Пантомима
Мен бала кезімде киноактер болуды армандайтынмын. Мектепте бастауыш
сыныптарынан бастап, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуды жаным
сүйетін. Көшедегі балаларға кинодан көрген сюжеттерді, ондағы
актерлердің диалогтарын айнытпай салатынмын. Оның үстіне
пантомиманы меңгеріп алғам. Кəсіби деңгейде болмаса да, жұртқа
ұнайтынын байқайтынмын. Мектепте бір шара бола қалса, мені осы
пантомима нөмірімен мектеп басшылығы сахнаға шығарып қоятын.
Бір күні мектептің көркемөнерпаздарын бағалауға ауданнан комиссия
келетін болды. Комиссияның төрағасы – менің туған нағашы ағам Бақыт.
Бақыттың жақсылығын біздің жанұя көп көрді. Алғаш Үржарға көшіп
келгенімізде соның үйінде тұрып, ұрыс-керіссіз, тату-тəтті өмір сүргенбіз.
Менің бақытсыз балалық шағымның ең бір жарқын, ең бір сəулелі, жайма-
шуақ та қайғысыз сəттерім сол Бақыт ағамның үйінде өткен еді. Бақыт
аудандық музыка мектебін ұзақ жылдар басқарды. Мені домбыра
үйірмесіне де апарған сол. Алайда, менен музыкант шыға қойған жоқ.
Домбыраны, ұят болса да айтайын, əлі де жөндеп тарта алмаймын.
Бақыттың үйінен қонақ үзілмейтін. Гастрольмен жүрген Алматылық неше
түрлі мықты əнші мен күйшілерді мен Бақыт ағамның үйінде көргенмін.
Сосын ол үйде əн айтылмаса, қабырғалары саудырап түсіп қалатындай
көрінетін.
Біз оны Үлкен аға деп атайтынбыз. Өзі жастайынан кəрі шешесіне
болысып, іні-қарындастарын сүйреп өсірді. Қарындасын қияға ұшырып,
бауырларын ұяға қондырды. Одан үлкені – менің шешем ғана. Екеуі оңаша
қалып, көп əңгімелесетіні есімде қалыпты.
Бақыт ағамдай əзілді келістіріп айтатын жер бетінде адам жоқ. Өте астарлы
қалжыңдайтын. Күлгенде жиырылмай, елмен бірге емін-еркін рахаттана
күлетін. Сосын сұмдық еңбекқор. Таң атпай тұрып алып, қора-қопсысын
реттеп жүргені. «Директормын!» - деп шалқайғанын бір көрген емеспін.
Кешкі жаңалықтарды көруді маған үйреткен де сол Бақыт ағам. Жаңалықты
жібермей көру содан бері менің өмірлік əдетіме айналып кетті. Сағат кешкі
онда Мəскеуден, Орталық телевидениеден «Время» бағдарламасы
таратылатын. Сол бағдарлама басталмас бұрын, менің «Əй, Акош, бері кел,
жаңалық көреміз» - деп шақырып алып, қасына отырғызып қоятын.
Сол кісі келе жатқанын біліп, мені мұғалімдер пантомимамен сахнаға
шығуға үгіттей бастады. Ауылда кім кімнің жақыны екені белгілі емес пе.
Оның үстіне шешем біздің мектепте сабақ береді. Ол кезде ол Қалаңға
екінші ұл сыйлап, декретте еді.
Бақыт ағам менің өнерімді көрсе, мектепке жақсы баға беріп кетеді деген
ұстаздарымның тапқан қулығы. Содан байқау басталды. Мектептің бетке
ұстар көркемөнерпаздары барын салып, өнерін көрсетіп жатыр. Шарықтау
шегінде сахнаға мен жүгіріп шықтым. Алақандарымды жайып, мөлдір
қабырғадан өте алмай əлектенем. Сосын ауада ұшып жүрген шыбынды
ұстап алып, əлгі əйнекке «быж» еткізіп жабыстырамын. Одан кейін үтік
болып қызып, қызарамын да «пыш» етіп жанып кетем. Осындай бірнеше
іс-қимылдардан тұратын нөмірім əрең аяқталды. Бақыт ағам төмен қарап
отыр. Концертіміз аяқталысымен, елдің бəріне мақтау қағазы беріліп
жатты. Ол тізімнің ішінде мен ғана жоқ боп шықтым.
|