Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
211
ӘН ҚАНАТЫНДАҒЫ АҒА БЕЙНЕСІ
Мусиров Ғалым
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе мемлекеттік университетінің
экономика факультеті
«Қаржы және банк ісі»
кафедрасының аға оқытушысы,
экономика ғылымдарының кандитаты
Құрманбеков Беркін ағамен алғашқы кездесуім 2000 жылдың қаңтар айында болатын.
Қысқы сессия кезі болатын, Беркін аға біздің, экономика факультетіне тарих пәні бойынша
бірінші курстан соң өткізілетін мемлекеттік емтиханның төрағасы болып келген. Деканның
көмекшісі ретіндегі міндеттерімнің бірі мемлекеттік емтиханға студенттердің толық
қатысуын қамтамасыз ету болатын. Ол кісінің пәнге қатысты білікті маман ретінде
студенттерге қояр талабының өте жоғары, төрағалық ұйымдастырушылық қабілеті мен
тәжірибесінің мол екендігін факультет деканы екеуінің арасындағы әңгімесінен ұққандай
болдым. Бізді алғашқы таныстырған да факультеттің сол кездегі басшысы, профессор
Жақсылық Нұреддинұлы Тасмамбетов еді. Таныстықтан соң әңгімелесе отырып, бір-екі
сауал-сұрағымен серігінің келбетіне байыппен барлай қарайтын, сол арқылы адамның ішкі
дүние сарайында не болып жатқанын аңғара алатын мінезін танығандай болдым, содан
шындығы керек, қысылғаным соншалықты, тарихшы болмасам да, ол кісінің алдында өзім
мемлекеттік емтихан тапсыратындай қиналдым. Ағаның қасындағының мысын баса алатын
қасиеттен де құр алақан еместігін сезгендеймін. Ресми таныстық осылай басталған еді. Ол
кезде аға маған қатал адамдай болып көрінді. Ал, енді, мемлекеттік емтиханға келер болсақ,
әрине оның «сәтті өткені» сондай, отыздан аса бала мемлекеттік сынақтан өтпей
қалды.Ойым дәлелденгендей болды...
Емтиханның мұндай нәтижесі факультеттің беделі үшін екі түрлі жағдайда әсер етті
десек болады. Біріншіден, «оқуды қызыл дипломмен бітіремін» деп ентіккен, сондықтан
кілең өте жақсы баға алуды, тіпті, жасыратыны жоқ, ата-аналарының немесе беделді
туысқандарының салмақ салуы арқылы баға алуды әдетке айналдырған, бірақ сапасы жоқ
білімге дағдыланған «дөкейлердің» балаларына қойылған тосқауыл болса, екінші жағынан
факультет үшін үлгерім сапасының төмендеп кетуі болатын. Дегенмен, факультет көрсеткіші
үшін ауыр болса да, ортақ келісімді негізге ала отырып, алдыңғы нұсқаны қалдырдық. Беркін
ағаның сол жолы қаншалықты қатал болғанымен, соншалықты істі қарапайым әрі әділ
тұрғыдан шеше алатын қабілетін, арзан беделден гөрі жауапкершілікті жоғары бағалайтын
мінезін көрдік. «Өз халқының тарихын білмейтін, саған қызыл дипломның не керегі бар,
айналайын» деп ауыр да болса шындықты бетке айтар жан екеніне көзіміз жетті. Алғашқы
таныстықтан кейінгі аға бейнесі маған осылайша көз алдымызда қалып еді. Одан кейінгі
өмірде, университет қабырғасында күнделікті сәлем түзулігімен, көрісіп қалғанда ағалы-інілі
қарым қатынаста жүрдік десек болады.
Беркін ағамен жақынырақ танысуыма арқау болған – оның Ойыл жәрмеңкесі жайында
жазған кітабының презентациясы болатын. Осы жолы ағаның асыл жары Сәуле апамызбен
де таныстым. Алдыңғы қатарда қатар отырған екенбіз, кітап жайлы жылы сөздерін арнаған
жандардың ыстық лебізін тыңдай отырып, арасында ол кісінің арқа өңірінен екенін білдім,
сөйтіп Сәуле апайыма іні болып шыға келдім. Кезегі келгенде, ағаның жаңа туындысы
туралы, әсіресе Ұлы Жібек жолына арқау болған тауар-ақша, сауда қатынастарына
байланысты тұстарына, оның экономиканы дамытудағы рөліне қатысты пікір айту
мүмкіндігі туды, соңынан арқаның әні тарту ретінде жолданды. Міне, осы тұста, Беркін
ағаның шығармашылық қабілетімен қатар жалпы әнге деген сүйіспеншілігі, әсіресе арқа
әндеріне деген ерекше ықыласы қайран қалдырды. Әнді тыңдай білудің өзі де өнер екенін
екінің бірі жақсы біледі. Бірақ әнді тек тыңдап қана қоймай, әр әннің сырына үңілу,
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
212
орындалу мәнеріне сай оның үнін сезіне білу, сол арқылы сезімге бөлену екінің бірінің
қолынан келе бермейтіні анық. Бұлай дейтін себебім, аға сол жолы жалпы қазақ халқының
небір әсем әндерінің құдіреті жайлы аса бір тебіреніспен толғап, шабытпен бағалай отырып,
менің орындаушылық өнеріме рахмет-алғысын жеткізген еді. Сөйтіп, ағаның композиторлық
қабілеттен де кенде еместігін кейін біліппін ғой. Ол жәйітті еске түсіру мен үшін
қаншалықты ауыр болса да, Беркін аға мен Сәуле апаның рухтарының разылығы үшін
айтпай кетуге тағы болмайтын секілді. Иманы жолдас болып, топырақтары торқа болсын
қос-бірдей асыл жандардың!
Ол күн сайлауға қатысты күндердің бірі болатын. Беркін ағаның сайлау учаскесі 22
мектепте орналасқан. Кешкісін мектеп алдында кездестік. Әңгіме арқауы Сәуле апаға
ауысқан шақта, «інім, жақында апаңның өмірден өтсе де, туған күні келе жатыр еді. Соған
арнап өзінің қызмет жасаған мектебінде еске алу отырысын ұйымдастырып жатырмын, келіп
апаңның жақсы көретін, арқаның бір әнін орындап берсең қайтеді және апаңа арнап
шығарған бір әнім бар, соны да тыңдап көрерсің...» деді. Ағаның жасқа толы жанарын
көргенде, менің «қатал адам секілді» деген алғашқы танысқандағы ол кісі туралы ойымнан
із де қалмады, сыңарынан айрылған аққу көз алдыма келді. Қайтейін, «аға, жүрекке салмақ
сала бермеңіз,бәрі де Алланың қалауымен болатын іс, өзіңіз айтпақшы, өмір мәңгі көктем
емес қой» деп, өзімше жұбату айтқандай болып жатырмын, сол мезетте ағаның аса
сезімталдығын, жүрегінің нәзіктігін, сүйікті жарға деген адал сүйіспеншілігі мен көңіл
тазалығын, сезім мөлдірлігін жанарынан, ауыр күрсінуінен аңғару қиын емес еді. Өзінің де
санаулы ғұмыры қалғанын қайран аға сол уақытта сезді ме екен... Бұл бір Аллаға ғана тән
нәрсе ғой. Алланың құдіретімен жаратылған адам, бұл өмірде ұзақ сапарға шыққан жолаушы
дейді. Ақырет күні пенде өзінің мәңгі мекеніне оралады екен. «Қарап тұрсам бұл дүние
шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен» деген сөз осыдан қалса керек. Аға туралы «бұл
өмірлік сапардан оралып, мәңгі мекеніндегі асыл жарына ендігі қосылған шығарсын» деген
ойлар келеді кейде. Мына өмірде екеуі қаншалықты бақытты болса, ана ғұмырда да рухтары
разы болғай деп тілеймін! Артында қалған ұрпақтарына, тума-туғандарына Алланың
рақымы жаусын, әркақтары бала-шағасын жебей жүрсін!
Сол жолы Сәуле апаға арналған ән тыңдалды. Ән әуені басталған сәттен-ақ бойды
шымырлатып мұңды сазы тыңдаушы көңілін еріксіз баурады. Зарлы қоңыр қобыз үні
сыңарын іздеген қоңыр қаздай аспанға қалықтайды, жоғалтқанын іздейді, сағынышын
сарқады, таппайынша тыныштанғысы келмейді. Ән сарыны осыны аңғартқандай. Неткен
ғажап үндестік, ән әсерінен алған сезімді, жай-күйді жеткізу мүмкін емес. Ағаның өмірдегі
ғашық жарға деген адал махаббаты мен сүйіспеншілік сезімін, оны жоғалтқандағы
сағынышы мен мұңын айтып тұр бұл ән. Бұл ән жүрегімізде мәңгі жасайды, ән өлмейді,
демек әнмен бірге аға да өмір сүреді. Өзі өмірден өтсе де соңында осындай мәңгі өшпес әні
қалды. Біздің жадымызда қалғаны – ән қанатындағы ағаның жарқын бейнесі. Ән мәңгі
мекендеріңіздің әлдиі болсын!
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
213
ЖҮЗІ ЖАРҚЫН АЗАМАТ ТУРАЛЫ ОЙ – ТОЛҒАУ
Ахметов Көшкінбай
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
мемлекеттік университетінің
«Экономика және менеджмент»
кафедрасының аға оқытушысы,
экономика магистрі
«Құда мен құданы құдай қосады, дос пен досты пайғамбар қосады»- деген қанатты
ұғымның тереңіне бойлап, төркініне көз жүгіртер болсам, өмір өзегіне бойлап достарым еске
еріксіз түседі. Дос дегеннің өзі тарам-тарам бөлініп жік-жік болып жіктеледі екен. Мысалы,
мектепте бірге оқыған класстас достар, балалық шақта, тал шыбықтарын ат қылып мініп, еш
бір алаңсыз, мәз-майрам болып ойнап жүрген, уақыт деген шіркін мүлдем таусылуды
білмейтін, балалық шақтағы достар. Ер жетіп, қыздарға қырындай бастаған шақтағы, яғни,
бозбала кездегі достар. Білім нәрін сусындап, ғылым қуып жүрген шақтағы курстас достар.
Жігіттік шақтағы достар, жігіт ағасы кезіндегі достар болады екен.
Менің де өмірде шыққан белестерім, алған асуларым болды. Сонау балалық шағымнан
бастап жанымда әрбір кездің қызығын бірге көрген жақын достарым болды. Айтайын
дегенім, әр достың өзінің досының өміріңде ойып алып мұқалмас із қалдыратын орны
болады екен. Менің өмірімде орын алып жүрегіме ұялаған ізін қалдырған досымның біреуі
Беркін Құрманбеков болатын. Өзімнің өмір жолымды ой елегіне салып елеп-екшер болсам
доспен досты пайғамбар қосады деген сөздің мағынасына терең бойлап кетемін. Себебі,
ойлап қарасам Беркін екеуміз еңбек жолымызды мыңғыраған мал өсірген, алтын дәнді астық
алқаптарын егіп облысымыздың, республикамыздың экономикалық дамуына ерен еңбегімен
елеулі үлесін қосып жүрген, Молдағұлова Әлия апамыздай екінші дүние жүзілік соғыста
қайтпас қайсарлық көрсетіп ерлік жасаған, отан үшін, ел үшін, ұрпағының болашағы үшін,
жанын шүберекке түйіп, ерлік көрсетіп төстеріне даңқ ордендерін, алтын жұлдыз белгілерін
таққан батыр аға-аталарымыздай перзент берген, Қобда өңірінде бастаған екенбіз. Бұл сонау
1970-ші жылдардың басында болатын. Бірақ тағдырдың жазмышы солай болған болу керек
біз Беркін екеуміз 1998 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік Университетінде
қызметте жүргенде танысып араласа бастадық. Ол кезде екеуміз де оңды-солымызды
таныған, үйлі-баранды, балалы-шағалы болған «жігіт ағасы» жасында болатынбыз.
Бірде, әдеттегідей, «танаудың шаруасын» тыңдармақ оймен, далаға шықтым. Есік
алдында шылымдарының түтіндерін будақтатып ауыт-ауыт сорып қойып, екі-үш жігіт
шүйіркелесіп әңгіме айтып тұр екен.
«Кемедегінің жаны бір» дегендей мен де, іле шала қалтамнан шылымымды суырып
алып, түтінді бір будақтатып жіберіп, жігіттердің қызу әңгімесіне араласып кеттім.
Әңгіменің төркіні де, тізгіні де Беркінде. Танысып, аты-жөнімізді сұрасып алдық. Бір кезде
Беркін маған – жалпы бет-бейнеңе қарасам жас шамамыз қарайлас сияқты Көшеке, сен өзің
қай жылы туылғансың – деп тосыннан сұрақ қойып қалды.
Әкемнің берген тәрбиесінен болар, менің мінезім ешкімнің ала жібін аттамауға, қара
қылды қақ жарып шындықты айтуға бейімделген болатын. 1952 жылғымын, ал құжат
бойынша 01.01.1953 деп, мен де дүңк еткіздім. Сонда Беркін ту-у-у бала екенсің ғой – деп,
қойып қалмасы барма.
-
Сонда сен өзің қай жылғысың- деп, мен де жабысып қалмадым.
-
Ол 01.01.1952 деп ерінбей, жанқалтасынан төлқұжатын алып маған ұсынды да, енді
туған айыңды да білуге болатын болармыз деді.
-
Әрине болады желтоқсан айы – дедім
-
Көшеке тура сөйлейтін жігіт екенсің – деді де, қасында тұрған Бақтығалиға бұрылып
қарап бір жымиып алды.
Менде қалыспай, Бәке онда тұрған не бар. Бар болғаны туған жылым мен айымды
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
214
айттым емес пе? – деп салдым.
-
Иә, Көшеке, гәп осында болып тұр. Мына қасымызда екі иығынан демін алып,
танауын түтінге будақтатып тұрған Бақтығали құрдасың өткенде маған өзін өзгеше
таныстырған болатын.
-
Онысы қалай?-дедім.
Әңгімеге енді Бақтығали араласып кетті.
-
Өткенде осылайша әңгіме дүкен құрып тұрғанымызда осы Бәкең қай жылғысың
демесі бар ма? 1952 жылғымын дегенімде ол айы қайсы, айын айтшы деп қоймады. Ішімнен
қаңтар дей салайын деп шештім де – қаңтар дедім.
-
Мынау өзі шатақ болды ғой, ендеше күнін айт, деді Беркін. Мен сәл ойланып алдым
да (өзім философпын ғой) 3-і деп қойып қалдым ((негізінен менің туған күнім 3 қараша).
Сонда Беркін, тап қазір саған айтқандай, ту-у-у бала екенсің ғой деп маған, жаңағы саған
ұсынғаны сияқты төлқұжатын қолыма ұстата салды. Қарасам 01.01.1952ж.екен. Міне,
осылайша, тап жаңағы сен сияқты мен де Беркіннің алдында бала болып шыға келдім – деп
бір демін алды.
Беркін әңгіме құруға өте шебер екен, әңгіме желісін көріктеп үрлеп қояды. Осылай,
қызды-қызды қызық әңгімеге алаңдап тұрғанымызда қасымызға Ахмет пен Аманжанның да
келіп қосылғандарын байқамай қалыппыз.
Мәссаған, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресін» -деген осы емес пе?
Алты жігіт, 1952 жылдың төлдері жиналып қалғанымызды байқамай қалыппыз.
Қызды-қыздымен әңгіменің тізгінін уысынан ұстап алған Беркін мәселені төтесінен
қойып 1952ж. төлдері жиналып қалған екенбіз ұйым құрайық. Ұйымның аты 1952ж.төлдері
болсын. Орталарыңдағы үлкені мен екенмін. Мен өзім осы ұйымның президенті боламын.
Өзге пікірлер бар ма? Болмаса ұйымның алғашқы отырысы осымен аяқталды.
-
Бәке,Бәке сәл кідіре тұрыңыз. Ұйымның үлкенін сайладық. Оған еш бір дауымыз жоқ.
Ұйым болғаннан кейін оның кішісі кім екенін, яғни шаңырақты анықтап алайық – дедім.
-
Так, Төретай – қыркүйек, Аманжан – қазан, Бақтығали – қараша, Көшкінбай мен
Ахмет – желтоқсан, - десек, соңғы екеуінің біреуі шаңырақ болуы керек – деді Беркін.
-
Ахмет туылған күніңді айт,-дегенде Ахмет мүдірместен 22-сі дей салды. Мәссаған,
мен де 22-сі сонда қалай болғаны?
-
Ахмет ойланбастан таңғы 7:00 деп – сарт еткізді.
Мен не десем екен? Әй, жігіттер, мен туған бойда туыстарым сағат сыйламапты,
сондықтан қай сағатта туылдың деген сұраққа менің дайын жауабым жоқ. Анамның көзі
тірісінде сұрап алғаным жөн болар, демалыста анама барып сұрап алармын, ал әзірше
араларыңдағы жасы да, бойы да кіші мен екенмін. Мен-ақ шаңырақ болайын. Бірақ, осы
тұрған барлығың шаңырақты сыйлауға, оған келіп сәлем беріп тұруға дайын болыңыз –
дедім.
-
Өте орынды, қарсылық жоқ жігіттер, үлкен үзіліс қазір аяқталады бәріміздің де
сабағымыз бар, кеттік – деп, Беркін өзінің кафедрасына қарай бет алды.
Міне, Беркінмен алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Күні кеше ғана болып
көрінгенімен 14 жыл үзеңгілес болыппыз.
«Жігіт ағасы» жасының түсі ауып, енді-енді «қарасақал» жасына аттағалы тұрған
шағыңда жолыққан дос өте ыстық болып, өзінің досының жүрегінде өшпес із қалдырады
екен.
Беркін досымыз табиғатынан өзі бір мың болғыр, біреуге жақсылық жасап алғысын
алуға ұмтылып тұратын кішіпейіл, жігіт болатын. Жазық маңдайы, дене бітімі, жақсылық
ұялағандай адамдарды іш тартып тұратын. Құдай қосқан қосағы Сәуле екеуі егіз қозыдай еді
– деп те, айтуға болатын болар, әйтеуір домбыраның қос шегіндей, Құдай өзі мәңгі қосқан
бір бүтін болатын. Екеуі де адамгершілігі мол, ұйымдастыру қабілеті дамыған,
бауырмалдығы кеуделерінде ерте оянған, кеңінен етек жайған абзал жандар еді.
Құдайға да жақсы адам керек деп алдымен Сәуле құрдасымыз дүниеден озды, іле
шала сыңарынан айрылған тотыдай Беркін де Сәулесін аңсап күн санап сола бастады.
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
215
Жазмыштан озмыш жоқ дейді, атам қазақ. Дәм-тұзы таусылған болар бәлкім, Беркін
досымыз да Сәулесін іздеп бақилыққа аттанды. Топырағы торқа, қараңғы көрі жарық
болсын, соңынан ерген жапырақтарын желеп-жебеп жатсын.
Беркін досымның бауырларына, ағайын-тумасына, нағашы жиендеріне, құда-
жекжаттарына, дос-жараңдарына және қыздарыма ерекше түрде тілер тілегім:
Бір Алла сізді қолдасын
Еш жамандық болмасын.
Бастарыңа бірлік орнасын
Періштелер сізді қорғасын
Бақ қонсын,береке болсын
Қастарыңда достарың болсын.
Жылан жылы-жылы жыл
Дастархандарыңа несібе толсын
Керегелерің кеңейіп,орта толсын
Еңбектерің табысты, жемісті болсын
Оны бағалайтын әкімдерің әділ болсын
Кеткендерің келсін,
Кемтіктерің толсын
Айтқаным болсын!
Игі тілекпен, Көшкінбай Ахметов
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
216
ЕҢБЕК ПЕН ӨМІРДЕ ТӘЛІМГЕР – ҰСТАЗЫМ ЕДІ
Алиева Жадыра.
№ 19-мектептің география
пәнінің мұғалімі.
Айна-Ақтөбе 21-22 (73-74)
Қараша 2011жыл.
Мен ұстаздар арасында аса беделді «Айна - Ақтөбе» газеті арқылы Қазақстан
Республикасы білім беру ісінің үздігі, асыл жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз Сәуле
Советқызы Құрманбекова туралы өз ойымды оқырман қауыммен бөліскім келеді.
Сәуле Советқызымен мен бірінші рет 1998 жылы желтоқсан айында Ақтөбе
қаласындағы № 30 орта мектепте география пәнінің мұғалімі болып қабылданған кезде
таныстым.
Мұғалімдер бөлмесінде бірнеше әріптестерім отыр екен. Ол кісілермен танысып,
амандасып болғаннан кейін, Сәуле Советқызының қасына отырдым. Сабақ басталуына әлі
бір сағаттай уақыт бар болатын. «Жақсы адам сөйлескенше» дегендей, Сәуле Советқызын
бұрыннан білетіндей, екеуміз бір-бірімізге жылышұрай әңгімелесіп кеттік.
Қызығы, екеумізде «Тұрғындар қалашығынан», мектепке бір автобуспен қатынайды
екенбіз. Ол ол ма, сұрастыра келе, екеуміз де орта жүз – Арғынның қыздары болып шығып,
апам сол сәтте «Менің бауырым екенсің ғой» дегені күн бүгінге дейін көз алдымда.
«Жақсыда жаттық жоқ» деген осы болар, арасы жарты сағатқа жетпей бауырымды
тапқанымды қарашы», -деп ажарлы жүзі нұрланып шыға келді. Сөйтіп, Сәуле Советқызы
екеуміз бір мектепте жұмыс жасап, қызметтес-әріптеске айналдық.
Бұл уақыт Сәуле Советқызының жұбайы Беркін Жолмырзаұлының Алматы қаласында
«тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертация
қорғап жатқан кезі еді. Сәуле Советқызы осы кезде отбасының барлық тұрмыстық
мәселелерімен тікелей өзі айналысып, жұбайының ғылыммен айналысуына толық жағдай
жасаған болатын. Көп ұзамай Сәуле Советқызының үй-ішімен де таныстым. Жүзіктің
көзінен өткендей әдемі балаларымды (жиендерімді) көріп, мәз болдым. Олар да мені тура
өздерінің үлкен апаларындай көріп, бауырмалдық танытты. Осы сәттен бастап мен Сәуле
Советқызының балаларына мінсіз тәлім-тәрбие бере білгенін байқадым.
Сәуле Советқызының жақсы жар, аяулы ана ғана емес, ибалы келін екені байқалып
тұратын, ол өзінің енесін шын көңілімен мама дейді екен. Бұдан мен ене мен келіннің өзара
сыйластығын, Сәуле Советқызының көңілінің кеңдігі мен жанұя жарастығын сезіндім.
Сөйтіп, екі үй араласып кеттік. Біздің екі қызымызды, әсіресе кішісі Жамиланы Сәуле
Советқызы аналық ақ жүрекпен жақсы көріп, біздің кенже баламыздың әрбір сөзіне,
қылығына мәз болып рахаттана күліп, оны қатты еркелететін.
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, шынайы педагог Сәуле Советқызы
мектепте оқытушылармен, әсіресе жас мұғалімдермен, өзінің көп жылдық ұстаздық мол
тәжірибесімен бөлісетін, әріптестеріне үнемі көмектесуге әзір тұратын. Қала мектептерінде
өтетін пән апталықтары, үздік мұғалімдердің тәжірибе алмасу семинарларында,
әріптестеріне жаңа сабақ үлгілерін көрсетіп, үнемі өте құнды ақыл – кеңестер беретін.
Өнегелі ұстаз тек жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, жанындағы жас мұғалімдерге
де үнемі жағымды ақыл-кеңесімен, тұрмыстық өмір тәжірибесімен бөлісе білетін жайсаң жан
еді.
Әлі есімде 1999-2000 оқу жылында профессор М.М.Жанпейісованың модульдік оқыту
технологиясын бүкіл мектеп болып қабылдадық. Жазғы демалысқа кетерде сол технология
бойынша барлық пәндерден I тоқсан бойынша бағдарлама тапсыру жүктелді. Бұрындары бұл
технологиямен жұмыс жасамаған көптеген жас ұстаздарға қиынға соқты. Сол кезде Сәуле
Советқызы көмекке келді. Тәжірибелі ұстаздың талмай түсіндіруінен кейін, біздерге бәрі
тайға таңба басқандай түсінікті болды.
Адал азамат, үлгілі отбасы, жетістікті ғалым-зерттеуші
217
Келесі оқу жылының басында мектеп басшылығы менің пәндік оқу жұмыс
жоспарымның өте сауатты құрастырылғанын атап көрсеткенде, Сәуле Советқызы аса
шаттанып, қатты қуанды, мен де тәлімгер ұстазымның үмітін ақтағаныма іштей риза болдым.
Сәуле Советқызы біздің мектепте талай рет үздік оқытушылардың шеруін бастады. Оны
әріптестерінің арасында осындай құрметке бөленткен, өзінің шығармашылық еңбегі мен
шәкірттерінің қалалық, облыстық олимпиадалардағы жеңістері мен Кіші ғылым академиясы,
Дарын орталықтары болатын. Сәуле Советқызының үлкен табыстарының бірі – жылма-жыл
өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеуде, тарих пәні бойынша шәкірттерінің жоғарғы
көрсеткіштерге жетіп, мектеп абыройын көтеруі болатын. Осы тұрғыдан алғанда, ұлағатты
ұстазы Сәуле Советқызына жоғарғы оқу орындарына түсіп, мемлекеттік грантқа ие болған
шәкірттері мен ата-аналарының ризашылығы мол болды.
Адам өмірінде ең басты қажет нәрсенің бірі – айналада тілекші жандардың көп болып,
жабырқаған сәтте, қуанған кезде жаныңа жалау болғаны деп ойлаймын. Сәуле Советқызы
кездескен кездерде менің барлық жақындарымды түгел сұрап, әсіресе, жолдасым
Кенжетайды тура өзінің туған бауырындай жақсы көріп, тілегін тілеп отыратын. Үлкен
қызымыз Әйгерімнің ұзатылу тойына Беркін аға екеуі қатысып, біздің отбасымыздың
ұйғарымымен, асаба ел азаматы ретінде Беркін ағаға бата беру рәсімін тапсырған кезде,
біздің білдірген сенімімізге риза болған Сәуле апамның қуаныштан көзіне жас алғанына
бүкіл тойшы қауым куә болды.
Жүрегі өте кең, қасында жүрген адамдардың қуанышын, бақытын, жақсылығын өзінің
табысындай көре білетін Сәуле Советқызы бәрімізге асыл жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз
ретінде үлгі – өнеге бола білді.
Достарыңызбен бөлісу: |