген екен. Мен болсам, тіліммен жағыма сүйеніп, екі тілде
де сайрай беремін. Алматыда тілім балабақшада орысша шыққан екен. Ал,
үйде бəрі қазақша сөйлейді. Сондықтан мен мектепке бармай тұрып, екі
тілді бала болып өстім.
Бірінші класс. Үржардың дəл ортасында С.Киров атындағы ескі мектеп
бар. Бүгін ол І.Жансүгіров шайырдың атында. Сол мектептің
табалдырығынан Олег деген орыстың бір баласымен қол ұстасып аттаған
едім. Олешка екеуіміз бір партада үш жыл отырдық. Кейін ол сыныптас
досым үй ішімен Германияға көшіп кетті.
Сықырлақ парталарымыз жылда боялған соң, ағашынан гөрі, бояуының
арқасында қалыңдай беретін. Бұрынырақ төселген ағаш едендері де
сықырлақ. Тақтайларының арасы ашылып-ашылып қалған, талай
қаламсабымыз сонда түсіп, ғайып болатын. Мектептегі өмір маған үйдегі
тіршіліктен қымбат еді. Елдің балалары соңғы сабақтан соң, үйіне қашса,
мен мектептің кəнігі қарауылы секілді, айналсоқтап кетпей жүретінмін.
Үйге барсаң, қара кемпір берген суып қалған макарон жейсің, одан кейін
қара озбырдан таяқ жейсің. Еш өзгермейтін күнделікті тіршілік. Қарын
ашқан соң еріксіз, портфеліңді сүйретіп үйге қарай аяңдайсың. Үйде сабақ
оқу деген бір қасірет. Кітап ұстаған қолдарыңды иығыңмен қоса жұлып
алардай, əлгі дəу жетіп келеді. «Немене, оқымысты болып, менен, менің
інілерімнен керемет болып кетем деймісің, қу жетім, айда кет, бұзауға бар»
- деп түйгіштеп-түйгіштеп жіберетін. Өзі кітап атаулыдан қарадай
қорқатын. Шешемнің жинаған кітаптарына қарап тұрып, «осының ішінде
бір де бір сурет жоқ, несіне осы қалың қағазға шұқшияды-ей осы жұрт?» –
деп таңқалып жүретін. Бірақ, сол қараңғы адамның ішіндегі Тəңіри рух
бəрібір сол кітаптарда ғаламат күш бар екенін сездіретін сияқты көрінетін
маған. Əйтеуір, бұл шешемнің кітаптары мен шешемнен туған маған өш.
Менің кітапқа əуестігімді ол біледі. Сондықтан зал үйдегі мұқабалары
əдемі кітаптарға жолатпауға тырысатын. Мен болсам, ол ақыл-ой теңізіне
шомылуға əлі даяр емес екенімді білемін. Бұл жағдай Қалаңның қаперіне
де кіріп – шықпайды.
|