Жылқыауылдағы төбелес
Келесі жылы жазда Алматыдан Қалаңның боқ қарын екі інісі келді. Біреуі
менен бір жас, екіншісі екі жас үлкен. Қызық енді басталды! Қалаң жазда
бізді Тарбағатайдың бөктеріндегі жылқы ауылына алып кететін болды. Аса
барғым жоқ еді, болмады. Шешем бетіме қарап-қарап күрсіне жолға жинап
жатты. Арасында «сен ақылды баласың ғой, ағаңды тында, ана екеуіне
тиіспе» деп қояды. Мен мұрынымды ішке тартып, «мама, саспа, мен
Рэмбомын» ғой деп күлдіріп қоям. Ол маған «мүмкін Брюс Ли боларсың»
деп қояды. Бұл екеуміз бір бірімізді жұбатқан түріміз.
Күні бойы Қалаңның бырылдақ мəшинесімен тоңқаң-тоңқаң етіп,
алагеуімде жылқы ауылға да жеттік. Кешке Тарбағатай тауы бөлек бір
тылсымға ие боп тұрады екен. Құдды менің əкем сияқты. Маған биіктен
қарап, «балам жасыма!» дейтін секілді. Мен тауға қарап кемсеңдей
бердім...
Ертесінде Қалаң қоста қорылдап жатқан ана екеуін оятпай, мені жұлқылап
тұрғызып алды. Қыстағы болған оқиғаны сұрады. Ешкім білмей ме деп.
Мен «сіз нені айтып тұрсыз?» деп, түсінбегенсідім. Бұл қылығым Қалекеңе
ұнаған болуы керек, желкемнен тартып, құшақтағансыды. Ішімнен: «сенің
ажалың түбі менен болады» деп мен отырмын.
Əлгі екі қалалықтың бірінің аты Асыл, екіншісінің аты Еркін. Екеуінің де
атына заты сай емес. Асыл дегені қара домалақ бірдеме. Еркін дегені
қараптан қарап қорқып, зарлай беретін бір сүмелек. Аттан кəдімгідей
қорқады өзі. Қарадомалақ Асылы тамақсау біреу екен. Алдына не əкелсең
өнешіне тықпалай беретін мешкей неме. Сондықтан болар семіз. Еркіні
кішкене, əлжуаздау. Бірақ екеуінің де менен жасы үлкен. Оған қоса Қалаң
сияқты қорғандары тағы бар. Менің бар рухтанарым, іштей сиынарым да
жалғыз Тарбағатай. Əлгілердің үстінде адам қараудан жалықпайтын əдемі
киімдері бар. Екеуі де əдемі «адидас» киген. Бастарында бейсболка. Мен
үшін бұл киімдер қол жетпес қиял. Аяқтарында менің аппақ арманымнан
аумай қалған кроссовки. Қолдарында электрондық сағат. Жақындап барып,
бала болып шүйіркелесейін десем, итеріп жібереді. Менің бар ойым
қалайда ана сағатты жақыннан көру. Үржардың универмагындағы сағат
мыналар тағып жүрген сағатқа қарағанда дамымай қалған ежелгі уақыт
өлшегіш сияқты. Мыналардікі сұмдық енді. Жыбырлаған цифрлер. Ары
бері жүгіріп жүрген қара жолдар. Бірдемесін басса пиқ-пиқ етеді. Арасында
құлағыңды аймалайтын əдемі əуен ойнай ма, Құдай-ау! Бауы да тамаша.
Екеуінің сағаты да, тағаты əр түрлі. Біреуі асқа сондай шыдамсыз жатып-
ішер бəле екен. Екіншісі ойынқұмар cужүрек екен. Оның ойыны мен үшін
қызтекенің ойыны сияқты. Өзі, өле алмай жүріп, өте қауіпсіз ойындарды
ойнайды. Добы бар. Сол қызыл-ала допты ақырын ғана, жəймен тебеді де,
билегендей жүгіріп барып қуып жетеді. Сосын қосқа қарай, аштан өлгелі
жүрген баладай тағы да нəзік теуіп қояды. Қарап отырып ішін пыспақ
түгілі, зығырданың қайнайды екен. Қалталары толған сағыз. Ауыздарынан
көпіршітіп, шар шығарады. Иісі де сондай тəтті. Маған бірақ бермейді.
Бірінің бейсболкасынының маңдайында ағылшынша жеті əріптен тұратын
жазу бар екен. Мен ағылшынша білмеймін. Сондықтан ол жерге ойымша
«Сұмырай» деген жазу жазып қойдым. Екіншісінің маңдайында ирелеңдеп
жатқан жыланның суреті бар екен. Еркіннің аты көп ойландырмай
табылды.
Мен қостың отымен кіріп, күлімен шығам. Жақын арадағы бұлақтан су
тасимын. Сұмырай мен Жыланға шəй қайнатам. Əлгілер менің
қожайындарым секілді. Басында менің жырым-жырым денемнен қорқып
жүрді ме, көп басына алған жоқ. Еті мен көзі үйреніп алған соң, басынуды
бастады, пəтшағарлар. Əлгі сүмелек доп тебеді, мен оны кері қайтарам.
Ауылда алысып-жұлысып футбол үйреніп қалған маған мынау бір ерсі
көрінеді екен. Қатты тепсем, «не надо» деп қояды. Жəйлап тебемін. Соның
өзінен доп анабіреудің қасынан оқша зулап өте шығады. Доптың өзі
жалығып кеткен сияқты көрінеді маған. Күнде осы. Екіншісіне сағат сайын
тамақ жылыту керек екен. Жегені қайда кетіп жатыр мен үшін беймəлім.
Біреуінің добын сайға теуіп, көзін құртайын, екіншісінің жегенін
желкесінен шығарайын десем, бізге қарап шылымын будақтатып отырған
Қалаң менің бар қимылымды жіті бақылауда. Осылай жүріп, үш күн өтті.
Мыналардың өмірі түк өзгермейді екен. Жылқы ауылда жүрміз-ау,
табиғатты тамашалайық-ау, осқырынып тұрған айғырларға мініп, даланы
басымызға көтеріп, айқайлап шабайық-ау, қой бүлдірген терейік-ау, тауға
шығып өрмелейік-ау, тым құрығанда допты қаттырақ тебейік-ау да демейді
ғой. Қалай келді, солай жүр.
Қалаң менің оларды менсінбей жүргенімді байқады. Намыстанды. Олар
інісінің балалары. Мен қайдағы біреудің жетімегімін. Төртінші күні, екеуін
шақырып алып, кеңес құрды. Мен олардың жиналыстарын бұлаққа суға
кетіп бара жатқанда байқап қойғам. Не болса да көрейік! Ішім əбден пысты.
Оның үстіне мен оларға қызмет қылатын ханның балалары ма екен, түге!
Келсем, Қалаң ана екеуі маған жабылатыны, кім жеңсе соған Қалаң бір сом
ақша беретінін хабарлады. Мен Үржардан шықпай жатып білгем оны.
Жабылатынын əрине. Ақша дегенді білмей қалайын. Құдайым берді деген
осы, міне!
Міне, біреу тырсылдап алдымда секіріп жүр, екіншісі артымда мың
бұралып, сымдай қолдарын жұдырықтап түйіп ап, майысып жүр. Бірінші
боп шабуылды мен бастадым. Тұратын несі бар екен! Өлгенде көрген бір
төбелес дегендей, əлгі секең-секең етіп тұрған мешкейдің қоңқақ
мұрынынан тоңқ еткізіп періп қалдым. Қан фонтанша атқылады. Өзі
есеңгіреп, баудай түсті. Екіншісі, суға түскен мысықтай бүрісіп қалды. Оны
кеп, добын тепкендей жəйлап кеп, мамық құйрығынан теуіп қалдым.
Шыжбың ете қалды да, əлгі ирелеңдеп барып, жерге отыра қалды. Төбелес
дегеніміз осымен бітті. Қалаңда түр жоқ. Екеуін шақырып алып, желкеден
алақанмен ұрған болып, сипап қалды. Оған əлгі Жыланы бажылдап қоя
берді. Семізі мұрнын сүртіп, пысылдай береді. Оның көзінде де алмадай-
алмадай мөлдір жас үйірілген. Мен ішім күлкіден жарылғалы тұр. Күлуге
болмайтыны белгілі емес пе! Қалаң уəдесінде тұрды. Бір сом қалтада.
Сізге өтірік маған шын, мешкейі адам екен, маған кетерінде сағатын
сыйлап кетті. Ал, Жылан ше? Ол мені кешірмеді. Бұл менің өзім жеткен
жеңістерімнің бірі еді. Қалаңнан жылқы ауылда жүрген он бес күн ішінде
бірде бір рет таяқ жегем жоқ.
Тлеукеш
Тлеукештің азан шақырып қойған есімі Тілеуқабыл. Ол менің өмірімдегі
бірінші досым. Құрдаспыз. Екеуіміз бір-бірімізге сай қосылғанбыз. Ойлап
таппайтынымыз жоқ. Қиялимыз. Əкесі Түсіпхан да өте мейірбан, жақсы
кісі. Мені жақсы көретін. Жұрт Түсіпханды еркелетіп, Түсек деп атайды.
Тлеукеш оны əкем деп мойындамай өскен. Себебі, атасының баласы.
Марқұм атасын талай көргем. Көзі бақырайған, сұлуша келген зор тұлғалы
адам еді. Ныспысы Рамазан. Бір есімде қалғаны, біздің көшемен өтіп бара
жатқаны. Қолында қосауыз мылтығы бар. Сол кезде Рамазан ата үйімізге
кіріп Қалаңды көздеп тұрып «бұрқ» еткізіп атып, жалпасынан түсірсе ғой
деп бала қиялмен армандап үлгіргенім есімде. Əйтпесе, біреуге өлім тілеу
күнə екенін білемін. Кезекті бір соққыдан кейін, Рамазан атаны көрген
кезде келген ойлар болар.
Үйдегі ойналмаған ойынның есесін Түсіпханның үйінде Тлеукешпен бірге
қайтарамын. Көбінесе, əрине соғыс ойыны ғой. Қаруды кез келген заттан
істеп алушы едік. Кəдімгі носилканың сабын жұлып алып, екіге бөлсеңіз,
салмақты мылтық болып шыға келеді. Бұл Тлеукештің ойлап тапқаны. Сол
қаруды жасап алып, Тлеукеш екеуміз бір күні шпион ұстауға уағдаластық.
Біздің тұратын көшенің бір шеті, үлкен тас жолға тіреледі. Арғы
жағындағы бос алқапқа ол кезде эспарцет шөп егілуші еді. Ол егін шөптің
біткен жері қалың жыныс, ну-тоғай. Жұрт оны Сорт-участок дейтін. Онда
жүзімнің түр-түрі өсіріледі. Тлеукеш екеумізге соның ішінде қаптап жүрген
оңбаған шпиондар елестейтін.
Шпионды ұстасақ, аудандық жəне облыстық газеттерге фотосуретімізді
басып, біз туралы мақалалар жарық көреді. Атағымыз облыс түгілі, мұқым
Қазақстанға таралуы ықтимал. Осы ойлар бізді үлкен ерлікке итермеледі.
Келіскен күні, кешке екеуміз трассада кездесіп, сорт-участокке беттедік.
Тəңір сəтін салса, бүгінгі кеш нағыз шпиондардың жиналып, құтыратын
кезі. Біздің мақсат, қалайда біреуін ұстап, байлап-матап, Тлеукештің үйіне
əкеп, қамап тастау. Сосын милиция шақырып, атақ пен даңққа, мүмкін
ақшаға да мейлінше бату. Екеуміз өлсе де ұшынан оқ ұшпайтын ағаш
мылтығымызды асынып алып, ауыр арқанды сүйретіп жолға шықтық.
Арқан қаныпезер шпионды байлау үшін алынғаны оқырманға түсінікті деп
ойлаймыз. Сорт- участок алыс екен. Келе жатырмыз. Дала іңірдің бояуын
бойына əбден сіңіріп, енді тездетіп қоюлана бастады.
Алыста ағараңдаған бірнəрсе көрінді. Жақындай келсек, «Москвич»
маркалы мəшине. Қуанып кеттік. Іздегеніміз алдымыздан шықты.
Москвичтің терезелері буланып кеткен. Бізге ол қанен-қаперсіз ұйықтап
жатқан шпионды елестетті. Сұмпайы бандит бізді көріп қалмасын деп,
еңбектеуге көштік. Жақындағанда ыңырсыған бір дауыс естілді. Буланған
терезені сүртіп қалып, қарасақ, біздің көптен бері аңсап жүрген
шпионымыз, бір əйелді тыр жалаңаш шешіндіріп тастап, тұншықтырып
жатыр екен. Астындағы коммунист əйел шпионның мойынын дəрменсіз
құшақтап, құтылмаққа əрекеттенетін сияқты. Арасында шаршағаннан ба
екен, əлгі басбұзардың арқасынан саусақтары тайып кетіп, сауырын
сипалағансиды. Бұл енді біз келмесек өледі екен. Əлгі шпион ағамыз
біртүрлі дəу екен бірақ. Бар салмағымен əлгі байқұс келіншекті аяусыз
жаншиды. Аяғын аспанға көтеріп сап, езгілеп жатыр. Соған қарағанда,
өлтіре бастағанда аяғы кедергі келтірмесін дегені ғой деп қоямыз. Былай
еңбектеп барып, Тлеукеш екеуміз ақылдасамыз кеп. Əйелді шпионның
жалаңаштап алып, өлтіріп жатуы, өлгеннен кейін киімін шешіп əуреленбей-
ақ өзенге лақтыра салу үшін керек. Ал, енді өзінің шешініп тастауы ол
оқта-текте əлгі əйел тұншығып жатып, құсып қойса, киімі былғанбауы
үшін деп қоямыз тағы. Қысқасы əлгі қылмыскерді ұстауға бел будық. Есікті
мен оқыс ашып қалам да, Тлеукеш: «Оңбаған шпион жолдас, Сіз
тұтқындалдыңыз!» - деп айқайлатын болды.
Мен есікті жұлқи тарттым. Құдай-ай, тыр жалаңаш шпионды бірінші рет
көруім. Борбиған құйрықтары шылпылдай ма, қайтеді, өзі!? Мынау
тұншықтырып жатыр ма, əлде байқұс əйелдің ішіне темір ме, бірдеме
тығып жатыр ма? Қапелімде анықтап үлгіргем жоқ, Тлеукештің дауысы
саңқ ете қалды. Шпионның астындағы пора-порасы шығып терлеп кеткен
əйел қаңқ ете қалды. Шпион өре түрегелді. «Ой, мына түн ішінде неғып
жүрген балалар – ей» - деп əлгі дəу мені ұстай қалам деп ауаны қармап
қалды. Біз Тлеукеш екеуіміз бір-бірімізді айтқызбай түсіндік. «Тақиялы
періштедегі» бес сом аз ақша емес, бірақ денсаулық та керек демекші, мына
денесі жалпақ шпионға əліміз келмейтіні анық болды. Содан атақ-даңқтан
гөрі денсаулықты жоғары қойдық та, Тлеукеш екеуміз зытып бердік. Əлгі
шпион артымыздан қуып берді. Зытып келеміз. Артымызға қарай қарай
зытып келеміз. Қорқыныштан аяқтарымыз жүгірмей, шпионға болысып
келе жатыр.
- Мылтықты таста! – деп айқайлайды маған Тлеукеш.
- Өзің неге тастамайсың? – деп мен де намыстанып бағам.
- Маған керек ол!
- Маған керек жоқ па екен!?
- Ойбай анау келіп қалды! Таста, жүгіре алмай қаласың.
- Бірге тастайық!
- Ал, жарайды.
Мылтықтарымыз шпионға қалды. Қылмыскеріміз мəйкішең бізді қуып
келеді. Мылтық болса, кетті. Бірақ арқанды тастауға болмайды. Ол
Қалаңның арқаны. Оны тастап, Қалаңның қолынан өлгенше, шпионның
қолынан ерлікпен қаза тапқаным дұрыс емес пе?
- Таста арқанды!
- Қалаң өлтіреді!
- Өлтірмейді. Біздің үйдегі арқанды аласың!
- Сендердікі Қалаңдікіне ұқсамайды ғой!
- Түууу, сен де!
- Тасташы, айналайын. Өлтіреді анау, түрі жаман екен! – деп қояды менен
оқ бойы алда келе жатқан Тлеукеш.
- Тастамаймын! Ұстап алып, өлтірсін! Сен ауылға бар да елге хабарла!
Ертең журналистерге айтсын.
- Пəлесін қарай гөр өзінің! Жалғыз атақты болғың келеді екен ғой. Əкел
арқанның бір шетін!
Шпионның күші əйелді тұншықтырғанға кетіп қалған болуы керек, бір
кезде жұдырығымен ауаны ұрғылап, қалып қойды. Біз аяқтарымызды
сүйретіп, үйге əрең келдік. Ертесінде елге мақтанышпен айтып отырсақ,
бəрі ду-ду күледі. Бізді ешкім ерлік жасады деп отырған жоқ. Қызық. Содан
бері шпион ұстау кəсібінен Тлеукеш екеуміздің де көңіліміз қалды.
Тимур
Бір күні Тлеукеш үйге жүгіріп кіріп: «жүр біздің үйге бір төбелескіш бала
келді. Менен қаймығатын түрі жоқ. Ұрайын десем, туысқан. Қалған
балалар үркіп қапты, сен соны бір көрші» - деді. Төбелес десе тұратын мен
бе, жарайды деп атып шықтым. Тлеукештің үйінің есік алдында бір топ
өзіміздің балалар жиналып қапты. Ортасында қара торы шымыр біреу тұр.
Басына лента тағып апты. Үрпиісе барып, таныстым. Ол қолымды қатты
қысып тұрып, атын айтты:
- Тимур!
- Ақберен!
- Біз оны Акош дейміз! – деп мүридтерім шулап қоя берді.
- Төбелесе аласың ба? – деді Тимур.
- Канишня!
- Қан шыққанша ма, жан шыққанша ма?
- Жан!
- Кеттік.
- Кетсек, кеттік!
Тлеукештің қорасынын артына бардық. Менде ешқашан төбелестің
алдында басқалар айтатындай дірілдеу-қалтырау деген болмайды.
Қалаңның алдына бара жатқандай сабырлымын. Анау біртүрлі қобалжып
келе жатқан секілді. Балалар мен туралы аңызбен қорқытып тастаған болуы
керек. Тұрдық. Басталды. Жақсы төбелеседі екен. Тек бір кемшілігі көзін
жұмып ап, шабуылдай береді екен. Бір сəті келгенде артына шығып кетіп,
желке тұсынан Қалаңның кəнігі тəсілін қолдандым. Миы ауызына түсті ғой
деймін, «жан шықты, жан шықты!» - деп айқай салды. Уəдеде тұрамыз,
тоқтадық. Тимур Тлеукештердің алыс бір туысының баласы екен. Өздері
Рудный деген бір қалада тұрады. Жүріс тұрысы қалалық болғанмен, жүрген
жерде төбелесе беретін нағыз батыр екен.
Бір күні Тимур Құлақты жеңіп кетіпті деген əңгіме гу ете қалды. Құлақ
дегеніміз 7-8-гі Марат деген сотқар. Одан Тлеукеш те, мен де қорқамыз.
Менің маңдайымда тыртық бар. Ол Марат Құлақтың өмір бойы мені
ұмытпасын дегендей салып кеткен таңбасы. Қолына тиген затпен ұратын
бір қояншық өзі. Сол бір күні менімен төбелеспекші болды. Дұрыстап
төбелескеннің орнына жерден бір қиыршық тасты тауып ап, əй-шəй жоқ
тура маңдайыма бірақ қадасын кеп. Сосын əлгі жалғыз маңдайды
ауруханаға барып тіктіргеніміз есімде. Шешемнің қан қысымы екі күн
қатарынан көтеріліп, пəле болған.
Сол Құлақты бізден екі жас кіші Тимур соғып тастапты. Міне, ғажап.
Жүгіріп Тимурға барсам, мойынын əлгі Мұрат тістеп тастапты, одан
қайтып тұрған біздің жауынгер жоқ. Маңғаздана қарайды. Құлақты Тимур
астына екі бүктеп, тепкілеп тастапты. Біздің көшеде бүгін той. Себебі, ана
көшенің көсемі Марат Құлақ. Енді ол көшенің балалары бізге қарайтын
болды. Себебі, жеңімпаз біздің көшенің қонағы! Тлеукеш, Тимур жəне мен
өле өлгенше дос болуға серттестік. Ала жаздай ұмытылмайтын сəттерді
басымыздан кешірдік.
Тимур сабақ жақындағанда үйіне қайтатын болды. Шығарып салуға
Тлеукеш екеуміз Үржардың шетіндегі вокзалға бардық. Жанары мөлдіреп,
бізбен ұзақ қоштасты Тимур. Өзі бір өссе көрікті жігіт болайын деп тұрған
бала. Екі аптадан соң, Тлеукеш үйге жылап келді. Тимур жол апатынан
қайтыс бопты. Ағам қайтқан кезде бір жылағаным бар, Тимурдың қазасын
естіген мен есім қалмай еңіредім. Бала кездегі кіршіксіз достықты қию
қиынның қиыны екен. Əлі күнге дейін Тимурдың отты көздері мен əдемі
күлкісін, тапқыр сөздері мен жарасымды қалжыңын сағынамын. Бақұл бол,
періште досым, бақұл бол! Мен сені ешқашан ұмытпаймын!
|