Ақберен Елгезек Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет6/14
Дата07.01.2022
өлшемі325,43 Kb.
#20074
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Лениннің неменесі

Мұғалім бізге «октябряттыққа» өтесіңдер, Ленин аталарыңның басы

қашалған төсбелгі алып келіндер» деген. Үржардың универмагынан шешем

маған əлгі белгіні сатып алып берді. Бесбұрышты белгінің ортасында

дударбас, бала Ульяновтың бейнесі сомдалған. Жан-жағында күннің

шапағы шашырап тұр. Сүп-сүйкімді төсбелгі, жалт-жұлт етеді. Мен

Лениннің үмбеті болуға дайынмын. Бір бірімізге төсбелгілерімізді көрсетіп

мақтанып жүрміз. Келесі аптаның дүйсенбісіндегі салтанатты рəсімді асыға

күтудеміз.

Біздің сыныпта Кузьмина Оксана деген немістің аппақ қызы оқитын. Мен

ең алғаш рет оған орыс тілінде шатып-бұтып өлең шығарғанмын. Көзі

зеңгір көктей тұп-тұнық еді. Алдыңғы партада отыратын. Сабақ үлгерімі

кілең бес. Тəртібі үлгілі. Өзі нəп-нəзік, аққудың балапанындай еді. Мен оны

жақсы көретінмін. Алайда, ол мені қазақ деп менсінбейді. Кейін ол да

Олешканың артынан Германияға көшіп кетті. Сол Оксананың төсбелгісі

бəрімізден өзгешелеу боп шықты. Қып-қызыл бесжұлдыздың ортасында

Лениннің басқа, мүлде бөлек салынған суреті бар. Бəріміз аң-таңбыз.

Біздікі ескі төсбелгі.

Мен сондай төсбелгі табамын деп ант іштім. Өйткені менде де сондай

төсбелгі болса, ол Оксана екеуімізді ортақтастыратын, жақындастыратын

дəнекер болады деп есептегем. Содан іздеуге көштім. Таныс, туыс-

туғандарымның бəрінен сұрап шықтым. Табылмады. Универмагта да жоқ.

Көрші Ғалидің қызында бар болып шықты. Ол бізбен қатар оқитын. Бірақ,

Абай атындағы қазақ мектебінде. Бізді «хахолсыңдар» деп мазақтайтын

ылғи. Аты Меруерт. Біз оны Мико деп атайтынбыз. Сонымен Микодан

төсбелгіні жалынып сұрап жүрмін. Оның айырбастағысы жоқ. Əкесі

арнайы Семейден əкепті оны. Қызым ерекшеленіп жүрсін дегені ғой. Өзім

білетін барлық қулық-сұмдықты қолданып бақтым. Түк шықпады. Есіме

оның ирис кəмпитті жақсы көретіні түсті. Баяғыда Миконың: «Маған екі

мөшек ирис кəмпитті əкеп берсе де, мен оны бір сағатта тауысып бітірем» -

дегені жадыма оралды. Оны алатын менде, əрине, көк тиын жоқ. Бір мөшек

болмаса да, бір киллограмм алмақ оймен, шешемнен ақша сұрап едім,

бермеді.

Қара кемпірдің сұр сандығында дүние жүзінің барлық таңғажайыбы

сақталып тұратындай елестейтін маған. Ішінен бір килограмм ирис



шықпауы тіпті мүмкін емес екенін ішім құрғыр сезеді. Соған ұрлыққа

түсетін болдым. Алайда, оның кілтін қолға түсіру, төсбелгіні ұмытудан да

қиынға соқты. Ұрлыққа ебім жоқ екенін байқаған соң, басқа амал

қарастыруыма тура келді.

Қара кемпірмен бір үйде тұрсақ та, екеуміз де бір-бірімізді байқаймай жүре

беретінбіз. Оған менің кей қылығым оғаш көрінгенгенде ғана, сол жағына

шырт түкіріп, тəмпіш мұрынын тыржита қалатын. Ол маған ештеңе

демейді, мен одан ешнəрсе сұрамаймын. Өзімізбен өзіміз, ғұмыр кешіп

жатқан жайымыз бар.

Бұл қара кемпірдің есімі Мəстен. Қалаңның əкесі үлкен молда болған кісі

екен. Сол кісі Қытайдан бері қарай ауғанда, əйелі арғы бетте қалып

қойыпты. Шиеттей бала-шағасымен қытайлардан қашып келе жатып,

шекара маңында қоныстанған қырғыз ауылын уақытша сағалаған көрінеді.

Мəстен сол қырғыз ауылының қызы. Сол жерде бірін бірі ұнатып, қосылған

десіп отыратын Қалаңның туыстары. Мəстен бала көтермеген күйі,

Қалаңның əкесі қайтыс болғанмен, осы үйге адал болып қала беріпті. Бұл

қара кемпір өте өжет еді. Өңкиген Қалаң кейде ішіп кеп, елдің мазасын

əбден алып болғанда, сахнаға Мəстен шығушы еді. Орнынан оқыс

көтерілген бойда, жұдырықтай кемпір Қалаңның аяғынан шалып жіберіп,

еңгезердей еркекті тоңқалаң асыратын. Сосын үстіне мініп алып, жұп-

жұмыр кішкентай жұдырықтармен бет, көз демей былшылдатып ұратын.

Бұл əдіс Қалаңға сиқырдай əсер етіп, сауығып кететін. Жапырақтай

кемпірдің астында жатқан Қалаңның: «апатай, өлтірдің ғой, қоя бер,

болдым, қойдым, нан ұрсын!..» - деп ойбайлап жатқаны. Мұндай қызықты

мен түгілі, осындайда жинала қалатын ақкөңіл көршілеріміз талай көрген.

Мұндай таяқ жеулерден кейін Қалаң бір-екі апта моп-момақан күйде

жүретін.

Сол Мəстеннің көзінде құпия бір мұң бартын. Мен оның қырғыз екенің

біле тұра, ол туралы қызығып сұрамаушы едім. Пəледе нем бар?

Төсбелгінің əлегі мені қырғыздардың тарихы мен жағрафиясын оқуға

итермеледі. Уақыт аз. Қолға төсбелгіні тез түсіру керек дегендей.

Азын-аулақ мəліметті жинап алған мен, бір күні Мəстенге келіп:

- Апа, Сіз Ыстықкөлде болдыңыз ба? – деп майыса қалдым. Көзі

тостағандай Мəстен, одырая қарады да:

- І, оны қайтейін деп едің? – деді

- Бүгін сабақта өттік. Мұғалім қосымша оқып келіңдер деп еді.

Оным енді нағыз өтіріктің өзі. Себебі, біз əлі жағрафия пəніне жетпеген

сыныптамыз. Сонда да диалогты жалғастыру керек боп тұр.




- Болғам жоқ, шырақ!

- Болмасаңыз барғыңыз келе ме, апа?

- Ыстықкөлде нем бар менің, басымды қатырмай, аулақ жүр!

- Апа, мен сізді өскенде Ыстықкөлге апарамын!

- Е, мені неғып жарылқай қалдың? Шешеңді апармайсың ба?

- Мен сізді аяймын!

- Не дейд, мынау?

- Аяймын деймін сізді! Сіз ағайын туысқандарыңызды сағынып

жүргеніңізді білем. Мен де əкемді сағындым. Ағамды да.

Кемпірімнің өзгергенін көрсеңіз ғой! Əжім тілген бет-ауызы жыбыр-жыбыр

етіп, баладай кемсең қаға қалды. Мен осы сəтте пайдалана қалдым да, оның

қолын алып, сипалай жөнелдім.

- Апа, мына ағамның туыстары сізді түсінбейді де жақсы көрмейді ғой, ал,

мен сізді жақсы көремін. Ылғи қырғызша бір əдемі əндер айтып жүресіз.

Соны үйренгім келеді. Сондықтан мен сізге Қырғызстанды көрсеткім кеп

жүр. Ол жақта туысқандарыңыз бар. Соған апарғым келеді, – деп басып

қалып ем, жанды жеріне дөп тиіппін.

Мəстенімнің бажырақ көздерінен жас бырш ете қалды. Жігітін сағынған

бойжеткендей солқылдасын кеп! Ойбай, бірдеме бүлдіріп алдым ба-ей

дегендей көше жаққа жаутаң-жаутаң қараймын. Қалаң келіп қалса, өгей

шешемді неге жылатып тұрсың, ұрғаннан саусың ба? – деп, əй-шəй жоқ

соққыға жығуы ықтимал.

О, тоба! Шынымды айтайын, қайдағы Лениннің басы үшін, кемпірдің

көңілін босатып жібергенім үшін кəдімгідей өкініп қалдым. Өзімді өзім

іштей жегідей жеп тұрмын. Алайда, шегінерге жол жоқ. Кəмпитін бермесе

бермей-ақ қойсын, бір жеңілдеп қалсын деп мырзасынып тағы ойлап қоям.

- Иии, қу жетімегім-ай, сезімтал бала екенсің ғой, – деп Мəстен

солқылдаған күйі мені құшағына тартты.

- Апатайым-ау! – деп мен де емірене қалмасым бар ма!

- Енді ана Қалаң тиіссе, маған айтшы, ол қарабураның шəт-шəлəкейін

шығарайын! – деп менің бетімнен, ащы жасын жаға-маға сүйе бастады.

Ал, əйтпесе! Лениннің аруағы мені желеп-жебеп жіберді ме, не боп кетті,

өзі?! Мен сияқты қарасирақ пролетариат балаға аяқ астынан қорғаушының



табыла қалғаның қарасаңызшы! Менің де көңілім босап, дымқылдана

бастаған мұрынымды сүртіп отырмын.

О, Жасаған! Мəстен сандығын сатырлатып ашып жатыр, бірдемелерді

қопастырып алып шығып жатыр. Сандықтың түбінен үстелдің үстіне дəл

маған керегі қойылды. Мысықтың суреті бар, бір салафан дорба ирис

кəмпит. Апамыз мың бүгіліп, тағы бірнəрсе іздеп жатыр. Бір кезде апамның

қолына бір бөтелке мөлдір арақ ілінді. «Пшеничная» деген жазуы бар

құтыны Мəстен үстелге тақ еткізіп қойды. Содан кейін Мəстеніміз

шкафтағы қырлы стақанды алды да, ішін тазартақандай үрледі. Сол жақ

ұртына бөтелкенің мойынын тығып жіберіп, қақпағын «пақ!» еткізіп ашып,

жаңағы қырлы стақанға толтыра-молтыра бүлкілдетіп арақ құйды. Сосын

басын қиқаң еткізіп, стақандағы сасық сұйықтықты бір деммен қағып

салды. Мен тілім байланып, қарап тұрмын. Қырғыз апам, көзін жұмып,

ауаны жұтпай біраз тұрды да, мені өзіне əмірлі қолдарымен тартып,

басымнан иіскеді. Содан ақырын итеріп: «Бара ғой, балам, бара ғой!» -

деді. Мен кетіп бара жатып, үстелдің шетінде мыжылып жатқан, дорбаны

іле-міле үйден атып шықтым. Арманым орындалып, бізді «октябраттыққа»

қабылдау салтанатында Оксана екеуміз бірдей төсбелгі тағып тұрдық!




Пионер

Үшінші сыныптан біз бесінші сыныпқа бірақ аттадық. Сол жылы бізді

пионерлікке қабылдады. Пионерлікке қабылданған кезімізде айтарлықтай

оқиға болған жоқ. Мойынымызға қып-қызыл шытты байлап ап, екі ұшын

екі жаққа шығарып қойып, желбіретіп жүгіріп жүруді қызық көретінбіз.

Сол кездің өзінде пионерліктен қадір кете бастаған еді. Бір жылдан соң

Кеңес Одағы тарих сахнасынан түсті. Біздің мойынымыздан ескіріп

үлгірмеген қызыл галстук шешілді.

Федор əкей

Жаздыгүні Тлеукеш екеуміз күндіз бұзау бағып, кешке табыннан сиырды

күтіп ап, дедеңдетіп үйге қуып əкелетінбіз. Табын Үржардың керемет

тоғайы (жергілікті халық оны Роща дейді) бітетін жақтан келетін. Біз табын

жаққа неғұрлым ертерек баруға тырысатынбыз. Өйткені ол жақта бала көп,

емін-еркін ойнауға мүмкіндік бар.

Сол тоғайдың орта тұсында христиандық шіркеу болатынды. Бір күні

Тлеукешке сол шіркеуге кіріп шығуды ұсындым. Орыс мектебінде оқып

жүрген маған ол аса қорқынышты ғибадатхана емес еді. Оның үстіне

орыстармен қоян–қолтық араласамыз. Мен орыс ертегілерін жақсы көріп

оқушы едім. Кез келген халықтың мінез-құлқы, дүние-танымы

ертегілерінде жатады. Сол көптеген ертегілерде, əсіресе кеңестік

идеологияны санаға мықтап сіңіру үшін мектеп бағдарламаларына

енгізілген орыс əдебиетінінің христиан дінбасыларын əшкерелейтін

шығармаларды оқыған маған тірідей попты көру қызық. Тлеукештің атасы

Рамазан Аллаға сыйынып, бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман.

Тлеукешті де соған баулитыны заңдылық. Досым біраз үрейленіп,

қарсылық танытқандай болды. Алайда, жаңалық құмар баланың санасы

діни ұстанымды жеңіп кетті. Сонымен ертең біз шіркеуге баратын болдық.

Күмбезінде қисық айқышы бар ескі ғимаратқа қорқа-қорқа кірдік. Бізді

ұзын қара ряса киген, сақалы беліне дейін бұйралана түскен поп қарсы

алды. Басында ерігіп жүрген балалар екен деп, жөн сұрасты. Біз шіркеуді

көргіміз келетінін айттық. Поптың пейілі түзеліп, бізді шіркеу ішіне бастап

кірді.


Шіркеудің сыйынатын, шоқындыратын негізгі бөлмесі аса үлкен емес екен.

Ортасында Мəриям мен оның қолындағы сəби Ғайса пайғамбардың бейнесі




салынған үлкен икона ілініп тұр. Қалған қабырғаларында соған ұқсас,

əртүрлі діни уақиғалардың, қасиетті кісілердің суреттері ілінген. Жан-

жағымыз шытырлап жанып тұрған шамшырақтар. Шіркеудің ішінен

біртүрлі иіс шығады. Əйтеуір, біздің санамызға өгеулеу екені рас. Бір екі

бүкшиген орыстың кемпірлері шоқынып, дұғаларын күбірлеп тұр. Жаңағы

негізгі бөлменің ішіне кіреберіс есіктен түсетін жарық пен шамшырақтар

шашқан сəулелер ғана нұрландырып тұр. Жалпы, шіркеу іші күңгірт, сыз

татиды.


Поп бізге өзін Федор əкей деп таныстырды. Ең алдымен, өзінің бөлмесіне

шақырып, бізге үлкен ағаш астаудан ағаш шөмішпен араластырып, борщ

құйып берді. Борщты соғып алдық. Содан кейін бізге Ғайса пайғамбар

туралы ұзақ-ұзақ əңгімелеуге көшті. Мен ішімнен Ғайсаны аяп отырмын.

Əсіресе айқышқа керілген сəтін. Шынымды айтайын, Ғайса тіріліп

ертесінде сахабаларына келгенін естіп, қатты қуанып қалдым.

Қанша уақыт өткенін білмеймін, сыртқа шықсақ, дала қараңғы болып

кеткені есімде. Содан жүгіре-мүгіре үйге тарттық. Тлеукеш мені жол бойы

боқтап келді. Абырой болғанда, əншейінде қаңғып кетуге бейім сиырлар

күйіс қайырып, қорада жатыр екен. Дін туралы түсінігім міне, осыдан

бастап қалыптаса бастады. Бірақ бабаларымыз ұстанған дін – Исламды біз

сатқан емеспіз. Дегенмен, Ғайса пайғамбардың тағдыры мен тұлғасы мені

осы күнге дейін қатты толғандырады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет