Қалаңның қанжары
Қалаң жарықтық, арақты шелектеп ішетін ауыл сабаздарының бірі еді.
Кейін кезде ол қылығын жиілетіп жіберді. Дəу адамның мас болғаны тіпті
үрейлі болады. Екі көзі алақтап, сүріне-қабына құлағанда, ауызынан сасық
иіспен қоса, боқтықтың тамаша үлгілері көрші тұратын тəмам жұртқа
жайылып жатушы еді. Бірақ мен оның шешемді сабағанын көрген емеспін.
Өтірік айтудың қажеті жоқ. Есесіне, менің басыма əңгір таяқты əбден
ойнатушы еді.
Қыс кезі. Құдай атқан бір түні, Қалаң араққа сылқия тойып кеп, ауыз үйге
кір-міре құлады. Шешем мен қара кемпір хал үстінде жатқан нағашы
апамның үйіне кеткен. Үйде жалғыз қалған менде ес жоқ. Тұрғызайын
десем, басыма пəле тілеп алам. Тұрғызбайын десем, тағы болмайды.
Сілейіп қарап тұрмын. Бір кезде, тірі екен, қозғала бастады. Тұрды.
Ешнəрсені көрмей тұрған көкшіл көздеріне менің бала сұлбам ұшырасты.
Кенет маған тақап келді де, құшақтап еңіремесі бар ма?! Менің де көңілім
босап, жылай кеттім. Мынаған бірдеңе көрінген шығар, тəубесіне келіпті
ғой, сорлы Қаланым деп қоям ішімнен. Бір кезде «сен оңбағанды асырап
жүрген мен де ми жоқ қой, ми жоқ!» - деп қазандай басын қабырғаға
дүрсілдетіп ұра бастады. Зəрем зəр түбіне кетті. Бір пəлекеттің
басталатынын ішім сезіп тұр. Қазір ұра бастайды. Жоқ. Мені қолымнан
жетектеп залға əкелді де, орындыққа отырғызды. Сосын бетіме ұзақ тесіліп
қарап отырды. Одан да ұрғаны жақсы екен. Шүңірейген көк көзі өнменімен
өтіп бара жатыр. Сосын жақындап келді де, белінен белбеуін шешіп,
қолдарымды орындықтың арқасына байлай бастады. Кімнің өлгісі келеді
дейсің, мен дереу айқайға бастым. Жап, ауызыңды иттің күшігі! – деп
дүрсе қоя берді Қалаң. Мен біткен жерім осы ғой деп, иманымды үйіре
бастадым.
Қалаң қиқалаңдап барып, қабырғадағы серванттың есігін ашты. Бірдемені
іздеп жатыр. Бір кезде іздегені табылды. Жақында Қалаң Алматыға барып
келген. Сол кезде қарақшы пышаққа əуес демекші, мал соятын бірнеше
сояудай-сояудай қанжарлар алып келген еді. Соның біреуін алып шықты.
Бітті шаруам. Құдды бір кинодағыдай есінен ауысқан Қалаң маған дəріс
оқи бастады.
- Ей, жетімек! Мен мына пышақты не үшін сатып алды деп ойлайсың!?
- Мал сою үшін, ағатай!
- Жоқ, мен сені сою үшін алғам мұны! Хахахахахаха!
- Аға, қойыңызшы!
- Қазір бəлем, көрсетем саған!
Жас кезінде Қалаңды бір бойжеткенге үйлендірген екен. Əлгі байқұс əйелін
бұл нақұрыс байлап тастап, бауыздамақ болғанда жұрт улап-шулап əрең
айырып алыпты деген əңгімені талай естіген едім. Сонысы рас боп
шығайын деп тұр. Бірақ мені құтқаратын тірі жан жоқ қой.
Мен енді құтылудың амалдарын қарастыра бастадым. Қолымды байлаған
белдік босап үлгірген. Егер жақындап келіп, ұстаса амал жоқ. Қашсам,
қазір кету керек. Артымда терезе. Қолымды босатып алғанымды байқап
тұрған Қалаң жоқ. Мас. Бөлменің бас жағында креслода пышағын
жалаңдатып, мені боқтап, сөйлеп отыр. Жан тəтті, қолымды босатып ап,
атып тұрдым. Қалаң да тура ұмтылды. Орындықты көтере-мөтере басынан
салып қалдым. Гүрс етіп, Қалаң бар денесімен еденге құлады. Бірдеме деп
міңгірлеп, ұйықтап қалды. Мен есім шыққаны соншалық, есікке қарай
жүгіргеннің орнына терезеде бір-ақ қарғыдым. Далада қыс. Үстімде іш
киімнен басқа лыпа жоқ. Тұрсынғазының үйіне беттедім. Қақпасын
тарсылдатып соққылап жатырмын. Үй жаққа қарап, Қалаң көрінбей ме деп
қарап қоям. Бір кезде даланың шамы жағылды. Көретін жарығым бар екен.
Нағашы апам хал үстінде жатқанда мені шақыртыпты. Таңертең безілдеп
отырып, нағашы ағамның үйіне бардым. Апам байқұс айналып-толғанып
жатыр. Шешемді шақыртып ап: мына балаға ешкімнің қолын тигізуші
болма деп қадап-қадап айтты. Сосын бір қорқынышты қорылға басқаны
есімде.
Апамның жетісін өткізіп, шешем екеуміз үйге қайттық. Қалаң
жылыұшырай қарсы алды мені. Басымнан сипап, мұрнымнан шымшып
қояды. Онысы түсінікті. Ешкім білмесін дегені. Кімге айтам? Шешем
болса, жүрегі ауырады, туысқанға айтсам, төбелес болады. Тағы мені мерт
қылуы мүмкін. Əлгі жағдай Қалаң үшін ұмытылғанмен, менің жүрегімде
тікен болып мəңгілікке қадалып қалды.
Бұл оқиғадан кейін мен ешнəрседен қорықпайтын болдым. Тіпті алдымнан
пышақ алып жүгірсе де, өліспей беріспейтінім ақиқат. Көшедегі балалар
мені көпті көрген ардагер ретінде көреді. Қалаң қанша жасырғанымен, кіп-
кішкентай көше, елдің бəрі оның мені ұрып-соғатынын біледі. Маған
солардың білгені жақсы. Тым құрығанда балалары аяғын тартып жүреді.
Көшеге шыққанда сіз мына жолдарды жазып отырған пақырыңыздың
кеудесін көрсеңіз! Дөңгеленіп жүретін ғой! Мен қақпадан шыға салысымен
балалар жүгіріп кеп, маған амандасады. Паңданып тұрып, Тлеукештен
басқасын тіліммен түйреп-түйреп мазақтап өтем. Оған толық құқым бар.
Екінші атаманмын. Көшедегі жүгірмектердің бəрін бір шыбықпен үйіріп
алғанымды Қалаң біледі. Кейде көшеге шығып, шылымын шегіп отырып:
«Əй, қайсың балаңды менің сары сапалағыммен шығарасың?» - деп
көршілеріне одыраңдап қоятыны бар. Ондайда көрші қатындар «Есуас
неме! Біреудің жетім баласын төбелестіргіш қораз қылмақшы ма, жынды!»
- деп тоңқылдай бастайтын. Оған Қалаң шімірікпей, өте бір жағымсыз
түрде қарқылдайтын.
|