Тарихипоэтика салыстырмалы-тарихи әдебиеттануға сүйене отырып,
жекелеген поэтикалық тәсiлдер мен олардың қалыптасқан жүйесiнiң даму жолын қарастырады. Соған сәйкес, ол түрлi халықтар мәдениетiндегi
поэтикалық жүйелерге ортақ белгiлердi анықтап, олардың генетикалық жағынан ортақ бастауларын немесе типологиялық тұрғыдан оларды өзара
сабақтастырып тұрған адам санасының заңдылықтарын танып-бiлуге бағыт
ұстайды. Сөз өнерiнiң ең көне түрi болып табылатын ауыз әдебиетi тарихи
поэтика үшiн негiзгi материал болып табылады. Себебi – ауыз әдебиетiне
тереңдей бойлау арқылы жекелеген образдардың, стилистикалық
айшықтаулар мен өлең өлшемдерiнiң даму барысын қадым замандардан
бастап жете зерделеуге болады. Тарихи поэтиканың басты мәселесi – жанр.
Бұл тұста жанр мәселесiн кең ауқымда, яғни жеке көркем шығармадан
бастап, “европалық махаббат элегиясы”, “классицистiк трагедия”,
“психологиялық роман”, т.с.с. алуан түрлi мағынасында бiрдей түсiнген
абзал. Жанр мен жанрды бөлiп тұратын шектеулi түсiнiктердiң кей
кезеңдерде өзгерiске ұшырап тұратыны да бар. Тiптi бiр дәуiрде әдебиетке
мүлде жат саналған жәйттердiң келесi бiр дәуiрлерде әдебиеттiң құрамдас
бөлшегiне айналып жататын сәттерi де аз емес. Мiне, әдебиетке байланысты
осындай сан түрлi өзгерiстердiң қай-қайсы да тарихи поэтика еншiсiнде.
Дәстүрлi нормативтi поэтикада жанрлар табиғи қалыптасқан жалпы жүйе
ретiнде қарастырылған болатын.
Сұрақ. Демек, “әдебиеттанудың саласы болып табылатын поэтика тiлдiк
құралдарға сүйене отырып, көркем туындының мазмұнын құрайтын мәтiн
бөлшектерiн жан-жақты зерттейдi. Сонымен бiрге әдеби тектер мен
жанрлардың, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдiстердiң
ерекшелiктерiн, даму тарихын және көркемдiк тұтастықтың түрлi деңгейлерi
арасындағы байланыстардың iшкi заңдылықтарын қарастырады” деп
қысқаша тұжырым жасасақ, жаңылыспайтын шығармыз?..