Ақберен Елгезек Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет14/14
Дата07.01.2022
өлшемі325,43 Kb.
#20074
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
«Лашын»

(баллада)

Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,

Бедеу торы құлындады. Естідік.

Еш бəйгеге ат қоспайтын əулеттің

Көңілінен қоңырсамал есті үміт.

Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,

Өгей атам боратады бұйрықты.

«Құлыншаққа көзің тиер!» - деп, Маған

Дəл сол күні өлердейін шүйлікті.



Берсе ғой деп сол биенің құлынын,

Тезек терем, үзілгенше жұлыным.

Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,

Тумасам да баласы боп ұлының.

Сəби едім, келер күнге сенетін,

Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.

Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,

Қырсық шалдың немересі көп еді.

Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,

Бағып жатам жылқы келер қиырды.

Тау етегі – тобылғы еді қап-қалың,

Елестетер шұрқыраған үйірді.

Құштарланған қиялымның күшімен

Атқа мінем!..

Ол елес қой, түсінем.

Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,

Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.

Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,

Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп.

Арманымды біреу сезіп қоярдай,

Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.

Құлағы оның қалар сонда дір етіп.

Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп.

Кырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,

Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.

Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп,

Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.

Ондай кезде мəз болатын қырсық шал,

Сар сақалын иегінде билетіп.

Қозы бақтым.

Қой құрттадым ашынып,

Ала жаздай серік болды Лашыным.




Қарашада еркіндікке жібердім,

Қалмасын деп мен секілді басылып.

Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды.

Ал, қырсық шал «өй, əкеңнің!..» деп алды.

«Əкең..» деуі бер жағы ғой кəпірдің,

Лашын үшін талай рет сабалдым.

Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,

Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.

Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал

Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.

Мен де іштей «өй, əкеңнің!..» деп алдым.

Иə, солай... қоңыр төбел жоғалды.

Есесіне, қоңыр дəптер ішіне,

Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.

Бірте-бірте жырлар жаздым тəп-тəуір,

Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр...

Анда-санда азаптайды, еске алсам,

Жүрегімді, сол баяғы кекті ауыл.

Лашыным-ай!..

Үні келіп құлаққа,

Жаңғырық боп адасады жыраққа.

Ол Пегасқа айналды ғой мен үшін,

Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!

Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,

Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..

Өжет болып өскеніме өкінбен,

Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!...

Баллададан ұққаныңыздай, соғымға сатылып кеткен мен сүйікті атымды

Лашын деп атағам. Сол кезде теледидардан «Лашын» деген бір ақалтеке

жылқысы туралы кино көрсететін. Соған ұқсастырып қойған түрім ғой.

Лашын шынымен де Лашын еді. Екі құлағы қамыстай, қайшыланып

тұратын. Маңдайында кішкене ғана төбелі бар, күрең тайды мен қант беріп




үйретіп қойғам. Сосын тура кинодағыдай ысқырсам, маған қарай кісінеп

шауып келуші еді. Мен тұмсығынан құшарлана иіскеп, сүйетінмін.

Лашынның бойынан сондай керемет жұпар аңқушы еді ғой! Тəңір маған

сыйлаған сəйгүлікті, адамдардың ашкөздігі құртты...




Сағыныш

Сіз мені анасын сағынбайтын «жетім қозы - тасбауыр» деп ойлап отырсыз.

Дəл осы жерде оңбай қателестіңіз. Баласын сағынбайтын ана болғанмен,

анасын сағынбайтын бала болмайды. Өйткені, пендесінің кеудесіне Тəңір

өмірдің ұлы демін анасының жатырында үрлеп, тірілтеді. Тіршіліктің

лəззаты мен қиыншылығын сіз алғаш рет асыл анаңыздың алтын

құрсағында сезе бастайсыз. Сіз дүниеге келесіз. Алғашқы азығыңызды да

анаңыздың бойынан тататыз. Құрсақта басталған ана мен баланың

байланысы мəңгі үзілмейді. Ол көрінбейтін тылсым жіп секілді,

екеулеріңізді бір адам қылып байлап тастаған. Өкінішке орай тағдыр

тəлкегімен, сіз анаңызды ұмытуыңыз мүмкін, бірақ сіздің жаныңыз,

қайталап айтам сіз емес - жаныңыз, анаңыздың жанымен үнемі бірге

болады.

Мен анамнан ажырап, Шұбартауға кеткеннен күннен бастап, сол тылсым,

құдыретті байланысты жан-тəніммен, баланың тап-таза, тұп-тұнық

жүрегімен сезіп үлгіргем. Сізден несін жасырайын, түні бойы, сол бір ең

жақын адамымды сағынып, жастығымды түні бойы жасқа шылап

шығатынмын. Сағынышым күннен күнге үдеп, кейін менің бойымнан бір

секундтқа да ажырамаған ұлы рухани депрессияға алып келді. Мен анамды

сүйемін. Бірақ...Бірақ ол маған келмеді...

Əдеттегідей, қойдан кеш келіп, үйге кірдім. Босағада біздің үйдің емес,

басқа бөтен əйелдің аяқ-киім тұр. Əдемі топылай. Аппақ! Шетінде əдемі

гүлдің суреті бар. Біреу құлап, біреу тік тұрған қалпы əлі көз алдымнан

кетпейді. Тұмсығы үшкір, ортасы жуандау болатын.

Сағыныштан сарғайып жүрген санамда «Мама!» - деген сөз найзайғайдай

жарқ ете қалып, көз алдыма мейірімді шешемнің бейнесін əкеле қалды.

Ентіге үйге кірдім. Маған арқасын беріп, жеңгеммен шай ішіп бір əйел

адам отыр. Дене пошымы менің шешеме ұқсас, шашы қоңыр, бойы аласа.

Шешемді көрмегелі аттай үш жыл өтті. Сол! Келді! Сағынған екен ғой!

Шешемді жек көре бастаған өзімді кінəлап, мені іздемейтіні несі деп

кінəлап жүрген əй, мен де ақымақпын ғой деп қоям! Түсінікті емес пе деп

ойлап тұрмын, Қалаң жібермеген оны. Оның үстіне маған келетін қаражаты

да жоқ шығар. Бүгін келді ғой! Мен барлық өкпе-назымды ұмыттым. Мен

оған керекпін! Анам келді! Мен үшін!

- Урррəəə, мамам келді! – деп əлгі шай ішіп отырған кісіні құшақтай



кеттім.

- Бісмілла, ойбай, мынасы кім! Жібер, ойбай! – деп шешем басқа біреу деп

ойлап қалған болуы керек, менің қолымды қайырып жатыр. Мен осындай

күшті, үлкен боп өсіп кеткенімді білмейді ғой, қазір көргенде қуанады деп,

қуаныштан жұмылған көзімді ашпай, еркелеп тұрмын.

- Əй, Ғалия, мына қайының жынды неме ғой!

- Ақош, жібер, ойбай, ұят болады. Басыңнан күн өткеннен сау ма? – деп

жеңгем маған айқай салды.

Мен осы кезде ғана көзімді аштым. Жүрегім дір етіп, тоқтап қалды.

Бірнеше секундтқа. Сөйтсем, əлгі əйел менің шешем емес, көрші ауылда

тұратын біздің құдағиымыз. Кіретін тесік табылсайшы, осындайда! Сүріне-

қабына сыртқа атып шығып кетіп, біздің қораның артынан басталатын ұлы

даланы басыма көтеріп, еңіреп қаша жөнелдім. Қорада жүрген атамның:

«Əй, шешек атқыр, не боп қалды-ей!» - деген сөзі құлағыма жетті. Оған да

қарағам жоқ. Адамдардан, мына ауылдан, жеңгемнен, ана сары қарын

құдағимыздан, өмірден, өзімнен, бəрінен безіп ақырып жылап келем.

Қанша қорлық көрсем де, қайтпай, қайсарланып тұрушы едім. Бұл менің

адам құсап алғашқы шер тарқатып жылаған күнім еді. Мен он алты

жастағы ат жалын тартып мінетін жігітпін. Ұялғам жоқ. Өйткені

жыламасам жүрегімнен ұят. Қайда барғаным, не істегенім есімде жоқ,

таңертең атам мені əкемнің моласынан тауып алыпты...Зираттың есігін

ашпастан, бейітке сүйеніп ұйықтап қаппын.

Осы оқиғадан кейін, мен анамды күтуді доғардым. Ал, жүрегім сағынуды

қоя алмады.

Кейін ержетіп, шешеме жолыққан кезімде, ол маған ай сайын хат жазып

тұрғандығын айтты. Бірақ мен ол сөзге сенгем жоқ. Сенгім де келмеді.

Себебі, мен балалық шағымды ұмытқым келген.



Қияли

Менің ең жақсы көретін ісім – жаздыкүнгі жаңбырдың астына жүру. Одан

қалды қыста жапалақтап жауып тұрған қарға сағаттап қарап тұру еді. Осы

кезде маған аппақ қар ғарыштан жауып жатқан күміс жұлдыз болып

елестейтін. Ал, мен ғарышқа жарықтың жылдамдығымен ұшып бара

жатамын. Жаңбырда да дəл сондай күй кешуші ем. Мен көңілді бала болып

өскем жоқ, ішімдегі алапат мұңның тұтқынында жүретінмін. Елдің бəрі

мені түсінбейтін. Мен керісінше оларды...

Менің ауылдағы лақап атым – қияли. Иə, менің қиялымдағы дүние - бөлек

дүние. Ол дүниеде бəрі бар. Жердегі іске аспайтын шаруа, ол əлемде оп-

оңай іске асады. Ол əлем маған өмір сүруге кедергі келтіретін. Алайда, ол

əлем – менің əлемім. Түстің өзін ел көргендей емес, өзімше көретінмін.

Қазір де өзгеріп тұрғаным шамалы.

Мен өлең жазатын болдым. Қоңыр дəптердің ішіне. Бір күні мен бір

шатпақ-шумақ өлеңсымағымды Алматыдағы «Ұлан» балалар газетіне

жібердім. Екі айдан соң ауылға редакциядан хат келді. Қолыма алғанымда,

анамнан хат алғандай қуанғанымды көрсеңіз! Ашсам, ішінде қып-қысқа

мəтін тұр.

«Айналайын, Ақберен!

Сенің өлеңдерінде сезім бар екен. Қиялың үлкен адамдардың қиялындай.

Алайда, техникасы ақсап тұрғандықтан, біз сенің жіберген өлеңдерінді баса

алмайтындығымызды хабарлаймыз. Өзіңді-өзің қамшылай түс, болашақта

үлкен ақын болуыңа тілектеспіз.

Сұлтан Қалиев».

Көңілім су секпендей басылды. Мен өзіме серт бердім. Сұлтан ағама

дəлелдеуге емес, қазақ поэзиясын биік деңгейге шығаруға ант іштім.

Міне, сол кеудені кернеген сезіммен мен он жеті жасымда Алматыға

баратын автотрассада тұрмын. Əнеу, əне, Баршатас жақтан мені

Шұбартауға əкелген сары пазик келе жатыр. Мен қазір соған мініп,

Алматыны бағындыруға аттанам!



Document Outline

  • Болмаған балалық шақ
  • КІРІСПЕ ОРНЫНА
  • Бірінші бөлім
    • Үржардағы сары үрпек
    • Қалаң
    • Мектебің мынау, класың...
    • Қалаңның қанжары
    • Жылқыауылдағы төбелес
    • Тлеукеш
    • Тимур
    • Лениннің неменесі
    • Пионер
    • Пантомима
  • Екінші бөлім
    • Атамекенге оралу
    • Орынғалидің балалары
    • Орынғалидің бауырлары
    • Көшедегі майдан
    • Менің жеңгелерім
    • Қойшы бала
    • Лашын
    • Сағыныш
    • Қияли


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет